​«Елге көмек» қорының басшысы Ілияс Сариевтің сотында тағы дау болды

0
127

Жарыссөз кезеңі 13 қараша күні 15:00–де басталады.


​«Елге көмек» қорының басшысы Ілияс Сариевтің сотында тағы дау болды

Фото: Kazinform

ERNUR.KZ. Алмалы аудандық сотында Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтті, деп жазады inform.kz.

«Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Сариев пен «MM Travel» туристік компаниясының басшысы Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылған.

Бүгін сотта жәбірленуші Гүлбахор Түреева тағы сөз сөйледі. Ол айыпталушы Сариевті «алаяқ» деп тікелей айыптамаса да, оның үй алып беремін деген уәдесін орындамағанын айтты. Судья сұрағына жауап бере отырып, айыпталушыға көмегі үшін жалпы көлемі — 800 мың теңге бергенін атап өтті.
Жәбірленушіден кейін Ілияс Сариевтің өзі жауап беріп, екі тарап арасында дау туындады.
— Мен сізге көмектесіп келдім. Сіз «мені алдап кетті» дейсіз. Мен алдаған жоқпын. Сіздер далада қалғанда бала-шағаңызбен алып кеттім. Мен сізден де бөлек қаншама адамға барып көмектестім. Сізді далада қалдырған мен емес, — деді Ілияс Сариев.
Сот отырысында судья Ілияс Сариев пен оның адвокатына, сондай-ақ жәбірленушіге бірнеше рет ескерту жасады.
Сондай-ақ бүгінгі отырыста Сариевтің адвокаты өз қорғауындағы азаматтың мүддесінде бірнеше видео көрсетті. Онда адамдар айыпталушы тарапынан қандай көмек болғанын айтып берді.
Судья бүгін сот тергеуі аятқалғанын жариялады. Жарыссөз кезеңі 13 қараша күні 15:00–де басталады.
Еске салайық, өткен сот отырысында да айыпталушы мен жәбірленуші арасында дау туындаған болатын.
Бұған дейін сотта жәбірленуші Сариевтің пәтер уәде етіп, кейін ақша сұрағанын айтқан еді.
Өзге жәбірленушілер қажылыққа берген қаражатты қайтаруды талап етті.
Тағы бірнеше жәбірленуші Сариев науқас балалардың отбасынан миллиондар алғанын айтты.
Сотта айыпталушы Ілияс Сариев өзі де жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Ал Ақтоты Дүйсеева сот отырысында Ілияс Сариевке айып тақты. Ол «Елге көмек» қорының басшысы құмар ойындарға әуес болғанын айтты.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.