​ҰЙҒЫР ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН ӨНЕРІ — РУХАНИ БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

0
583

Іс-шараның салтанатты ашылуы «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Кеш барысында ұйғыр мәдениетінің ерекше өрнегін көрсеткен өнер ұжымдары мен жас таланттардың орындауындағы ән мен би көрерменнің көңілінен шықты.


​ҰЙҒЫР ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН ӨНЕРІ — РУХАНИ БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толуына орай үлкен мәдени маңызы бар іс-шара – «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» өтті. Бұл шара еліміздегі этносаралық татулық пен мәдени алуандықты насихаттауға, сондай-ақ ұйғыр этносының бай мұрасын көпшілікке танытуға бағытталды.

Мерекелік кешті «Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп ұйымдастырды. Бұл ынтымақтастық қаладағы мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктер арасындағы тығыз байланыстың айқын көрінісі болды.

Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы барлық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді өкілдері қатысты.

Ресми бөлім басталмас бұрын, қатысушылар ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнер шеберлігін және тарихын бейнелейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Бұл көрме қонақтарға ұйғыр мәдениетінің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов жиналғандарды ҚХА-ның мерейтойымен құттықтап, былай деді:

«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бұл біздің еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің мызғымас символы. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрметке негізделген ынтымақтастық. Осындай мәдени іс-шаралар арқылы біз бір-біріміздің дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді тереңірек танып, ортақ құндылықтарды нығайта түсеміз. Ұйғыр этносының бай мәдениеті Қазақстанның ортақ мәдени қорына құнды үлес қосуда,» — деді ол.

Мерекелік кештің салтанатты ашылу рәсімі «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Бұл би ұйғыр халқының нәзіктігі мен өнерге деген құштарлығын паш етті. Кеш барысында ұйғыр мәдениетінің ерекше өрнегін көрсеткен өнер ұжымдары мен жас таланттардың орындауындағы ән мен би көрерменнің көңілінен шықты.

Сонымен қатар, сахна төрінде қазақ мәдениетіне құрмет ретінде Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әні шырқалды. Ал Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының әуезді әндері мерекеге ерекше реңк беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл мәдени шара көпұлтты Қазақстанның бірлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.