Астанада қалалық аурухананың медбикесінен туберкулез анықталды

0
108

Оқиғадан кейін ауруханада төсек жабдықтары мен матрастарға дезинфекция жүргізілген.


Астанада қалалық аурухананың медбикесінен туберкулез анықталды

Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Астанада №1 қалалық ауруханада жұмыс істеген медбикеден туберкулез анықталды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты елордалық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп жазады Stan.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде №1 қалалық ауруханада балалармен байланыста болған медбикеден туберкулез анықталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл мәліметті Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы растады.

Ведомствоның жауабына сәйкес, медбикенің жұмысқа рұқсаты болған және ол туберкулез бойынша байланыста болған адамдар тізімінде болмаған.

"Ол соңғы рет флюорографиялық тексеруден 2026 жылдың ақпан айында емханада өткен. Түсірілім қорытындысында ешқандай патология анықталмаған. Сәуір айында медициналық көмекке жүгінгеннен кейін ауру белгілі болды. Жұмысқа соңғы рет 24 сәуірде шыққан. Қазіргі уақытта Қалалық фтизиопульмонология орталығы ем қабылдап жатыр", – деп хабарлады басқарма.

Соңғы флюорографиялық тексеруден өткеніне алты ай және одан көп уақыт өткен барлық байланыста болған қызметкерлер (барлығы 39 адам) қайта тексеруден өтті. Олардың барлығынан теріс нәтиже анықталған.

Сонымен қатар басқарма соңғы үш ай ішінде медбикемен байланыста болған адамдар шеңбері анықталғанын мәлімдеді. Алайда олардың арасында ауру жұқтырғандар бар-жоғы әзірге хабарланған жоқ.

Оқиғадан кейін ауруханада төсек жабдықтары мен матрастарға дезинфекция жүргізілген.