LRT-дан түсіп, әрі қарай тегін жүреді: астаналықтарға жаңа көлік “таратылады“

0
141

Техникалық құжаттамаға сәйкес, LRT мен AstanaBike жүйелерін біріктіру жоспарланған.


LRT-дан түсіп, әрі қарай тегін жүреді: астаналықтарға жаңа көлік “таратылады“

Фото:Tengrinews.kz / Аружан Дарибай

ERNUR.KZ. Астанада LRT мен қалалық велопрокатты бір бағытқа біріктіру көзделіп отыр: жолаушы қажетті бекеткен жеткен соң, QR-кодты сканерлеп, сапарын электр велосипедпен жалғастыра алады. Ол үшін елордада 1,3 мың көлік сатып алу жоспарланған, деп жазады tengrinews.kz.

LRT вагонынан бірден велосипедке

Техникалық құжаттамаға сәйкес, LRT мен AstanaBike жүйелерін біріктіру жоспарланған. Жолаушы мобильді қосымшадағы QR-код арқылы көліктің бір түрінен екіншісіне ауысып міне алады.

Мұндай ауысып міну үшін бөлек ақы төлеудің қажеті болмайды деп күтіледі. Яғни, сапар LRT бекетінде аяқталмайды: әрі қарай адам велосипед жалдап, үйіне, кеңсесіне немесе басқа да қажетті жерге жете алады.

Мемлекеттік сатып алу порталы деректеріне сүйенсек, елордаға құны 2,3 миллиард теңгеден асатын 1,3 мың электр велосипед сатып алынбақ. Жаңа схеманы 2027 жылы AstanaBike пен LRT интеграцияланғаннан кейін іске қосу көзделіп отыр.

Жаңа велосипедтер қандай болады?

Велосипедтер сағатына 25 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүріп, аккумулятор қуаты кем дегенде 50 шақырымға жетуі тиіс.

Техникалық талаптарда елорданың ауа райы да ескерілген. Велопрокатты минус 10-нан плюс 40 градусқа дейінгі температурада пайдалану жоспарланып отыр. Бжұл ретте әр велосипед кемінде 120 келі жүктемеге шыдауы керек.

Көліктің орналасқан жері GPS арқылы бақыланады. Бұған қоса велосипедтерді ортақ цифрлық прокат жүйесіне қосу үшін олар LTE, Bluetooth және Wi-Fi модульдерімен жабдықталады.

Сапарға қажетті жабдықтың бәрі қарастырылған: дискілі немесе барабанды тежегіштер, алдыңғы және артқы шамдар, қоңырау, себет, шынжыр қорғанысы, лай мен судан қорғайтын қанат, сондай-ақ бүйірлік тіреуіш.

Бір велосипедтің бағасы шамамен 1,8 миллион теңге

Бір электр велосипед құны шамамен 1,8 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Бірақ жоба тек велосипедтермен шектелмейді. Қала бойынша 195 бекет орнату жоспарланған. Әрқайсысында 10 тұрақ орны мен LED-экраны бар ақпараттық стенд болады.

Елорда әкімдігі LRT-мен біріккеннен кейін велопрокатқа сұраныс артып, тұрғындарға бекеттен шыққан соң сапарын жалғастыру жеңілдейді деп үміттеніп отыр.