ҚАБЫРҒА сынғанда "ШЕЛЕКТІҢ БАУЫ" тез қалпына келтіреді

0
385

Қабырға өзге сүйектер секілді гипстеуге келмейді, тез жазылуы үшін физикалық белсенділікті тоқтатпау керек


ҚАБЫРҒА сынғанда

Сурет: tryphonov.ru

Қабырға көкірек қуысын соққыдан қорғау үшін жаратылған. Алайда кейде тікелей, қатты соққы салдарынан жарылатын, сынатын жағдайлар болады. Ондай тікелей соққы жол апаты, спортпен айналысу, ұру немесе құлау салдарынан орын алып жатады. Сондай-ақ қабырғаның сынуы, жарақаттануы көкірек қуысының қайталама зақымдануынан да болады.

Кейбір жандардың, әсіресе жасы келген кісілерде үздіксіз, қатты жөтелгенде, онкологиялық аурумен ауырғанда, остеопороз немесе жүрек, өкпе ауруларында қабырғасы сынуға, зақымдануға бейім болады.

Сынған, зақымданған қабырға ағзадағы өзге сүйектер секілді гипстеуге келмейді. Сондықтан ол табиғи жолмен бітеді. Қалпына келуі 6-7 аптаға созылуы мүмкін. Алайда тез жазылуы үшін қимылсыз қалмай, физикалық белсенділікті тоқтатпау керек.

Қабырға сынып, зақымданғанда қатты ауырсыну болады. Сондықтан жаттығуды ақырын, мұқият және көбірек демалып жасау керек. Алайда, пневмония және көкірек қуысының өзге де инфекциясынан сақтану, қан ұйымау немесе бұлшықет әлсіздігін болдырмау үшін белсенділікті жоғалтпаған дұрыс.

Сондай-ақ қабырға сынған кезде жеңіл жаттығу жасау ойды тазартып, күйзеліс пен үрейді кері серпиді.

Тыныстау жаттығулары – қабырғаны қалпына келтіруге көмектесетін негізгі жаттығудың бірі. Бірақ, кеуде қуысын созу жаттығуларының да тиімділігі жоғары. Әрбір жаттығуды жаймен және мұқият орындау керек. Біртіндеп жүктемені жоғарылата бересіз.

Ең маңыздысы, қабырға сынғанда дәрігер спорттың қауіпті емес екенін айтып, рұқсат еткен уақытында ғана бастаңыз. Жарақаттан кейін қалыпқа келу жаттығуларын бастаған кезде, алғашында жиі демалып тұру керек.


Терең тыныстау


Дәрігерден рұқсат алғаннан кейінгі ең бірінші жасалатын жаттығудың бірі. Терең тыныс алу өкпедегі шырышты шығаруға көмектеседі және көкірек қуысына инфекция түсудің алдын алады.

1 – қадам. Орындыққа отырып қолыңызды сынған қабырғаның үстіне қойыңыз немесе жұмсақ, кішірек жастық қойып ұстаңыз.

2-қадам. Жаймен терең тыныс жасап, өкпені толтырыңыз.

3-қадам. Демді 10 секунд шамасында ұстап тұрыңыз.

4-қадам. Жаймен демді шығарыңыз.

5-қадам. Жай ғана жөткірініңіз, бұл шырышты бөлуге көмектеседі.

Бұл жаттығуды әр екі сағат сайын 5 реттен қайталауға болады. Егер қатты ауырсынсаңыз шамаңыз жеткенге дейін істеп көріңіз.


Көкетпен (диафрагма) тыныс алу

Көкетпен, яғни ішпен тыныс алу өкпенің ең қиын бұрыштарына ауаның баруына көмектеседі және өкпеге ауа жиналудың алдын алады.

1-қадам. Орындыққа тіке отырып, бір қолыңызды көкірекке, бір қолыңызды ішіңізге қойыңыз.

2-қадам. Жаймен ішке ауа тартыңыз. Ішіңіз қампайып, керілетін болсын. Көкіректе тұрған қолыңыз қимылдамасын.

3-қадам. Ауаны жаймен шығарғанда іштің бұлшықетіне күш салыңыз.

Жаттығуды күніне 5 тен 10 ретке дейін 4 – 5 рет қайталап жасауға болады.


«Шелектің бауы»


Сынған қабырғаға арналған тыныс алу жаттығуының тағы бірі – «шелектің бауы». Бұл жаттығу қабырғаға бүйірден жай әсер етеді.

1-қадам. Орындыққа тіке отырып, қолдарыңызды екі бүйірге қойыңыз.

2-қадам. Жаймен тыныс алыңыз, бүйіріңіз қолдарыңызды сыртқа қарай керу керек.

3-қадам. Демді 10 секунд шамасында ұстап тұрып, жаймен шығарыңыз.

Бұл жаттығуды да 5 – 10 реттен күніне 4-5 мәрте қайталаңыз.


Кеудені созу

Сынған, зақымданған қабырға жазылуға айналған соң, кеуде бұлшықетін созатын жаттығуға көшкен дұрыс.

1-қадам. Орындыққа тіке отырыңыз және шынтақты бүгіп, қолды 90 градуста жоғары көтеріңіз.

2-қадам. Ақырын жауырынды бір-біріне жақындатыңыз.

3-қадам. Шамамен 5-10 секунд тұрып, кейін жаймен жіберіңіз.

4-қадам. Қолды бастапқы қалыпқа келтіріңіз.

Жаттығуды күніне 5-7 реттен, 2-3 мәрте жасаңыз.

Қабырғаның сынуы бір түнде жазылып кететін нәрсе емес. Сондықтан көп күш салудың қажеті жоқ. Жаттығу жасағанда шамалы ауырсыну сезінуіңіз мүмкін. Алайда, ауырсыну ұлғайса, онда жаттығуды тоқтатуға тура келеді. Егер демігу болса немесе ыстығыңыз көтерілсе, бірден дәрігерге қаралыңыз.

Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Басыңызға КІТАП қою БҮКІРЛІКТЕН арылтады