Грант иегерлерінің қатарында көп балалы отбасылар – 192, мүгедектігі бар азаматтар – 51, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 9 адам бар.
Шымкент қаласында әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды қолдау және олардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту мақсатында 333 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (1,57 миллион теңгеге дейін) қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
2025 жылы өткізілген екі кезеңдік конкурсқа барлығы 1756 өтініш келіп түсті. Сараптау нәтижесінде 336 үміткердің жобасы мақұлданып, олардың 333-іне қаржы аударылды. Ал екі азаматтың есепшоттары бұғатталғандықтан, олар грант алушылар тізімінен шығарылды.
Бірінші кезеңде 134 қатысушы (оның ішінде 65 жеке кәсіпкер мен 69 жұмыссыз азамат), ал екінші кезеңде 199 адам (101 жеке кәсіпкер және 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өткізіліп, жеңімпаздар ашықтық және әділдік қағидаттары негізінде анықталды.
Грант иегерлерінің қатарында көпбалалы отбасылар – 192, мүмкіндігі шектеулі азаматтар – 51, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22 және атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 9 адам бар. Бұл бастама олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, өз ісін ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Жобалардың басым бөлігі қызмет көрсету саласында – 151 бағытта іске асырылуда. Сонымен қатар, 53 жоба өндіріс саласында, 37 жоба кондитерлік және нан өнімдері өндірісінде, 35 жоба тігін ісінде, 24 жоба жартылай дайын өнімдер бағытында жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, мал және құс шаруашылығын дамытуға арналған 12 жоба, жиһаз өндірісіне қатысты 4 жоба және фаст-фуд, ыстық тағам, кофе сатуға бағытталған 17 жоба қолдау тапқан.
Мемлекеттік гранттардың басты мақсаты – азаматтардың өз кәсібін бастауына жағдай жасау, табыс көзін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру. Қаржының қайтарымсыз болуы – үлкен мүмкіндік, алайда ол тек мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Осыған байланысты Еңбек мобильділігі орталығы жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы грант иегерлерінің жобаларын тұрақты түрде қадағалап отырады.
Мақсатсыз пайдаланылған жағдайда қаржы мемлекетке қайтарылуы керек. Бұл – мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды талаптардың бірі.
Жалпы, осындай гранттық бағдарламалар шымкенттіктердің кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға үлес қосуда.


