Алматыдағы 5 адамның өмірін жалмаған өрт: қайғылы оқиғаға қатысты тың деректер шықты

0
198

​Үй иесі өртке дейін бейнебақылау камерасына түскен әйелге қатысты болжамын айтты.


Алматыдағы 5 адамның өмірін жалмаған өрт: қайғылы оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 26 қарашаға қараған түні Алматыда бес адамның өмірін қиған өрт болды. Полиция оқиғаның бірнеше нұсқасын тексеріп жатыр. Ал үй иесінің қайғылы жағдайға қатысты өз болжамы бар, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға Бостандық ауданындағы дәліз үлгісіндегі тұрғын үйде болған. Тұрғындардың айтуынша, үйде сегіз бөлме болған. Олардың әрқайсысы жеке отбасыларға жалға берілген. Қайғылы оқиға болған түні адамдарды қою түтіннің өткір иісі оятқан. Әркім өз бетінше аман қалуға тырысқан. Кейбір тұрғындар тұншығып қалмау үшін терезеден шығуға мәжбүр болған. Өрт салдарынан екі ер адам, екі әйел және төртінші сыныпта оқитын қыз бала қаза тапты.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдары өрттің шығу себептерін, соның ішінде қасақана өрт қою нұсқасын да қарастырып жатыр.

Қайғылы оқиға болған үйдің иесі Қуаныш Кеңес мұны кездейсоқ жағдай деп есептемейді. Өрттен кейін ол бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген. Оның айтуынша, аумаққа бір әйел кіріп, ол кеткеннен кейін өрт басталған. Үй иесі бұл әйел жалға алушылардың бірінің бұрынғы сүйіктісі болуы мүмкін деп болжайды.

Осы уақытта кәмелетке толмаған тағы екі бала ауруханада ем қабылдап жатыр.

«Тексеру нәтижесінде балалардың бірі көміртегі тотығымен жедел улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде, қажетті емді толық көлемде алып жатыр. Тыныс алу жолдарының инфекциясы белгілері бар бес жастағы бала одан әрі ем алу үшін балалар инфекциялық ауруханасына ауыстырылды», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.