​ОСЫ жағдайларда СПОРТпен айналысу ҚАУІПТІ

0
171

Мына 6 жағдайда өзіңізді қинап жаттығу жасауға мәжбүрлеуге болмайды.


​ОСЫ жағдайларда СПОРТпен айналысу ҚАУІПТІ

көрнекілік үшін сурет: sun9-81.userapi.com

Егер фитнес-клуб абонементін алған немесе күнделікті физикалық белсенділікті өмір салтына қосқан болсаңыз, ендігі жерде осы темптен айрылып қалмау маңызды. Сіз қалаған нәтижеге араға уақыт салып жасалған үлкен қадамдар емес, үздіксіз жасалған кішкентай қадамдар ғана жеткізеді. Сондықтан сыныққа сылтау іздеп жаттығудан қала беруге болмайды.

Ал мына 6 жағдайда өзіңізді қинап жаттығу жасауға мәжбүрлеуге болмайды.


Ұйқыңыз қанбаса...

Сіз кеш ұйықтадыңыз, ұйықтай алмай ұзақ уақыт қиналдыңыз немесе түнде оянып кетіп, қайта көз іле алмай қалдыңыз. Әйтеуір таңертең тұрғанда өзіңізді демалған адам сияқты емес, керісінше, шаршаңқы сезінесіз.

Мұндай кезде өзіңізді жаттығуға желкелеп апармай, ұйқыны қандырып алған жөн. Ұйқы физикалық жаттығулардан көрі маңызды. Оны құрбан ете отырып жаттыққаннан еш пайда болмауы мүмкін.


Жаттығудан кейін денеңіз ауырып тұрса...

Кеше ғана өзіңізді қуатты, сергек сезініп, күндегіден көп, белсенді жаттығып едіңіз. Бүгін бұлшықеттеріңіз соның артық болғанын «айтып» тұр ма? Немесе физикалық белсенділікті ұзақ үзілістен кейін қайта қолға алдыңыз, ал денеңіз бос жүргенге үйреніп қалыпты.

Мұндай жағдайда бұлшықеттің дабылын елемей, ауырғанына қарамастан қинау дұрыс болмайды. Қайтадан қысқамерзімді үзіліс жариялап, жылы ванна қабылдау арқылы бұлшықеттерді босаңсытқан жөн. Егер спортқа деген құштарлығыңыз сөнбей тұрса, жеңіл керіліп-созылу жаттығуын жасауға болады.


Артық тамақтанып, аса тойып тұрсаңыз...

Бірнеше сағат бойы аш жүріп, тура жаттығу алдында тыңқиып алдыңыз ба? Тағы да өзіңізді жаттығуға кірісіп кетуден тоқтатыңыз.

«Бұл кезде неге болмайды?» десеңіз, тамақтан кейін асқазанды тыныштандыру үшін демалған дұрыс. Қарқынды қимыл кезінде тамақ баяу өңделеді. Тамақ толып тұрған асқазанда жаттығу кезінде ауырлық сезімі пайда болады. Ентігу, жүрек айнуы орын алады. Сондықтан күн тәртібін түзгенде толыққанды тамақтану мен жаттығудың арасына уақыт салу керек. жаттығу алдында тек жеңіл жүрек жалғауға болады. Жаттығудан 3–4 сағат бұрын тамақтануға, ал 1–3 сағат бұрын тек жеңіл-желпі жүрек жалғауға рұқсат.


Жұқпалы ауру белгілері байқалса...

Тамағыңыз жыбырлап, мұрныңыз қышып не су ағып, денеңіз қалтырап, т.б. суық тию, жұқпалы аурулар белгісі байқалса, ағзаға жаттығумен одан әрі ауырлық түсірмеңіз.

Мұндай қалыпта ағза әлсіз болады. Оның бар энергиясы вирус-инфекциямен күресуге, өзін қалпына келтіруге бағытталады. Мұндайда ағзаға жаттығу емес, демалу, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, көңіл-күйді көтеріңкі ұстау, өзіңді шаршатпау сияқты көмектер керек.


Алкогольге масаңдық тарқамаса...

Кеше алкогольден асыра сілтеп қойдыңыз, ал бүгін басыңыз сынып, асқазаныңыз ештеңені жақтырмай тұр ма? он\лай болса, дәл қазір ағзаңыз спортты да жақсы көре қоймайды.

Денеңіз алкоголь әсерінен әлсіреген, ал спортпен айналысу жағдайды одан ары қиындатады. Әдетте маскүнемдік белгілері толық өтуі үшін 24 сағат қажет. Күтіңіз, тынығыңыз.


Денедегі ауырсыну

Беліңіз немесе басқа бір жеріңіз жиі ауырып тұра ма? Не жанға батып шыдатпай ауырмайды, не жоқ боп жазылып кетпейді. Мұндай ауырсыну сезімін көбіміз елемеуге бейімбіз.

Бірақ, шын мәнінде осындай білінер-білінбес ауырсыну сезімі ұзаққа созылса, денсаулықты сақтауды спорттан емес, дәрігерге тексерілуден бастау керек. Себебін анықтап, ем-дом жасамау, физикалық белсенділікпен ағзаға жүктеме түсірудің соңы ауыр салдарларға апаруы мүмкін.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЫДЫС ЖУҒАНДА БАЛЕРИНА БОЛ: Үй шаруаларын фитнеске айналдырудың 5 айласы