​Осы 10 СҰРАҚҚА бірден ӨТІРІК жауап беріңіз

0
496


​Осы 10 СҰРАҚҚА бірден ӨТІРІК жауап беріңіз

Сурет: ЖИ

Бала кезімізден өтірік айтпауға үйреткен. «Өтірік айту – үлкен күнә, ұят нәрсе» деп бөгет орнатқан. Сондықтан кез келген сұраққа бірден жалған жауап айту көпшілікке оңай тие қоймайды. Іштей бір ыңғайсыздық, кінәлі сезім пайда болады.

Бірақ өмірде қауіпсіздік үшін, жеке шекараңды әрі тыныштығыңды қорғау үшін өтірік айтуға тура келетін сәттер жиі болады. Төмендегі сұрақтарға қажет деп санасаңыз, ойланбастан, еш қысылмай-ақ өтірік жауап бере аласыз.


1.«Осы жерде тұрасыз ба?»

Бейтаныс не шала таныс адамнан қойылса. Айталық, таксиде жүргізушімен еркін әңгімелесіп отырсыз. Ол келіп тоқтаған соң: «Осы жерде тұрасыз ба?» деп сұрайды. Немесе аялдамада тұрсыз, біреу жай әңгіме бастап: «Үйге қайтып барасыз ба?» дейді.

Мұндай жағдайда жауабыңыз дайын болуы керек: «Жоқ, достарыма қонаққа келдім, олар мені күтіп алатын болып келіскен».

Кім көрінгенге мекенжайыңызды білу міндетті емес. Бұл зиянсыз сияқты көрінуі мүмкін, бірінші сталкерге кезіккенше ғана. Бейтаныс адамдарға тұратын жеріңізді айтуға ешқандай себеп жоқ.

Бұл ереже балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты. Ересек адам өзін қорғай алатынына сенімді болуы мүмкін. Бірақ бұл да бірінші теріс ниеттіге дейін ғана.


2. «Жігітің бар ма?»

Егер сіз қыз болсаңыз және танысқыңыз келмесе. Әрине, танысып, жақынырақ білісіп жатсаңыздар, туыстардың арасында отырсаңыз немесе сізге ұнайтын адам сұраса, өтірік айтудың еш қажеті жоқ. Бірақ қоғамдық орында, көшеде, таксиде кетіп бара жатсаңыз немесе подъезіңізге көшіп келген көрші жабыса кетіп сұраса, тайсалмай өтірік айта беруге болады. Тиісуді, мазалауын доғарсын десеңіз, кейде жалғыз жол – осы.


3. «Мұнда таныстарыңыз бар ма?»

Таныс емес қалаға немесе елге іссапармен, саяхаттап, басқа да себептермен жолаушылап келсеңіз, осы сұраққа дайын болыңыз. Алдыңыздан көп шығады. Жаңадан танысқан, сіздің басқа жақтан келгеніңізді білген кез келген адам сұрауы мүмкін. Оған үнемі өтірік айту да шарт емес. Бірақ кез келген түсініксіз, сенімсіз жағдайда дұрысы – сол. Әсіресе қылмыс ахуалы мәз емес және полиция бұл мәселеге аса бас ауырта бермейтін аймақта болсаңыз.

Жалғыз жүрген адам қашанда осалдау. Жоғалып кетсе, оны бірден іздей қоймайды. Оған ешкім тез арада көмекке келе алмайды. Әрі жанында міндетті түрде ақшасы болатыны анық. Демек, оған бірдеңе ішкізіп ұйықтатып тастау, алып қашу, тонау және тағы басқа әрекеттер жасау әлдеқайда оңай.

Сондықтан көп жағдайда танысыңыз, туысыңыз, достарыңыз барын аңғартқан абзал. Сәл кешіксеңіз, уайымдап, іздей бастайтын айтып қойған артық болмайды.


4. «Мекенжайыңыз қандай?»

Бірдеңеге тапсырыс беріп, курьерді асыға күтіп отырсаңыз, бір жөн. Дегенмен әдетте оған бағыт белгілі болады. Ал таныс емес жеткізу қызметінен қоңырау шалып, біреу сізге сыйлық жіберді деп, мекенжайды нақтылап жатса – мүлде басқа жағдай. Кейде мекенжайды білдіртпей анықтағысы келгендер осылай істейді. Дүкеннен жеткізу қызметімен қандай да бір затқа тапсырыс береді. Дүкен алушыға қоңырау шалып, координатын сұрайды. Кейін тапсырыс беруші дүкеннен мекенжайды біліп алады.

Жеткізу қызметінен түскен әр қоңырауды алаяқтық деп қабылдаудың қажеті жоқ. Десе де, курьерден зат алу үшін әрдайым жақын маңдағы адам көп жүретін жерде жолыққан қауіпсіздеу.


5. «Қарыз бере тұрасың ба?»

Қарыз сұраушы сенім тудырмаса немесе бұған дейін талай рет жерге қаратып кетсе, сыпайы бас тартып, бірдеңе түсіндіруге тырыспай-ақ қойған дұрыс. Егер жай ғана «Бере алмаймын» десеңіз, ол адам сізді үгіттей бастауы, аяушылыққа басуы, «Бұл жолы міндетті түрде қайтарамын» деп уәдені үйіп-төгуі мүмкін. «Ренжіме, жоқ», «Өзіме керек боп қалады», «Жинағымды бұзғым келмейді» деген сияқты жауаптарды қабылдай алмайтындар көп. Жата кеп ренжиді, басқаларға жамандай жөнеледі.

Тынышы – неге бере алмайтыныңызға салмақты себеп ойлап табу. Жай ғана өтірік айтыңыз да, уақытыңыз бен жүйкеңізді үнемдеңіз. «Кеше ғана құбыр жарылды, бар ақшам соны жөндетуге кетті», «Қымбат әшекей тапсырыс бердім, соған алдын ала төлеп қойып едім», «Бір апта ауырып, әрең басымды көтердім, ішпеген дәрім қалмады, ақшаның бәрі соған кетті», «Қап, кеше ғана несие жауып қойып едім» деген сияқты сендірерліктей жауап болсын. Артынан «Өзіме де ақша керек боп, кімнен сұрарымды білмей отыр едім» деп қоссаңыз, әңгіме тіпті қысқарады. Осы кеңесті айтуда әзілдеп отырғандай көрінерміз. Алайда, қазіргі нарықтық жағдай мен адамдардың психологиясын ескерсек, айлаға барудың айыбы жоқ секілді.


6. «Жаңа жұмыс іздеп жүрсің бе?»

Бос жұмыс орындарын қарастырып,не түйіндеме толтырып отырған жеріңізден ұсталып қалсаңыз, «бәсекелестерді зерттеп отырдым» деп өтірік айтуға болады. Ескі жұмыстан шықпай жатып жаңа жұмыс іздеу көбіне әріптестер арасында, басшылық алдында сатқындық деп қабылданады. Зейнетке шыққанша бір компанияда істеуге міндетті еместігіңізді, бір орыннан екінші орынға ауысу – мансаптық өсудің жолы екенін біреулер түсінер. Енді біреулер мұны сатқындықтай қабылдап, бүйректен сирақ шығарып, түрлі кедергі келтіре бастайды. Қайсына тап боларыңызды тексеріп көрудің қажеті жоқ.


7. «Бес жылдан кейін өзіңізді кім ретінде көресіз?»

Мұндай сұрақ, әдетте, жұмыс орнына сұхбаттасу кезінде қойылады. Кез келген компания жақсы маман тауып, оны мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалғысы келеді. Қызметкердің кетуі мен жаңа адам іздеу әлегімен әреленбеу үшін. Сондықтан бұл сұрақтың жалғыз дұрыс жауабы бар: «Бес жылдан кейін мен өзімді осы компанияның қызметкері ретінде көремін. Осы жылдар ішінде еңбегін сіңірген, дамыған, компанияға елеулі пайда әкелген және маман ретінде өскен...» Осы тұста мансап баспалдағы туралы айтудан абай болыңыз. Сізбен сұхбат жүргізіп отырған адам өзінің орнына көз тігіп отыр деп қабылдап, ұнатпай қалуы мүмкін.


8. «Үйде жалғызсың ба?»

Бұл сұрақ қауіпсіздік тұрғысынан алдыңғылардың тікелей жалғасы. Бейтаныс нөмірден, домофоннан немесе есік қаққанда қойылса, жалғыз екеніңізді ешқашан растамаңыз. Үйде бірнеше адам бар екенін білдіру кез келген артық әрекеттің алдын алатын қарапайым қорғаныс.


9. «Қанша табасың?»

Жаңа таныстардан, алыс туыстардан немесе жай ғана өсек-аяңға құмар адамдардан жиі естілетін сұрақ. Табысыңызды айту көп жағдайда салыстыруға, қызғанышқа немесе қарыз сұрауларға әкеледі. Мұндайда нақты сан айтпай, «Өзіме жетеді, шүкір» немесе «Ай сайын әртүрлі түседі, тұрақты емес» деп сыпайы бұлтаруға болады. Ешкімге әмияныңызда көрсетуге міндетті емессіз.


10. «Жоспарың қандай?»

Демалыс, мерекеге жоспарыңызды немесе бос уақытыңызды сұрағанда, кейбір адамдар өз жоспарын сізге таңғысы келеді, себепсіз қонаққа келуге, бір жаққа ерте кетуге бейім тұрады. Тыныш демалуды немесе уақытыңызды ешкімнің ықпалынсыз өткізуді қаласаңыз, «білмеймін, белгісіз, бос уақытым жоқ» дегендей жауаппен жалтарудың еш әбестігі жоқ.

Шындықты айту – жақсы қасиет. Бірақ ол әрқашан қауіпсіздігіңіз бен жан тыныштығыңызды құрбан ету деген сөз емес. Өмірде өз шекараңды қорғау, артық әңгімеге нүкте қою және жағдайды ушықтырмау үшін айтылған зиянсыз өтірік – ақылды сақтық. Кімге, қай жерде және қаншалықты ашылу керегін өзіңіз шешесіз. Сондықтан өз тыныштығыңызды сақтау үшін қажет жерде жасырып, сенімді түрде жалған айтудан қысылмаңыз.

Аударған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛАҒА ҮЙРЕТІҢІЗ: Бейтаныс ересек адамның қандай өтінішін орындамау керек?

«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ»: 15 кітапты оңай оқудың жолдары