Астанада жұмысқа жаңа тұрған қызметкер кеңседен 6 ноутбук ұрлап, ломбардқа өткізген

0
71

Есіл аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні қолға түсірді.


Астанада жұмысқа жаңа тұрған қызметкер кеңседен 6 ноутбук ұрлап, ломбардқа өткізген

Фото: pexels.com

ERNUR.KZ. Астанада жұмыс орнынан алты ноутбук ұрлады деген күдікпен 27 жастағы ер адам ұсталды, деп жазады baq.kz.

Есіл аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні қолға түсірді.

Ноутбукты қалай ұрлаған?

Тергеу деректері бойынша, ер адам автомектептерге жарнама жасап, клиенттерді тартумен айналысатын ұйымға менеджер болып жұмысқа орналасқан.

Әріптестерінің сеніміне кіріп, ол бір апта ішінде жұмыс орнынан алты ноутбукты жасырын түрде шығарып, алып кеткен. Ұрланған құрылғылардың әрқайсысының құны 250 мың теңгеден асады.

Ноутбуктер қайда?

Ұрлықтан кейін күдікті техниканы ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам құмар ойындарға тәуелді болған.

Ол қай жерде ұсталды?

Күдікті Астанадағы қонақүйлердің бірінен ұсталды. Тергеу іс-шаралары барысында ол өз кінәсін толық мойындады. Полиция қызметкерлері ұрланған ноутбуктерді тәркіледі. Қазір оларды заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Күдіктіні не күтіп тұр?

Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.

Ведомство азаматтар мен ұйымдардың басшыларын мүлік сақтауға мұқият болуға шақырады. Құқық қорғау органдары қымбат техниканы қараусыз қалдырмауға, кеңселер мен жұмыс орындарына бейнебақылау жүйелерін орнатуға, сондай-ақ жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлерді мұқият тексеруге кеңес береді.