Көліктен шыққан дұрыс па, әлде ішінде қалған қауіпсіз бе?
фото: ЖИ
Қыс мезгілі жүргізушілер үшін тайғақ жол мен көктайғақтың қиындығын ғана емес, аяқ астынан соққан қарлы боранның да қаупін ала келеді. Бір сәтте пайда болатын ақ түтек жолды көрсетпей, көліктің қозғалысын тоқтатуы мүмкін. Ал тасжолдың ортасында немесе елді мекеннен жырақта қалып қойған жүргізуші үшін бұл жайсыздық қана емес, өміріне төнген қауіпке айналуы ықтимал.
Қазақ даласының қысы мінезді. Бірде жай ғана қар жауса, енді бірде екпіні қатты боран жолды басып қалады. Әсіресе қалааралық бағыттарда жүрген жүргізушілер үшін мұндай ауа райы үлкен сынақ. Қардың қалың түсуі, көріну қашықтығының төмендеуі, жолдың жабылуы – мұның бәрі көлікте қалып қою қаупін арттырады.
Көпшілік мұндай жағдайда ең алдымен көліктен түсіп, жақын маңдағы елді мекенге жетуге асығады. Алайда бұл – ең қауіпті шешімдердің бірі болуы мүмкін. Себебі боран кезінде бағыттан жаңылу, жолды көрмей қалу және дененің жылдам тоңуы адам өміріне қатер төндіреді.
Көліктен шыққан дұрыс па, әлде ішінде қалған қауіпсіз бе?
Төтенше жағдай мамандарының ескертулеріне сүйенсек, егер көлік жолдан шығып кетпей, айналадағы басқа көліктердің соғу қаупі болмаса, көлік ішінде қалған дұрыс. Автокөлік жел мен аяздан уақытша қорған бола алады.
Ең алдымен, көлікті мүмкіндігінше жол жиегіне қауіпсіз орналастырып, апаттық жарық шамдарын қосу қажет. Бірақ қар басып қалған көлікке басқа жүргізушілер соғылуы мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Сондықтан көліктің көрінуін қамтамасыз ету маңызды.
Егер телефон байланысы болса, 112 нөміріне хабарласып, нақты орналасқан жеріңізді, көліктің маркасы мен түсін, ішіндегі адамдар санын және жағдайыңызды хабарлаңыз. Телефонның қуатын үнемдеп, қажетсіз қоңыраулар мен қосымшаларды шектеңіз.
Көзге көрінбейтін қауіп – көміртек тотығы
Қарлы боранда көлікте қалған адам үшін тағы бір үлкен қауіп бар. Ол – көміртек тотығы, яғни иіссіз әрі түссіз газ. Қар қозғалтқыштың түтін шығару құбырын бітеп қалса, пайдаланылған газ көлік салонына тарауы мүмкін. Бұл адамды уландырып, тіпті өлімге әкелуі ықтимал.
Сондықтан қозғалтқышты іске қосар алдында түтін шығару құбырының қармен бітелмегеніне көз жеткізу керек. Қозғалтқышты қыздыру қажет болса, оны мезгіл-мезгіл ғана қосып, құбырдың ашық екенін қайта-қайта тексерген жөн. Терезені аздап ашу қауіптің алдын алуға көмектеседі, бірақ бұл бітелген құбырдан туындайтын қауіпті жоймайды. Бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, әлсіздік байқалса, көміртек тотығымен улану мүмкіндігін ескеріп, таза ауаға шығып, шұғыл көмек шақыру қажет.
Көлікте қандай заттар болуы керек?
Көп жүргізуші қысқы маусым басталғанда дөңгелегін ауыстырып, көлігін техникалық тексеруден өткізеді. Алайда төтенше жағдайға арналған заттарды дайындауды ұмытып кетеді. Сондықтан мамандар алыс жолға шыққанда көлікте мынадай заттардың болуын ұсынады:
Жылы көрпе немесе бірнеше қалың киім;
Қосымша қолғап, бас киім және жылы шұлық;
Ыстық су құйылған термос;
Ауызсу мен ұзақ сақталатын тағам;
Қуатталған қуаттағыш құрылғы (Power Bank);
Қолшам және қосымша батарея;
Алғашқы медициналық көмек қобдишасы;
Кішкентай күрек;
Сүйреткіш арқан және аккумуляторды қуат көзіне қосуға арналған сымдар;
Жарық шағылыстыратын кеудеше және белгі беретін құралдар.
Бұл заттар артық жүк болып көрінуі мүмкін. Бірақ боранда бірнеше сағат бойы көмек күткен адам үшін олардың әрқайсысының маңызы зор.
Адамды тоңдыратын тек аяз емес
Көлікте қалып қойған кезде жылуды сақтау – басты міндеттердің бірі. Әсіресе балалар, қарт адамдар мен денсаулығы әлсіз жандар суыққа төзімсіз келеді. Мұндай жағдайда бірнеше қабат киім киіп, мүмкіндігінше қозғалыссыз қатып қалмай, қимылдап отырған дұрыс. Дегенмен адамды терлететін шамадан тыс белсенділік те дененің жылуын жоғалтуына себеп болуы мүмкін. Егер аяқ-қол ұйып, сезімталдық төмендесе, тері бозарып немесе қатты қалтырай бастаса, бұл үсік пен гипотермияның белгісі болуы ықтимал. Мұндайда медициналық көмекке жүгіну қажет.
Боран басталмай тұрып не істеу керек?
Қарлы боранның құрсауында қалмаудың ең тиімді жолы – алдын ала сақтану. Ұзақ сапарға шығар алдында ауа райы болжамын, жолдардың ашық-жабық екенін тексерген жөн. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдар туралы ақпаратты «ҚазАвтоЖолдың» ресми ресурстарынан білуге болады.
Егер дауылды ескерту жарияланып, жол қозғалысына шектеу қойылса, сапарды кейінге қалдырған дұрыс. Өйткені тәжірибелі жүргізушінің өзі табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра алмайды.
Жолға шығарда жақындарыңызға қай бағытпен жүретініңізді және шамамен қай уақытта жететініңізді хабарлаңыз. Телефонды толық қуаттап, жанармайды жеткілікті мөлшерде құйыңыз. Ал жолда боран күшейсе, қауіпсіз жерге тоқтап, ауа райының жақсаруын күткен жөн.
Батылдық емес, сақтық құтқарады
Қарлы боран – жүргізушінің шеберлігін сынайтын жағдай ғана емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін табиғи құбылыс. Мұндай кезде асығыстық таныту, белгісіз бағытқа бет алу немесе жолды өз бетімен жалғастыру орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Ең бастысы – көлікте қалып қойсаңыз, үрейге бой алдырмаңыз. Қауіпсіз жерге тоқтаңыз, құтқару қызметіне хабарласыңыз, жылуды сақтаңыз және көліктің түтін шығару құбырын таза ұстаңыз. Межелі жерге бірнеше сағат кешігіп жету мәселе емес, ең маңыздысы – аман жету.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Қыста әр көлікте болуы тиіс 10 ЗАТ
ҚЫСҚЫ КӨЛІК КҮТІМІ: Жүргізушілер біле бермейтін лайфхактар


