ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗды дұрыс түсіндіріп жүрсіз бе?

0
280

Перзентті парыз деген не? Әр ата-ана, ұл-қыз оқуы тиіс!


ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗды дұрыс түсіндіріп жүрсіз бе?

Фото: ЖИ

Біз бала кезімізден «Ата-анаңа мәңгілік қарыздарсың», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да оның ақ сүтін өтей алмайсың», «Ата-анаңның үмітін ақтау – перзенттік парызың», «Біз сен үшін бәрін жасадық, қартайғанда бізді бағасың»...

Бала кезімізден құлағымызға сіңіп өскен осы сөздердің бәрі бізді ата-ананы құрметтеуге, қадірлеуге, олардың еңбегін бағалауға тәрбиелейді. Алайда кейде осы түсінік баланың санасына байқатпай ауыр жүк болып жиналады, кінә сезімін таңады. Соның салдарынан кейбір адам өз қалауын алуға ұялады, ата-анасының көңілінен шығу үшін жеке армандарынан бас тартады, тіпті есейіп, өз алдына отбасы құрса да, өмірлік шешімдерін әке-шешесінің мақұлдауынсыз қабылдай алмайды, өзі қаламаған мамандықты таңдайды. Енді біреулер сүймейтін адамымен отбасын құрады. Кейбірі өз арманын кейінге ысырып, тапқан табысын түгелдей ата-анасының қажетіне жұмсайды.

Мұндай адамдар ата-анасына «Жоқ» десе жаман перзент атанатындай, өзіне ақша жұмсаса ата-анасына жасаған жақсылығын ұмытқандай сезінеді. Әке-шешесі ескі үйде тұрып жатса, өзіне жаңа үй алуға рұқсат бере алмайды. Солай тіпті бүкіл ғұмырын ата-анасына арнайтындар да бар.

Перзенттік парыз деген осы ма? Ата-ана алдындағы қарызды өтеу – өз өміріңді құрбан ету ме? Ата-ананың еңбегі мен ақ сүтін өтеудің өлшемі бар ма? Өз қалауыңмен өмір сүру ата-анаға деген құрметсіздік болып санала ма?

Осыларды бала дұрыс түсіну үшін ата-ана перзентіне кішкентайынан бастап мынадай маңызды ойларды айтып, оның бойында перзенттік парыз туралы дұрыс түсінік қалыптастырғаны жөн.


1.Көмектесу мен өзіңді құрбан етудің ара-жігін ажырата біл!

Ата-анаңа қаржылай немесе тұрмыстық көмек көрсету – жақсы қасиет. Бірақ ол денсаулығыңды құртуға, болашағыңды ойламауға, өз отбасыңның қажеттіліктерін елемеуге ұласпауы керек. Көмектің көлемі сенің нақты мүмкіндігіңе сай, ақылға қонымды шегі болғаны дұрыс.

Есіңде болсын, олардың саған жасаған ең үлкен жақсылығын бағалаудың басты жолы – өз денсаулығыңа, өміріңе жауапкершілікпен қарау. Нақтырақ айтсақ, өз өміріңе жауапкершілікпен қарау деген – өзіңе уақыт бөлу, білім алу, әдемі киініп жүру, демалу, саяхаттау, арманыңдағы жұмыспен айналысу, өмірден өз орныңды тауып бақытты болу. Ата-анамен эмоционалдық байланысты сақтай отырып, өз көзқарасы, таңдауы, жауапкершілігі бар жеке тұлға ретінде қалыптасу. Шын мәнінде, ата-ана перзентінен осыны қалайды, бірақ кеш түсінуі мүмкін.

Мысал: Айша – отбасындағы тұңғыш перзент. Кішкентайынан ата-анасына қолғабыс етіп, үйдің шаруасын дөңгелетіп өскен. Студент кезінен бастап-ақ ата-анасына көмектесуді өзінің басты міндеті санады. Стипендиясын түгелдейдерлік үйіне жіберіп, өзі супермаркетте түнгі ауысымда жұмыс істеді. Осылай өз шығындарын өзі жауып жүреді. Кейде сабаққа ұйқылы-ояу келіп, қатарластарымен бірге киноға баруға, демалуға, өзіне ұнайтын киім алуға да мүмкіндік таппайтын. «Қазір ата-анама көмектесейін, кейін өзіме де кезек келер» деп ойлайтын.

Университетті бітіріп, жұмысқа орналасқан соң да жағдай өзгермеді. Тұрмысқа шыққаннан кейін де айлығының бір бөлігін әке-шешесіне аударып отырды. Өзінің отбасылық бюджеті, күйеуінің, балаларының қажеттілігі болса да, ата-анасының өтінішін бірінші орынға қоятын. Кейде өзіне жаңа көйлек алғысы келсе де, «Осы ақшаға анама жаңа сөмке, әкемнің көлігіне қыстық доңғалақ әперіп қуантайыншы» деп райынан қайтатын. Демалыс күндері кейде ауылына барып, ата-анасының үйін жинап, кір-қоңын жуып қайтатын…

Уақыт өте келе қаржылық қиындықтар көбейіп, күйеуімен арада түсініспеушілік туындай бастады. Өзі омырауынан ісік табылып, операция жасатады. Ауруханаға келген анасы қызының жүдеп кеткенін көріп: «Қызым, бізге көмектесемін деп өзіңді ұмытып кеткен жоқсың ба? Сенің де отбасың, өз жеке өмірің, балаларың бар. Өздерің әлі жалдамалы пәтерде тұрасыңдар. Бізге сенің өзіңді құрбан еткенің емес, бақытты, денің сау болғаның керек», - деді.

Анасының осы сөзі Айшаға қатты әсер етті. Ол осы уақытқа дейін ата-анасына көмектесуді перзенттік парыз деп түсініп, өз қажеттіліктерін кейінге ысырып келгенін ұқты. Ата-анасына жасаған жақсылығы өз отбасындағы тыныштық пен өзінің денсаулығына зиян келтірмеуі керектігін енді ғана түсінді.

Психолог кеңесі: Ата-анаңа деген алғысыңды өзіңді бақытсыз ету арқылы дәлелдеудің қажеті жоқ. Өзіңнің бақытты болуың, әдемі киінуің, жаңа көлік мінуің, өзіңе сыйлық жасауың ата-анаңды жақсы көрмейтініңді білдірмейді. Оларға көмектесу үшін өз қажеттіліктеріңнен түгелдей бас тартудың қажеті жоқ. Алдымен өзіңнің денсаулығыңды, отбасыңды, қаржылық жағдайыңды ретке келтір. Өйткені ата-анаңа ұзақ мерзімді көмек көрсете алу үшін өзіңнің де жағдайың тұрақты болуы керек. Сондықтан алдымен өз табысыңды тұрақтандыр, кәсіби қабілетіңді дамыт, қаржылық сауаттылығыңды арттыр, отбасы құр. Ең бастысы – көмектесу мүмкіндігіңді өз шамаңа қарай анықта.


2. Кеңес сұрау мен рұқсат сұраудың айырмасын түсін!

Адам есейген сайын оның өмірінде жаңа жауапкершіліктер пайда болады. Ол жеке отбасын құрады, балалы болады, жұмыс істейді, өз алдына мақсат қояды. Бірақ кейбір адамдар ата-анасынан психологиялық тұрғыдан ажырай алмайды. Әрбір шешімін, қадамын солармен келіседі. Тіпті жұбайымен болған мәселені де алдымен ата-анасына жеткізеді. Ата-анасының пікірінсіз шешім қабылдауға қорқады. Бұл адамның алға басуына, өзін тануына, бақытты болуына кедергі келтіреді.

Өмірлік таңдауың үшін жауапкершілікті өзің ал. Мамандық, жар таңдау, тұрғылықты жер, бала тәрбиесі сияқты мәселелерде ата-ананың ақылын тыңдау маңызды. Бірақ соңғы шешім өз өміріңе тікелей әсер ететіндіктен, оны өзің қабылдауың керек.

Мамандық, жар және өз отбасыңа, балаларыңа қатысты шешімді қабылдарда өзіңді кінәлі сезінбеуің керек. Кәнілі сезіммен астасқан ойлар адамның өз қажеттіліктерін, өз өсірін екінші орынға ысыруына әкеледі. Психологияда мұны кінә арқылы басқарылу немесе жеке шекараның әлсіздігімен байланыстырады.

Мысал: Анасы Баянға: «Мен сені оқыту үшін екі жерде жұмыс істедім. Ал сен бізді ойламайсың», - деп жиі айтады. Баян анасының қалауын, өтінішін орындау үшін күйеуінен, ата-енесінен талай рет ұрыс естісе де бұл әдетін қоймайды. Күйеуі туған күнінде сыйлық ретінде Турцияда отбасылық демалыс ұйымдастырады. Тіпті билет те алып қояды. Бірақ Баян анасына айтқан кезде, шешесі «Мына жақта мен ініңнің тойының кредитін әлі жаба алмай жүрмін. Ал сендер қыдырып демаласыңдар. Одан да маған ақша берсеңдерші» деп ренжиді. Баян өзін кінәлі сезініп, саяхаттан бас тартады. Күйеуі ашуланып, балаларын алып өзі саяхатқа кетеді...

Бұл жерде қызының анасын жақсы көруі мен оның әрбір көңіл күйіне жауапты болуының арасында айырмашылық бар. Сондай-ақ кеңес сұрау мен рұқсат сұрауды да шатастырып алғаны байқалады. Осыны Баян түсінуі қажет.

Психолог кеңесі: Ата-ананың көңілін аулауға тырысу, олармен кеңесу жақсы қасиет. Бірақ олардың барлық ренішін, қорқынышын, өкінішін, мәселелерін өз мойныңа алу міндетің емес.

Әке-шешеңнің қалауын орындамақ болғанда «Мен бұл әрекетті ата-анамды жақсы көргендіктен жасап жатырмын ба, әлде олар ренжіп қалмасын деп қорыққандықтан жасап жатырмын ба?» деп, өзіңе сұрақ қой. Осы екі сезімнің айырмашылығын түсіну – ішкі еркіндікке бастайтын алғашқы қадам. Есіңде ұста: Ата-анаңды құрметте, хабарласып тұр, жағдайын сұра, қолыңнан келгенше көмектес. Бірақ өз отбасыңның алдындағы жауапкершілікті бірінші орынға қой. Өйткені ата-анаң – сенің өміріңдегі ең қымбат адамдардың бірі, ал өз отбасың – сенің күнделікті жауапкершілігің. Перзенттік парыз – кінә сезімімен емес, сүйіспеншілікпен орындалуы керек.


3. Алғыс айтуды қарыз өтеумен шатастырма!

Ата-анаңның саған жасаған жақсылығын бағалау үшін өмір бойы өзіңді міндетті сезініп жүруің қажет емес. Оларға жылы сөз айту, уақыт бөлу, жағдайын сұрау, жанынан табылу да – үлкен қамқорлық. Сондай-ақ бүгінде зейнеткерлердің бәрі тегін шипажайға бара алады, соған құжаттарын жинап реттеп беру, ауырып қалса емханаға ертіп апару да – перзенттік сүйіспеншілік. Ал перзенттік сүйіспеншілік есеп-қисаппен өлшенбейді. Есіңде болсын, өмірді мағыналы әрі бақытты сүру - ата-анаға деген ең шынайы алғыс.

Иә-иә, нағыз перзенттік парыз – ата-анаңның берген өмірін қадірлеп, өз жолыңды табу. Оны өкінішпен, қорқыныш пен кінәнің ішінде өткізу емес, мәнмен, жауапкершілікпен, жүрек қалауымен өмір сүру сол сыйды ең терең құрметтеудің жолы.

Сондай-ақ бақытты, өзін тапқан, өз ісінің иесі болған бала – ата-ана үшін ең үлкен қуаныш екенін әркез есте ұстауың керек. Ата-анаңның саған берген тәрбиесі мен еңбегі үшін алғыс айта отырып, өз өміріңді дұрыс сүру арқылы да олардың алдындағы парызыңды өтеген боласың.

Әрдайым жадыңда ұсташы, ата-анаң сенің бақытты болғаныңды қалайды. Бірақ бақыттың қандай болатынын сенің орныңа ешкім анықтай алмайды.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қиындықты жеңетін «ҮШ ЖАҚСЫ» ережесі

ӘКЕ мен ҚЫЗЫНЫҢ арасында сақталуы тиіс 6 ереже