Қостанайда тұрғындар пәтерінде тарақан өсіріп, түлкі ұстаған көршісіне шағымданды

0
58

​Қостанай қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары көршісіне шағымданды.


Қостанайда тұрғындар пәтерінде тарақан өсіріп, түлкі ұстаған көршісіне шағымданды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Олардың айтуынша, үйдің бірінші қабатынан пәтер сатып алған зоодүкен иесі тарақан өсіріп, жем ретінде сатумен айналысқан. Бұған қоса, кәсіпкер әйел пәтерде түлкілерді де уақытша ұстаған. Тұрғындар жағымсыз иіс пен жәндіктердің көбейгеніне наразы, деп жазады stan.kz.

Тұрғындардың сөзінше, үйдегі қолайсыздық зоодүкен ашылғаннан кейін басталған. Олар жануарларға арналған жемнің иісі бүкіл үйге тарағанын, ал тарақандар көрші пәтерлерге дейін жайылғанын айтады. Жағдайды ушықтырған тағы бір жайт – кәсіпкердің пәтерге түлкілерді әкелуі.

“Жемнің иісі мүңкіп тұрады, тарақандар бүкіл үйге тарады. Олар жемдік жәндіктер сатады. Шағымдарымызға ешкім құлақ аспайды. Түлкілерді де әкелді. Бірінші қабаттан 79-пәтерді сатып алып, сол жерде ұстаған. Бірде таңертең көлік жууға бара жатсам, түлкі жүр. Басында ондатра терісі шығар деп ойладым. Аяғыммен түртіп қалсам, төмен қарай секіріп кетті. Кіреберісте жүрген", – деді тұрғын Анатолий Стокоз.

Тұрғындардың бірі Темірлан Қойшыманов зоодүкеннің тұрғын үйде орналасуына да күмән келтіреді. Оның айтуынша, әсіресе экзотикалық жануарлар мен жемдік жәндіктерді ұстау санитарлық талаптарға сай болмауы мүмкін.

"Мен медицина қызметкерімін. Медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда, тұрғын үйде зоодүкеннің орналасуы – түсініксіз жағдай. Зиянсыз балықтарды белгілі бір талаппен ұстауға болады. Бірақ мәселе экзотикалық жануарларға, түлкілер мен сатуға арналған тарақандарға келгенде, бұл мүлде қисынсыз", - деді Темірлан Қойшыманов.

Алайда зоодүкен иесі Юлия Мұхамедьярова тұрғындардың айыптауымен келіспейді.

"Біз пәтерді сатып алдық, бірақ онда әлі жөндеу жасалмаған. Қажетті рұқсат құжаттарын да жинап үлгермедік. Әзірге оны зоодүкен ретінде пайдаланбаймыз. Жануарларды сату үшін емес, уақытша ұстау үшін әкелдік. Астына үгінді төсеп, торларын жауып қойдық. Олар бөлмеде тұрады, дәретін де сол жерге шығарады", – деді Юлия Мұхамедьярова.

Кәсіпкер тарақандарға қатысты да өз уәжін айтты. Оның сөзінше, сатуға әкелінетін жемдік жәндіктер қарапайым ортада тіршілік етуге бейімделмеген. Ал түлкілер пәтерде уақытша ғана болған. Жаңа иелерін бірнеше күн күтіп, кейін сатылып, алып кеткен.

Осы жағдайға полиция да тексеру жүргізген. Алайда тәртіп сақшылары өз құзыретіне кіретін құқық бұзушылықтарды анықтамаған.

"Ішкі істер органдарының құзыретіне жататын заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, бөгде иістер мен жәндіктердің болуы, сондай-ақ жануарларды ұстау ережелері полицияның құзыретіне кірмейтінін түсіндіреміз", – деп пікір білдірді полиция департаменті.

Соған қарамастан, тұрғындар мәселені соңына дейін жеткізбек. Олар санитарлық қызмет пен ветеринариялық инспекцияға жүгініп, ресми тексеру жүргізуді талап етпек. Тұрғындар зоодүкеннің көпқабатты үйде орналасуы мен пәтерде жануарларды ұстаудың заңдылығын анықтауды көздеп отыр.