​ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ қалтаңызда: смартфондар енді НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

0
236

Енді смартфон тек адамның бұйрығын орындайтын құрылғы емес.


​ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ қалтаңызда: смартфондар енді НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

фото: siberianhealth.com

Бұрын біз смартфонды ақпарат іздеу, хабарлама жазу, қоңырау шалу, суретке түсіру сынды жұмыстарға қолданатын едік. Ал қазір ол мәтін жазатын, тілді аударатын, суретті өңдейтін, дауысты танитын, тіпті күнделікті шаруаларды жоспарлайтын ақылды көмекшіге айналып келеді. Жасанды интеллект смартфонның мүмкіндігін қаншалықты өзгертті? Болашақта телефон адам үшін тағы қандай жұмыстарды атқара алады?


Телефон – жай ғана байланыс құралы емес

Біз таңертең ояна салысымен телефонға қараймыз. Хабарламаларды тексереміз, ауа райын білеміз, әлеуметтік желіні ақтарамыз. Бірақ қазіргі смартфондардың мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. 2026 жылы жасанды интеллект мобильді технологияның басты бағыттарының біріне айналды.

Енді смартфон тек адамның бұйрығын орындайтын құрылғы емес. Ол сұрақты түсініп, ақпаратты саралап, ұсыныс жасап, кейбір тапсырмаларды бірнеше қадаммен өздігінен орындауға көмектеседі.

Мәселен, бұрын ұзақ мәтінді оқып шығуға бірнеше минут жұмсасақ, қазір жасанды интеллект оның негізгі мазмұнын қысқаша түйіндеп бере алады. Кездесу кезінде айтылған әңгімені мәтінге айналдырып, маңызды тұстарын бөліп көрсетеді. Ал жазған хабарламаңызды ресми, сыпайы немесе еркін стильге өзгертуге көмектеседі.


Бір сурет – бірнеше мүмкіндік

Смартфон камерасы да жаңа деңгейге көтерілді. Бұрын сапалы сурет түсіру үшін жарыққа, ракурсқа, камера баптауларына мән беру қажет еді. Қазір жасанды интеллект кадрдағы нысандарды танып, жарықты реттеп, суреттің сапасын жақсарта алады.

Тіпті фотода кездейсоқ түсіп қалған артық затты алып тастауға, фонды өзгертуге немесе суретке жаңа элемент қосуға болады.

Кейбір смартфондарда суретті өңдеу үшін күрделі бағдарламаларды білудің қажеті де жоқ. Керекті өзгерісті жай ғана сөзбен сипаттасаңыз жеткілікті. Мысалы: «Артқы жақтағы артық заттарды алып таста», «Аспанды ашық түске өзгерт», «Суреттің жарығын жақсарт» деп тапсырма беруге болады.


Аудармашы да, хатшы да, жеке көмекші де бір құрылғыда

Жасанды интеллектінің тағы бір пайдалы мүмкіндігі – тілдік кедергілерді азайту. Кейбір заманауи смартфондар телефонмен сөйлесу кезінде немесе бетпе-бет әңгімеде сөздерді аударуға мүмкіндік береді. Бұл шетелге саяхаттағанда, халықаралық кездесулерде немесе басқа тілде сөйлейтін адаммен байланыс орнатқанда өте пайдалы.

Ал дыбысты мәтінге айналдыру функциясы журналистерге, студенттерге, мұғалімдерге және кеңсе қызметкерлеріне үлкен көмек. Бір сағаттық сұхбатты қайта-қайта тыңдап отырмай-ақ, оның мәтіндік нұсқасын алып, негізгі ойларын жинақтауға болады.

Кейбір ЖИ көмекшілері күнтізбедегі жоспарларды еске салып, хабарламаларға жауап дайындап, қажетті ақпаратты әртүрлі қосымшадан іздеуге де көмектеседі.


Интернет болмаса да «ақылды» бола ма?

Көпшілікті қызықтыратын сұрақтың бірі – жасанды интеллект интернетсіз жұмыс істей ала ма? Иә, кейбір функциялар смартфонның өзінде орындалады. Мұны «On-device AI», яғни құрылғы ішіндегі жасанды интеллект деп атайды. Мұндай технологияда ақпараттың бір бөлігі қашықтағы серверге жіберілмей, тікелей телефонның процессорында өңделеді. Соның арқасында кейбір аудару, мәтінді тану, фотосуретті өңдеу сияқты қызметтер интернетсіз де жұмыс істей береді.

Бұл жылдамдыққа да, жеке деректердің қорғалуына да оң әсерін тигізуі мүмкін. Дегенмен барлық ЖИ функциясы офлайн істемейді, күрделі тапсырмалар үшін интернет пен бұлттық сервистер қажет болуы ықтимал.


Ақылды технологияның «көлеңкелі» тұсы бар ма?

Жасанды интеллект қаншалықты пайдалы болса да, оның қауіпсіздік мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Смартфондағы ЖИ көмекшілері фотосуреттермен, дауыстық жазбалармен, хабарламалармен және басқа да жеке ақпаратпен жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан қандай деректерге рұқсат берілгенін тексеру маңызды.

Тағы бір мәселе – жасанды интеллект ұсынған ақпараттың әрдайым дұрыс бола бермеуі. Кейде ол қате жауап беруі, суретті дұрыс өңдемеуі немесе жалған ақпаратты сенімді түрде ұсынуы мүмкін. Сол себепті ЖИ-ді дайын ақиқат көзі емес, көмекші құрал ретінде пайдаланған жөн.


Смартфонның болашағы қандай?

Бүгінгі технологиялық өзгерістерге қарасақ, болашақта смартфон адамның күнделікті өміріндегі көптеген процесті бір құрылғы арқылы басқаруға мүмкіндік беруі мүмкін. Мәселен, сіз таңертең телефонға: «Бүгінгі жоспарымды реттеп бер» дейсіз. Ол күнтізбеңізді қарап, кездесулерді еске салады, жолға кететін уақытты есептейді, маңызды хаттарды жинақтайды. Ал кешке бір күн ішінде орындалған шаруаларды қорытындылап береді. Бұл –қиял емес. Смартфон өндірушілері дәл осындай контексті түсінетін және бірнеше әрекетті біріктіре алатын ЖИ көмекшілерін дамыту үстінде.

Демек, технологияның келесі кезеңінде смартфонның қанша мегапиксель камерасы немесе қанша гигабайт жады бар екенінен бөлек, оның адамға қаншалықты ақылды көмек көрсете алатыны да маңызды болмақ.


Жасанды интеллект смартфонды жай ғана байланыс құралы болудан арылтып, күнделікті өмірдің цифрлық серігіне айналдырып жатыр. Ең бастысы – оның мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, жеке деректеріміздің қауіпсіздігін ұмытпау. Өйткені болашақтағы ең ақылды смартфон – бәрін өзі істейтін емес, адамның уақытын үнемдеп, өмірін жеңілдететін құрылғы болады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Трамптың «АЛТЫН» смартфоны кімдерді қызықтырады?

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙДІ: ең кішкентай құлаққаптар және таңғаларлық фактілер