​ЖАЗЫЛМАЙТЫН ДЕРТ: Әлемде ең көп таралған 7 түрі

0
184

Бұл сырқаттың алдын алу жолдары жоқ...


​ЖАЗЫЛМАЙТЫН ДЕРТ: Әлемде ең көп таралған 7 түрі

Сурет: ЖИ

Емі жоқ аурулар туралы сөз қозғалғанда, көпшіліктің ойына бірден АИТВ (ВИЧ), қатерлі ісік және сирек кездесетін тұқым қуалайтын дерттер оралады. Алайда шындық одан әлдеқайда жақын.

Адамзат арасында ең жиі кездесетін 7 диагнозды іріктеп көрдік. Бұл аурулар бір жабысса, толық айығып кету мүмкін емес. Ауырсынуды басып, қауіпті асқынулардың алдын алу үшін оларды тек дәрі-дәрмектің көмегімен бақылауда ұстауға тура келеді.

Қуанышқа орай, бұл сырқаттардың алдын алуға болады. Сондықтан атауын біле жүру, профилактиканы еске түсіру артықтық етпейді.


Гипертониялық ауру (жоғары қан қысымы)

Әлемде 30–79 жас аралығындағы шамамен 1,4 миллиард адам гипертониямен өмір сүреді

Аурудың пайда болу ықтималдығын арттыратын қауіп факторлары – тұқым қуалаушылық (отбасында гипертонияның болуы), жастың 65-тен асуы және ер жынысты болу. Сондай-ақ артық салмақ пен семіздік, тұзды шамадан тыс көп тұтыну, қимыл-қозғалыстың аздығы, ұйқының қанбауы, темекі шегу, ішімдікке салыну және кедейлікте өмір сүрудің де әсері бар.

Қан қысымының көтерілуі әдетте ешқандай белгі бермейді. Кенеттен әрі қатты шарықтағанда ғана (мысалы, 180/120 мм сын.бағ. және одан жоғары) сезуге болады. Мұндай жағдайда адамның тілі икемге келмей, сөйлеуі бұзылып, басы қатты ауырады, жүрегі айниды, ентігу, құрысу және мұрыннан қан кетуі мүмкін.

Гипертонияның алдын алу, қысымның көтерілуіне жол бермеу үшін мына кеңестерді ұстанған жөн:

  • балық, тұтас дәнді дақылдар, жеміс-жидек, көкөніс және жаңғақтарды көбірек жеу, ал майлы ет пен трансжирлерге бай дайын тағамдарды шектеу;
  • алкогольден бас тарту немесе ішімдік мөлшерін әйелдер үшін күніне бір стандартты порцияға, ерлер үшін екі порцияға дейін азайту;
  • тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мамандары 18–64 жас аралығындағы ересектерге аптасына кемінде 150–300 минут орташа қарқынды аэробты жаттығулар жасауды ұсынады;
  • темекіні тастау. Бұл ретте кешенді ем жақсы нәтиже береді. Никотин алмастырушы терапия (темекіден бас тартуды жеңілдететін дәрілер қабылдау) және психолог немесе психотерапевтпен жұмыс істеу.


Бүйректің созылмалы ауруы

Бүйректің созылмалы ауруымен (БСА) әлемде 800 миллионнан астам адам өмір сүреді. Бұл жер шары халқының шамамен 10%-ы

Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі – бүйректің қанды қалдықтар мен артық сұйықтықтан тазарту қабілетін біртіндеп жоғалтатын дерті. Бұған бүйрекке әсер ететін кез келген ақау – инфекция мен бүйректегі тастан бастап, кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдау мен тұқым қуалайтын ауруларға дейін түрткі болуы мүмкін. Адам қартайған сайын БСА-ның даму қаупі арта түседі. Ол көбінесе 65 жастан асқан адамдарда кездеседі.

Созылмалы аурулары бар науқастар, ең алдымен гипертония, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті бар және отбасында бүйрек жеткіліксіздігі кездескен адамдарға бүйрек қызметін жылына кемінде бір рет тексертіп тұру керек. Кейбір жандарға бүйректі одан да жиі тексеру қажет болуы мүмкін, мұны емдеуші дәрігермен ақылдасқан дұрыс.


Тітіркенген ішек синдромы

Тітіркенген ішек синдромына (ТІС) шалдыққандардың нақты саны белгісіз. Дегенмен әлемдегі әрбір оныншы адам – шамамен, 800 миллион тұрғын осы дертпен өмір сүреді деп есептеледі

ТІС кезінде адамдар әдетте іштің ауыруына немесе жайсыздыққа шағымданады. Ауырсыну өткір де, сыздап та білінуі мүмкін. Іштің кез келген бөлігінде, бірақ көбіне кіндіктен төмен тұста сезіледі. Сонымен қатар кекіру, іштің кебуі, газ жиналуы, дәретханаға барғысы келетін жалған сезім, іш қату немесе іш өту сияқты белгілер пайда болады.

ТІС көбінесе жастарда кездеседі, ауру жиі жасөспірім кезден басталады. Егер адам 40 жасқа дейін бұл дертке шалдықпаса, одан кейін ауыру ықтималдығы өте төмен.

Іші жиі ауыратын адамдар міндетті түрде гастроэнтеролог дәрігерге қаралуы тиіс. Бұдан бөлек, ас мәзіріне жасұныққа бай өнімдерді, яғни жемістер мен көкөністерді көбірек қосып, күйзелісті жеңуді үйренген жөн. Бұл ретте психолог немесе психотерапевт мамандармен жұмыс істеу жақсы көмектеседі.


Екінші типті қант диабеті

Әлемде 830 миллион адам қант диабетімен өмір сүреді, олардың 95%-дан астамы екінші типті қант диабетіне шалдыққандар

Ғалымдардың болжауынша, бұл дерт көп жағдайда тұқым қуалайтын бейімділігі бар және қосымша қауіп факторларына тап болған адамдарда дамиды. Қосымша қауіп факторлары: 35 жастан асу, отбасында қант диабетінің болуы, әйелдерде бұрын жүктілік кезінде дамитын гестациялық диабетті бастан өткеру, семіздік, аз қозғалу және гипертониялық ауру.

Екінші типті диабет баяу дамитындықтан, адамдар бұл аурумен жылдар бойы өмір сүріп, ауыратынын мүлде сезбеуі мүмкін. Ал белгілері білінетін жандар дені сау адамдарға қарағанда тез шаршайды, шөлдей береді және кіші дәретке жиі барады. Көбінесе 45 жастан асқан адамдарда кездеседі, жастар да ауыруы мүмкін.

Аурудың алдын алу үшін 35 жастан асқан барлық азаматтарға қандағы глюкоза мөлшерін анықтайтын талдау тапсыру ұсынылады. Кемінде үш жылда бір рет. Егер глюкоза жоғары болып шықса, терапевт дәрігерге барып, әрі қарай не істеу керегін талқылаған жөн.


Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы

Әртүрлі есептеулер бойынша, әлемде өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) бар 300–400 миллион адам тіркелген. Бірақ кейбір сарапшылар шын мәнінде бұл дерт бүкіл жұмыс істейтін халықтың 30%-ына дейін қамтуы мүмкін деп есептейді

ӨСОА – өкпеге ауаның келу жылдамдығы баяулап, тыныс алу қиындайтын созылмалы ауру. Тыныс алу жолдарына ауамен бірге түсетін тітіркендіргіш заттардың әсерінен пайда болады. Ауруға генетикалық ауытқулар да себеп болуы мүмкін. Ең жиі кездесетін себебі – темекі шегу, соның ішінде темекі түтінін жұту.

Ауру баяу дамиды, сондықтан жылдар бойы ешқандай белгі білінбеуі мүмкін. Алдымен айлар бойы кетпейтін, бірде басылып, бірде күшейетін жөтел пайда болады. Әдетте бұл 40–50 жас аралығында байқалады. Кейін дене қозғалысы кезінде ентігу қосылады, бұл көбіне 50–60 жасқа қарай болады. Уақыт өте келе ентігу күшейіп, саябақта жай серуендеу сияқты ең жеңіл қимылдың өзінде тыныс тарыла бастайды. Ауа жетпегендіктен адам біртіндеп әлсіреп, тез шаршайтын болады.

Қоймайтын жөтел пайда болған жағдайда пульмонолог дәрігерге қаралу маңызды. Ол спирометрия және пикфлоуметрия тексерісін, кеуде қуысының рентгенографиясын, қанның клиникалық және биохимиялық талдауларын тағайындайды. Кейбір жағдайларда қосымша тексерулер, мысалы, электрокардиограмма және қандағы газдардың құрамын зерттеу қажет болуы мүмкін.


Демікпе (Астма)

Дүние жүзінде шамамен 363 миллион адам демікпемен өмір сүреді

Тыныс алу жолдарының әртүрлі тітіркендіргіштерге шектен тыс қатты әсер ететін созылмалы ауру. Көбінесе тұқым қуалайтын бейімділігі бар адамдарда дамиды. Кейбір жандарда демікпе ұстамасы аллергендермен жанасқанда басталады. Аллергиялық емес те қоздырғыштары болуы мүмкін, айталық, дене жаттығулары, темекі түтіні, ауаның ластануы немесе вирустық инфекция жұқтыру.

Басқа көптеген созылмалы аурулардан айырмашылығы – демікпе әдетте ерте, яғни бес жасқа дейін басталады. Егде жастағы адамдарда ол сирек пайда болады.

Ауруға күдік туғанда тез арада пульмонологқа көріну керек. Науқасқа спирометрия, кеуде қуысының рентгенографиясы және қан талдаулары, аллергияға арналған сынамалар тағайындалады.

Демікпенің пайда болу себептері әлі белгісіз болғандықтан, оның алдын алу жолдары жоқ. Бірақ демікпе диагнозы қойылған адамдарға ауруды қоздыратын барлық факторларды анықтап, мүмкіндігінше олардан аулақ жүру ұсынылады.


Остеопороз

Әлемде шамамен 200 миллион әйел остеопорозбен өмір сүреді. Бұл дерт ерлерде де кездеседі, бірақ сирегірек. Деректерге сүйенсек, 50 жастан асқан әрбір үшінші әйел мен әрбір бесінші ер адам осы ауруға шалдыққан

Остеопороз – сүйек массасы көп мөлшерде жоғалып, құрылымы бұзылатын созылмалы ауру. Салдарынан сүйектер морт сынғыш болады. Мысалы, төсектен құлағанда, ал қатты асқынған жағдайда жөтелгеннің өзінде сүйек сынуы ықтимал.

Әдетте адамдар жеңіл жарақаттан алғаш рет сүйегі сынғанға дейін өздерінде остеопороз бар екенін білмейді. Сондықтан сүйек массасын сақтау мәселесі бойынша өздері тұрақты қаралатын дәрігермен кеңесу ұсынылады. Әсіресе егде жастағы адамдарға. Бұл ауруды терапевтен бастап гинекологқа дейін кез келген маман анықтай алады.

Остеопороздан әрдайым сақтану мүмкін емес. Дегенмен салауатты өмір салты қағидаларын ұстану арқылы аурудың даму ықтималдығын азайтуға болады. Ас мәзірін кальций мен D дәруменіне бай тағамдармен (мысалы, майсыз сүт өнімдері, бұршақ тұқымдастар, жасыл көкөністер, балық, қызыл ет және жұмыртқа) байыту керек. 50 жастан асқан барлық адамдарға сақтық ретінде күніне 800–1 000 ХБ мөлшерінде D дәрумені қабылдау ұсынылады.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛАға КӨКӨНІС жеуді үйретудің 12 құпиясы