ШЕТЕЛДЕ ОҚЫҒЫҢ КЕЛЕ МЕ? Онда мына БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ білгенің жөн

0
245

Шетелде 1 семестр оқу мүмкіндігі студентке жаңа ортада білім алып, өз әлеуетін кеңейтуге жол ашады.


ШЕТЕЛДЕ ОҚЫҒЫҢ КЕЛЕ МЕ? Онда мына БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ білгенің жөн

көрнекілік: mjiia.com сайтынан

Қазіргі жаһандану дәуірінде білім алу тек аудиториямен шектелмейді. Әлемнің кез келген елінде оқып, тәжірибе жинақтау — жас буынға арналған ерекше мүмкіндік. Солардың бірі — шетелде 1 семестр оқып келу бағдарламалары. Бұл мүмкіндік студентке жаңа ортада білім алып, өз әлеуетін кеңейтуге жол ашады. Мұндай бағдарламалар Қазақстан мен әлем университеттері арасындағы академиялық алмасу келісімдері арқылы жүзеге асады. Студенттер семестр бойы шетелде оқып, кейін өз оқу орнына қайта оралып, жинаған кредиттерін таныта алады.


Шетелде оқу студенттің көкжиегін кеңейтеді, жаңа мәдениеттермен таныстырады, тіл үйренуге жағдай жасайды. Бұдан бөлек, әлемдік деңгейдегі профессорлардан дәріс алып, халықаралық ортада сыни ойлау, коммуникация, топтық жұмыс дағдыларын дамытады. Бұл тәжірибе болашақта шетелде магистратура оқуға немесе халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуге жол ашуы мүмкін. Сондай-ақ, мұндай бағдарламалар студентке өз мамандығына жаңа қырынан қарауға, әлемдік білім жүйесімен салыстыруға көмектеседі.


  • Erasmus+ бағдарламасы

Шетелде бір семестр оқып келу туралы айтқанда, ең алдымен көптеген студенттердің арманына айналған Erasmus+ бағдарламасы еске түседі. Бұл жоба Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асады және студенттерге Еуропаның үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік береді. Erasmus+ студентке тек академиялық білім емес, халықаралық ортада өмір сүру, түрлі елдермен танысу, мәдениетаралық коммуникация сияқты құнды тәжірибе береді. Бағдарламаға қатысушылар семестр бойы шетелде білім алып, кейін өз университетіне қайта оралып, алған пәндерін ресми түрде танытады. Бағдарламаның сыйақысы, жатақхана мүмкіндіктері, студенттік іс-шаралар — бәрі жас буынды әлемдік деңгейде дамуға итермелейді. Сондықтан да Erasmus+ Еуропада оқу жолын бастауға ең тамаша баспалдақ болып саналады.


  • Mevlana бағдарламасы

Еуропаны көздей отырып, кей студенттің ойы Түркияға қарай бұрылады. Соңғы жылдары Түркия жоғары оқу орындары халықаралық студенттер үшін тартымды бағытқа айналды, ал оған мүмкіндік беретін Mevlana бағдарламасы ерекше танымал. Бұл жоба Қазақстан мен Түркия университеттері арасындағы білім алмасуды қамтамасыз етеді. Түрік университеттерінде жаңа білім алу, олардың мәдениетімен жақын танысу, тіл үйрену — студенттің көзқарасын кеңейтеді. Түркияда оқу ерекше атмосфера сыйлайды: шығыстық менталитет, заманауи білім беру жүйесі, көңілді студенттік орта және жылы қарым-қатынас. Mevlana бағдарламасы да семестр бойынша немесе бір жылға дейін оқуға жол ашады, әрі студенттерге шәкіртақы беру мүмкіндігі бар. Сондықтан Түркі әлеміне қызығатындар үшін бұл бағдарлама тамаша таңдау.


  • Академиялық ұтқырлық

Одан бөлек, Қазақстан университеттері әлемнің әртүрлі мемлекеттерімен тікелей серіктестік орнатып, студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы алмасу мүмкіндігін ұсынады. Бұл бағыттың артықшылығы — географиясы кең. Корея, Жапония, Қытай, АҚШ, Польша, Венгрия, Чехия және басқа көптеген елдердегі университеттермен келісім бар. Академиялық ұтқырлық барысында студент шетелде бір семестр оқып, алған кредиттерін өз ЖОО-сында есептете алады. Кей университеттер грант береді, кей жағдайда студент өз қаражатына барады. Осы бағдарламаның ең ерекше тұсы — таңдау еркіндігі мен бағыттардың алуан түрлілігі. Әркім өз мамандығы мен қызығушына сай университет таңдап, халықаралық білім кеңістігінде тәжірибе жинай алады.


  • DAAD бағдарламасы

Ал Германияға баруды армандайтын студенттер үшін DAAD бағдарламасы айрықша маңызға ие. Бұл — тек алмасу бағдарламасы ғана емес, ғылым мен зерттеуге ерекше көңіл бөлетін ірі халықаралық академиялық ұйымның қолдауы. DAAD арқылы Германия университеттерінде бір семестрден бірнеше жылға дейін оқу мүмкіндігі бар. Неміс білім жүйесі әлемде беделді, әсіресе инженерия, технология, медицина, ғылым саласында. Бұл бағдарлама болашақ зерттеушілер мен халықаралық деңгейде жұмыс жасағысы келетін жастарға берілетін үлкен мүмкіндік. Германиядағы тәртіп, еңбек мәдениеті, зертханалық мүмкіндіктер, ғылымға деген көзқарас — мұның бәрі студенттің кәсіби жолына берік іргетас болады.


Шетелде оқу үшін дайындық ерте басталуы тиіс. Ең алдымен тілді дамыту қажет — ең басты кілт осы. Бұдан бөлек, мотивациялық хатты әсерлі жазу, халықаралық форматта CV дайындау, ғылыми жетістіктер мен волонтерлік тәжірибе жинау да маңызды рөл атқарады. Құжат тапсыру мерзімін өткізіп алмау үшін күнтізбе жасау, консультация алу, алдыңғы қатысушылармен сөйлесу көп көмектеседі. Және, әрине, менталдық дайындық — жаңа орта, жаңа адамдар, жаңа ережелер.


Шетелде 1 семестр оқу — тек ақылы немесе грант иегерлері үшін емес, әр студентке қолжетімді мүмкіндіктің бірі. Бұл — армандарға жол ашатын баспалдақ, өзін тану мен әлемді танудың тамаша тәсілі. Егер сіз жаңа тәжірибе іздеп, болашағыңызды жарқын елестетсеңіз, дәл қазірден бастап дайындыққа кірісіңіз. Есте сақтаңыз: шетелде оқу — тек білім емес, ол — өмірлік сабақ, жаңа деңгейге шығу мүмкіндігі. Армандаудан қорықпаңыз, әрекет етіңіз!