Вице-министр азаматтар көтерген мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатынын атап өтті.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында тұрғындармен, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өткен басқосу азаматтардың экологиялық мәселелерге қатысты ұсыныстары мен сауалдарын талқылауға арналды.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, оған оқу орнының оқытушылары мен студенттері де қатысты. Жиында өндіріс орындарынан шығатын қалдықтарды басқару, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, сондай-ақ құрылыс қалдықтарын реттеу мәселелері көтерілді. Тұрғындар экологиялық жағдайды жақсарту бағытында ұсыныстарын жеткізіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Вице-министр азаматтар көтерген мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатынын атап өтті. Сонымен қатар ол «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың экологиялық акцияларға белсенді қатысуы қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды екенін жеткізді.
– Жергілікті халықтың мүддесін қорғайтын шешімдер қабылдау кезінде азаматтардың пікірін ескеру маңызды. Бүгін айтылған мәселелер толық зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданады, – деді Мансұр Ошурбаев.


