Адамдардың көбі әлі күнге дейін тиімсіз, теріге зиян «халықтық әдістерді» қолданады.
Сурет: ЖИ
Жаздың ыстығы шомылуға болатын демалыс орындарына тартып тұрады. Алайда, ол жақта да ауа райы салқын емес. Суға түсіп ыстықты басқанмен, судан шыққанда бәрібір жоғары температураның, Күн көзінің «соққысына» ұшырау қаупінен құтылмайсыз. Жағажайдағы демалыста көптеген жандардың терісі күнге күйіп, ашып, күлдіреп қалады.
- Осындай жағдайда теріге қалай дұрыс күтім жасау керек?
- Күйген жерді қалай салқындатуға болады?
- Күлдіреген көпіршіктер пайда болса, не істеу қажет?
- Қандай жағдайда дәрігерге қаралу міндетті?
Осы сұрақтардың жауабын білу маңызды.
Күнге күюдің қаупі
Күнге күю – бұл жай ғана қызару немесе қараю емес, ультракүлгін сәулелердің әсерінен тері жасушаларының ДНҚ-сы зақымдануы. Балалық немесе жас шақта қатты күйіп қалса, әсіресе көпіршіктер пайда болса, болашақта тері обыры (меланома) қаупін бірнеше есе арттырады.
Күн сәулесі терінің серпімділігіне жауап беретін коллагенді бұзады, бұл ерте риждердің (әжімдердің) пайда болуына әкеледі.
АЛҒАШҚЫ КӨМЕК
- Күн көзінен дереу алыстаңыз. Көлеңкеге, мүмкін болса, ғимарат ішіне кіріңіз. Күйік толық жазылғанша тікелей күн сәулесінен сақтаныңыз немесе күйген жерді киіммен жауып жүріңіз.
- Салқын душ немесе ванна қабылдаңыз. Бұл ауырсынуды жеңілдетуге көмектеседі. Жуынғаннан кейін денені ысқылап сүртпеңіз, жайлап сүлгімен басып-басып қана құрғатыңыз.
- Егер күйік шағын аумақта болса, салқын суға малынған таза мақта матаны 10 минуттай басып қоюға болады. Мұны күніне бірнеше рет қайталаңыз. Алайда мұздай суды немесе мұзды қолданбаңыз, бұл теріні одан әрі зақымдауы мүмкін.
- Қатты ауырсыну болса, ауырсынуды басатын дәрі қабылдаңыз. Мысалы, ибупрофен немесе парацетамол сияқты рецептсіз сатылатын дәрілерді қолдануға болады.
- Көбірек су ішіңіз. Күннің ыстығында ағза қатты терлейді, ал зақымданған тері ылғалды тез жоғалтады. Сондықтан сусызданудың алдын алу үшін күні бойы жеткілікті мөлшерде су ішкен дұрыс.
- Көпіршіктерді жармаңыз. Олар терінің терең қабаттарын микробтардан қорғайды. Егер көпіршік өздігінен жарылып кетсе, теріні жұмсақ тазартқышпен абайлап жуыңыз. Содан кейін антибиотик қосылған жақпа май жағып (мысалы, «Банеоцин»), жараны жабыспайтын таңғышпен жабыңыз.
Ең көп жасалатын қателіктер
Күнге күйгенде адамдардың көбі әлі күнге дейін тиімсіз, тіпті теріге зиян әдістерді қолданады. Мыселен, қаймақ, айран немесе май жағу. Сүт өнімдері мен өсімдік майлары терінің бетінде тығыз пленка түзеді. Бұл жылудың сыртқа шығуына кедергі жасап, «жылыжай эффектісін» тудырады және күйікті одан ары тереңдетеді. Сонымен қатар, құрамындағы қышқылдар мен бактериялар жараға инфекция түсіруі мүмкін.
Сондай-ақ, спирт немесе арақпен сүртетіндер де табылады. Спирт теріні қатты құрғатады және химиялық күйік қосып, зақымдануды асқындырады.
Мынадай жағдайларда міндетті түрде медициналық көмекке жүгініңіз:
- көпіршіктер өте үлкен болса;
- олар бетте, қолда немесе жыныс мүшелері аймағында пайда болса;
- күйік дененің 20%-дан астамын (мысалы, тұтас арқаны) қамтыса;
- күйікпен бірге терінің қатты ісінуі, жүрек айнуы, қалтырау болса;
- дене қызуының 39°C-тан жоғары көтерілсе;
- бас ауруы, ауыздың құрғауы немесе сананың шатасуы байқалса.
- Бір жасқа дейінгі балалар күнге аздап қана күйсе де, міндетті түрде педиатрға көрсету қажет.
Күнге күйген теріге көмектесетін SOS-құрал
Егер күйік жеңіл болса, дәрігердің орнына, теріні тыныштандыратын әрі ылғалдандыратын құралдарға жүгінуге болады. Оларды душтан кейін және тері жайсызданған сайын жағу ұсынылады. Ең бастысы, құралдың құрамы жұмсақ болуы керек.
- «Каламин» тыныштандырғыш лосьоны
«Каламин» – күн күйігі, жәндік шаққан кезде және қышынатын бөртпелерге дәрігерлер жиі ұсынатын дәрілік құрал. Негізгі белсенді заттары – табиғи каламин минералы мен мырыш оксиді. Олар теріде қорғаныш қабатын қалыптастырып, ауырсынуды азайтады. Сонымен қатар суланып тұрған зақымданған жерлерді құрғатып, теріні салқындатады. Ашу мен шаншу сезімін жеңілдетеді. Құрамында хош иістендіргіштер жоқ.
- «Бепантен» 5% кремі
Кремнің негізгі белсенді заты – декспантенол қабыну мен қызаруды азайтады. Терінің қалпына келуін жеделдетеді әрі жақсы ылғалдандырады. «Бепантеннен» аллергиялық реакция сирек кездеседі. Сол себептен оны сәбилерге дүниеге келе сала жағуға рұқсат етілген.
Бірақ ол жылудың сыртқа шығуын баяулатуы мүмкін. Сондықтан тері толық салқындағаннан кейін қолданған жөн.
- The Act тыныштандырғыш гелі
Су негізінде жасалған бұл гель күнге күйгеннен кейін, қырынған соң немесе косметологиялық процедуралардан кейінгі күтімге арналған. Құрамындағы алоэ вера сығындысы, гиалурон қышқылы мен декспантенол бар. Олар теріні ылғалдандырып, жұмсартады, қабынуды азайтады және кейбір микроорганизмдердің көбеюін тежейді. Алоэ вера аллергия тудыруы мүмкін. Бұл сирек болады, сонда да қолданар алдында гельді білектің ішкі жағына жағып, сынап көрген дұрыс.
- «Пантенол» көбікшесі
Жеңіл күйік кезінде ең алғашқы минуттарда таптырмас құрал. Оның артықшылығы – теріге қолмен тимей-ақ, қашықтықтан шашуға болады, бұл ауырсынуды тудырмайды.
Күнге күймес үшін:
SPF кремді дұрыс таңдаңыз. Жағажайда қорғаныс деңгейі жоғары, SPF 50-ден төмен емес құралдарды қолданған жөн. Оны судан шыққан сайын немесе әр 2 сағат сайын жаңартып отыру қажетт.
Күн астында тек таңғы 11:00-ге дейін және кешкі 16:00-ден кейін ғана шомылу қауіпсіз.
Есте сақтаңыз! Күнге күйгеннен кейінгі алғашқы тәулікте теріңіз тыныс алуы керек. Сондықтан денеге жабысып тұратын, синтетикалық матадан жасалған киімдерден бас тартыңыз. Мақта, зығыр сыны табиғи материалдан тігілген кең, еркін киімдерді таңдаңыз.
Ханбибі ОРАЛ,


