Куәгерлердің айтуынша, төбе опырылған сәтте асхана ішінде шамамен 8-9 адам болған.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Астанадағы ескі вокзалда ғимараттың төбесі опырылып түсті, деп жазады Stan.kz.
Төтенше жағдай 28 маусым күні таңертең болған. Вокзал ішіндегі асхананың төбесінің бір бөлігі опырылып түскен. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды.
Куәгерлердің айтуынша, төбе опырылған сәтте асхана ішінде шамамен 8-9 адам болған. Келушілердің көпшілігі сыртқа шығып үлгерген. Бір әйел жеңіл соққы алып, аздап жарақаттанған.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының (ҚТЖ) мәліметінше, оқиға вокзал аумағында орналасқан "Ертас" ЖШС қоғамдық тамақтану орнында таңғы сағат 05:35 шамасында болған.
"Астана вокзалындағы медициналық пунктке қоғамдық тамақтану орнындағы екі келуші жүгінген. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Олар жедел жәрдем бригадасын шақырудан бас тартқан. Оқиға бойынша вокзал бастығының кезекші орынбасары тиісті акт толтырды", — делінген компания хабарламасында.
ҚТЖ өкілдері асхана орналасқан ғимарат ескі вокзал ғимаратының 2002 жылдан бері "Ертас" ЖШС-нің жеке меншігіне тиесілі бөлігінде екенін атап өтті. Жеке меншікке берілген нысанның жалпы аумағы 2371 шаршы метрді құрайды.
Компанияның мәліметінше, бұл нысан "ҚТЖ"-ның технологиялық қызметінде пайдаланылмайды, сондықтан ұлттық тасымалдаушы оның жұмысына араласуға құқығы жоқ және оны күтіп-ұстауға жауапты емес.


