Марат Байқамұровтың осы жолғы жеңісі – тек жеке табыс қана емес, бұл оқиға шымкенттік спорт мектебінің, бапкерлердің қажырлы еңбегінің және қазақ күресіндегі өңірлік әлеуеттің айқын көрсеткіші болды. Сонымен қатар, бұл – Мараттың «Қазақстан барысы» бәсекесіне үшінші рет қатысуы және оның карьерасындағы ең жоғары, ең сәтті көрсеткіші.
Астана қаласындағы «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында» қазақ күресінен өткен дәстүрлі ХV республикалық «Қазақстан барысы» турнирі өз мәресіне жетіп, еліміздің бас балуаны анықталды. Жыл сайынғы ең беделді бәсекеде шымкенттік балуан Марат Байқамұров топ жарып, тарихи жеңіске қол жеткізді.
Турнирдің бас жүлдесі – алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағы үшін өткен финалдық белдесуде Марат Байқамұров Абай облысының мықты балуаны Ерасыл Қажыбаевпен кездесті. Бұл финалдық айқасқа дейін Марат өзінің мықтылығын дәлелдеп, бес қарсыласын айқын басымдықпен тізе бүктіріп, финалға лайықты түрде жол ашқан болатын.
«Найман» лақап атымен спорт сүйер қауымға танымал болған балуан Марат Байқамұров шешуші сында да қарсыласына еш мүмкіндік бермей, үлкен шеберлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Осылайша, ол Қазақстанның бас барысы атағын жеңіп алып, Шымкент қаласының спорт тарихына алтын әріптермен жазылды.
Бұл жеңіс – Шымкент қаласының спорты үшін тарихи жетістік болып саналады. Себебі, «Қазақстан барысы» турнирінің он бес жылдық тарихында алғаш рет осы қаланың атынан шыққан балуан чемпион атанып отыр.
Бұл финалдың тағы бір ерекшелігі – Мараттың бұл жеңісі өткен жылғы жағдайдың есесін қайтаруға мүмкіндік берді. Айта кетейік, 2024 жылы дәл осы Ерасыл Қажыбаев финалда шымкенттік балуан Ерсұлтан Мұзаппаровты ұтып, чемпион атанған еді. Ал биыл Марат Байқамұров сол жолғы есені қайтарып, Шымкент күресінің әлеуетін дәлелдеді деуге толық негіз бар.
Марат Байқамұровтың осы жолғы жеңісі – тек жеке табыс қана емес, бұл оқиға шымкенттік спорт мектебінің, бапкерлердің қажырлы еңбегінің және қазақ күресіндегі өңірлік әлеуеттің айқын көрсеткіші болды. Сонымен қатар, бұл – Мараттың «Қазақстан барысы» бәсекесіне үшінші рет қатысуы және оның карьерасындағы ең жоғары, ең сәтті көрсеткіші.
Жаңадан анықталған «Қазақстан барысы» Марат Байқамұровтың жеңісі бүкіл қала тұрғындары мен қазақ күресі жанашырлары үшін үлкен қуаныш сыйлады.


