Таразда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері актриса әрі продюсер Дариға Бадықова мен “Соңыра” фильмінің түсірілім тобын сап түзеп қарсы алды.
Фото: Gov.kz
ERNUR.KZ. Кездесудің видеосы желіде тараған соң, қолданушылар мұндай салтанатты қарсы алуға құтқарушылар мен арнайы техника не үшін жұмылдырылғанын сұрап, сынға алды, деп жазады stan.kz.
Тараздағы MART сауда орталығында “Соңыра” фильмінің көрсетілімі өтіп, көрермендер түсірілім тобымен кездесті. Іс-шараға Жамбыл облысының ТЖД қызметкерлері де қатысып, кинотеатр фойесінде құтқарушылардың жұмысын таныстыратын көрме ұйымдастырды.
Кездесуден түсірілген видео “Соңыра” фильмінің Instagram парақшасында жарияланды. Кадрларда қызметтік киімдегі мамандардың сап түзеп, Дариға Бадықова мен шығармашылық топты қарсы алғаны көрінеді. Видеодан арнайы техниканы да байқауға болады.
Желі қолданушыларының бір бөлігі актрисаны “генералдай күтіп алды” деп жазды. Кейбірі фильмнің таныстырылымына келген шығармашылық топты осындай салтанатпен қарсы алудың қажеті қанша деп сұрады.
“Мыналардың басқа шаруасы жоқ па? Ұят емес пе? Қызметтік тексеру талап етеміз”, “Актерлерді күтуден басқа жұмыстарың жоқ па?”, – деп жазды олар.
Жамбыл облысы ТЖД-сының баспасөз қызметі шара құтқарушылардың жұмысын көпшілікке таныстыру және олардың қоғамдағы беделін арттыру үшін ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Департаменттің ақпаратына сүйенсек, қызметкерлердің кездесуге қатысуы бөлімшелердің жедел әзірлігіне әсер етпеген.
“Қызметкерлердің іс-шараға қатысуы бөлімшелердің жедел әзірлігіне ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. Жеке құрам мен арнайы техника негізгі қызметтік міндеттерді орындаудан алаңдатылған жоқ”, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
“Соңыра” – өртсөндірушілер мен құтқарушылардың өмірі туралы драма. Басты рөлдерді Дариға Бадықова мен Олжас Абай сомдаған. Фильм Қазақстан кинотеатрларында 19 қарашадан бастап көрсетіле бастады.


