​ТУРИСТЕР үшін ең ҚАУІПТІ тоғыз ҚАЛА

0
1 045

Қылмыскер өзін мемлекеттік қызметкер немесе полиция қызметкері ретінде көрсетіп, жалған құжат арқылы аңғал туристерден ақша бопсалау фактілері жиі кездеседі.


​ТУРИСТЕР үшін ең ҚАУІПТІ тоғыз ҚАЛА

Атың барда желіп жүріп жер танығанға не жетсін?! Шетел, саяхат, демалыс деген сөздердің өзі көңілге серпін сыйлайды. Алайда, абайламаса, саяхат барысы ойыңыздағыдай керемет болмауы да мүмкін. Қай жерде жүрсеңіз де, қауіп аяқ астында екенін естен шығармаңыз. Әсіресе, мына қалаларда болсаңыз.


Кингстон, Ямайка

Ямайканың астанасы көрікті жерлерге толы. Мысалы, Боб Марли мұражайы, қарақшылар қаласы Порт-Роял, Хоуп ботаникалық бағы, Девон Хаус сарайы, т.с.с. Кингстонды қоршап тұрған керемет джунгли мен жағажайлар – мүлде бөлек әңгіме.

Бірақ сонымен бірге Ямайка – өз аймағындағы ең қатыгез мемлекеттердің бірі. Әсіресе, Кингстонда қылмыс деңгейі жоғары. Мұнда тонау, көшедегі шабуылдар, зорлау, қалта ұрлығы, есірткі және қылмыстық топпен байланысты қылмыстар жиі кездеседі. Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы неғұрлым нашар (кедей) болса және уақыт түн қараңғылығына таяған сайын қылмыскерлермен бетпе-бет келу қаупі соғұрлым жоғары болады.


Каракас, Венесуэла

Каракастың қақ ортасында басты алаң – Плаза Боливар орналасқан. Оның жанындағы көрікті жерлер: собор, Ұлттық конгресс және архиепископ палатасы, Хуан Антонио Перес мұражайы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Университет қалашығы және Генерал Рафаэль Урданета көпірі...

Каракастың осындай кереметтерін тамашалауға қылмыс деңгейінің жоғары болуы кедергі келтіреді. Кедей аудандарда кісі өлтіру, қарулы тонау, қалта ұрлығы және көлік ұрлау жиі кездеседі. Қала көшелерінде ақша үшін адамдарды ұрлап кеткен жағдайлар жиі кездеседі. Жағдайды қиындатып тұрған тағы бір нәрсе – жергілікті құқық қорғау органдарының өз жұмысына аса қызығушылық танытпауы. Статистикаға сәйкес, Венесуэладағы қылмыстардың 98% қылмыстық қудалауға ұшырамайды екен.


Тихуана, Мексика

Мексика мен АҚШ шекарасында орналасқан Тихуананың туристерге ұсынары көп. Айталық, қаланың символы және фотосессия үшін ең танымал орын – монументалды арка, барокко стиліндегі сәулетімен ерекшеленетін Нуэстра Сеньора де Гвадалупе соборы, кәдесый дүкендері, мейрамхана-барларымен әйгілі Революция даңғылы, заманауи өнерге арналған Ассамблея мұражайы.

Тихуана туризм үшін тамаша қала болар еді. Тек, әттең, ұйымдасқан қылмыстың деңгейі аспандап тұрмағанда... 2022 жылы әрбір 100 000 тұрғынға 138 кісі өлтіру тіркелгендіктен, ол әлемдегі ең қауіпті қала атағына ие болды. Күніне орташа есеппен 7 адам өлтіруден басқа, ақша бопсалау үшін ұрлау және адам саудасы, есірткі сату және бандалар мен полиция арасындағы атыс Тихуанада жиі кездеседі.


Найроби, Кения

Кения астанасы әлемдегі жалғыз қала шегінде орналасқан ұлттық саябағымен әйгілі. Сонымен қатар, Найробиде ұлттық қолөнер, зергерлік бұйымдар мен тағамдарды сататын бірегей экспонаттар мен шынайы базарларға толы Ұлттық мұражай бар.

Экономиканың нашарлығы мен халықтың кедейлігіне байланысты қала қауіпсіздігінде күрделі проблемалар баршылық. Мұнда өте жиі кездесетін қылмыстар – көлік ұрлау, қарулы тонау және ұрлық. Жүргізушілер бағдаршамға тоқтағанда немесе кептелісте тұрып қалған кезде ұрылар ашық көлік терезелерінен бағалы заттарды тартып алып жатады. Адам ұрлау, қару-жарақ сату да орын алады. Сондай-ақ, қылмыскерлер өздерін мемлекеттік қызметкер немесе полиция қызметкері ретінде көрсетіп, жалған құжаттар арқылы аңғал туристерден ақша бопсалау фактілері жиі кездеседі. Нағыз полиция қызметкерлері, өкінішке орай, қылмыстың жолын кесуге қауқарсыз болып тұр.


Кейптаун, ОАР

Кейптаун – Оңтүстік Африка Республикасындағы ең көне қала және ең танымал туристік бағыт. Онда қаланың символы және табиғаттың жеті жаңа кереметінің бірі – Үстел тауына көтерілуге, Виктория мен Альберт жағалауымен серуендеп, мұхит көрінісін тамашалауға, көптеген түрлі-түсті дүкендер мен мейрамханаларды аралауға болады. Оңтүстік жарты шардағы ең үлкен «Екі мұхит» аквариумы, елдегі ең көне ғимарат болып табылатын «Үміт бекінісі» және Нельсон Мандела түрмеде отырған Роббен аралы да Кейптаунның туристік тартымдылығын туғызады.

Осымен қатар, қала қылмыс деңгейінің жоғарылығынан да зардап шегуде. Әрбір 100 000 тұрғынға орташа есеппен 68,3 кісі өлтірумен әлемдегі ең қауіпті 15 қаланың қатарына кіреді. Елдегі кез келген басқа қалаға қарағанда мұнда кісі өлтіру, зорлау, тонау және топтық шабуылдар көп. Себептер қарапайым: кедейлік, жұмыссыздық және нәсілдік қақтығыстар.

Порт-Морсби, Папуа – Жаңа Гвинея

Папуа-Жаңа Гвинеяның астанасы туристер назарына жергілікті халықтың дәстүрлі өнері мен мәдениеті топтамасын көрсететін Ұлттық музей мен көркемсурет галереясын, өсімдіктер мен жануарлардың сирек түрлері жиналған Ботаникалық бақты ұсынады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін маржан теңізінің жағасында серфинг, дайвинг немесе балық аулау мүмкіндігі бар.

Осындай артықшылықтармен қатар, Порт-Морсбидің бір кемшілігі бар. Ол әлемдегі ең қауіпті қалалардың бірі. Мұндағы түкпір әрі қараңғы аудандарда қылмыс деңгейі өршіп тұр. Жергілікті бандалар сырттан келушілерге шабуыл жасайды, оларды тонап, тіпті ұрлап әкете алады. Абайсызда Порт-Морсбидің кедей аймақтарына тап болған туристер тонау, зорлау немесе кісі өлтірудің құрбаны болумен қатар, безгек немесе басқа жұқпалы ауру жұқтыру қаупі де жоғары.


Порт‑о‑Пренс, Гаити

Кариб теңізіндегі бұл экзотикалық бұрыш бір қарағанда саяхатшылар жұмағы секілді көрінгенімен, Гаити қауіпсіздік, инфрақұрылым және гигиена бойынша күрделі проблемалары бар әлемдегі ең кедей және тұрақсыз елдердің бірі. Орта есеппен Порт-о-Пренсте жылына 100 000 тұрғынға шаққанда 54,75 кісі өлтіру орын алады. Бұл көрсеткіш оны әлемдегі ең қауіпті 50 қаланың қатарына жатқызады. Қаладағы билікті екі жүзге жуық банда бөліседі. Ал көшедегі соғыстар, тонау, көшелердегі қылмыскерлердің айқас оқтарынан бейбіт тұрғындардың қаза болуы сирек кездесетін жайт емес. Сонымен қатар, қалада сары безгек, дифтерия, сіреспе, А және В гепатитін жұқтыру қаупі жоғары.


Бағдад, Ирак

Бағдад – бай тарихы мен мәдениеті бар қала. Ирак астанасы Әли баба мен қырық ұры ескерткіші, Аббасидтер сарайы, әл-Хайдархан мешіті, Ирак ұлттық мұражайы және кітап сатушылар жиналатын Мутанабби көшесімен, саябақтарымен және дәстүрлі шығыс дүкендерімен танымал.

Сонымен қатар қылмыс деңгейі жоғары және лаңкестік қауіп-қатерлерге байланысты ең қауіпті қалалардың бірі болып табылады. Туристер кез келген уақытта ұрлау, тонау, зорлау, кісі өлтіру немесе бомбалы шабуылдың құрбаны болуы мүмкін. Бұл қайғылы жағдай саяси тұрақсыздықпен, кедейлікпен және діни экстремистік топтардың зорлық-зомбылығымен байланысты.


Кабул, Ауғанстан

Мұнда көретін дүние көп: Абдул Рахман мешіті, 19 ғасырға дейін ауған билеушілерінің резиденциясы болған көне Бала-Гисар бекінісі, 16 ғасырда Моғол империясының негізін қалаушы салған Бабыр бағы және көркем Пагман аңғары.

Бірақ осы аталған көрікті және тарихи орындарды көруге бел буған турист көптеген қауіпке де бас тігеді. Себебі, қалада лаңкестік әрекеттер, атыс-шабыс, жарылыстар, ұрлау және шетелдіктерге шабуылдар жиі болып тұрады.

Ел көріп, жер таныған, сол арқылы таным көкжиегіңді кеңейткен жақсы. Алайда, ол үшін басты қатерге тігіп, өмір қауіпсіздігіне зиян келтіру – мың мәрте ойланатын шешім.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Әлемнің ғажайып көріністеріне куә болғыңыз келе ме?

Сәуір айында саяхаттаудың 10 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ