Оқушылар мен студенттерге арналған мотивациялық жоспар
Фото: www.sevsu.ru
Алда үш айлық жазғы демалыс! Бұл – тек демалуға ғана емес, сонымен бірге өзіңді дамытуға, жаңа дағдылар игеруге және болашағыңа инвестиция жасауға тамаша мүмкіндік. Жаз – энергияңды шығармашылыққа, өзін-өзі дамытуға ең қолайлы уақыты. Бос уақытты тиімді пайдаланып, жаңа білім мен тәжірибе жинау арқылы жеке дамуыңа серпін беруге болады.
Осы мақсатқа жету үшін не істеу керек? Біз сенің жазыңды ұмытылмас әрі нәтижелі етуге көмектесетін 8 идея дайындадық. Өзіңе ұнағанын таңдап, қазірден баста!
1. Жаңа тіл үйрен
Идея: Ағылшын, корей, жапон, қытай, француз немесе өзің қызыққан кез келген тілді таңда. Жазда тіл үйренуге уақыт жеткілікті!
Неге маңызды? Тіл білу – саяхаттау, шетелде оқу, тәжірибе алмасу және мансап жолындағы мүмкіндіктерді кеңейтеді. Шетел оқу орындарының грантын жеңіп, тегін білім алуға жол ашады.
Мысал:
- Duolingo, Memrise, LingQ қосымшалары арқылы күнделікті 30-40 минут жаттық. Таңертең 15 минут, кешке 15 минут уақыт арнасаң да болады.
- "English Addict with Mr Steve", "Talk to me in Korean" немесе "Learn Japanese with JapanesePod101" YouTube арналарынан видеосабақтар көрсең де жақсы.
- Фильмдердің ағылшын (немесе басқа тіл) тіліндегі нұсқасын көр.
- Айдың соңында прогрессіңді тексер. Мысалы, ағылшын тілінде қысқа эссе жазып көр.
2. Кітап оқы
Идея: Жазда кем дегенде 3 кітап оқы. Тұлғалық даму, психология, бизнес немесе көркем әдебиет – таңдау өзіңде.
Неге маңызды? Кітап оқу – ой-өрісті кеңейтеді, сөздік қорды байытады, шығармашылық ойлауды дамытады және өзіңді тануға көмектеседі.
Қалай ұйымдастыру керек?
- Күніне 15-20 бет оқы. Телефондағы уақытты кітапқа ауыстыр.
- Электронды кітаптарды Telegram арналарынан, Anybooks, Z-Library сияқты платформалардан, жалпы интернеттен тегін жүкте.
Мысал: Мотивациялық, тұлғалық даму, ораторлық шеберлік жөнінде Робин Шарма, Джон Кехо, Брайан Трейси, Тони Роббинс сияқты авторлардың кітаптарын интернеттен тауып оқы.
Көркем шығарма оқығың келсе, М. Әуезовтың «Абай жолы», Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» немесе Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын оқуға кеңес береміз.
Ай соңында оқыған кітабыңды достарыңмен талқыла немесе Instagram парақшасында қысқа шолу жаз.
3. Жеке блог жүргіз
Идея: TikTok, Instagram, YouTube немесе Telegram-да блог баста. Өзіңнің хоббиің, тәжірибең немесе күнделікті өмірің туралы бөліс.
Неге маңызды? Блог жүргізу – жеке бренд құрудың алғашқы қадамы. Ол шығармашылықты, сөйлеу және жазу дағдыларын, цифрлық сауаттылықты дамытады. Болашақта табыс көзіне айналуы мүмкін. Цифрлық заманда ертең маман атансаң да блог жүргізу арқылы әріптестеріңнен бір қадам алда боласың.
Қалай бастау керек?
"1 күн – 1 дағды" (жаңа нәрсе үйрену), "Менің жазғы челленджім" (мысалы, 30 күн жүгіру), "Рецепт апталығы" (жаңа тағам дайындау). ”90 күн жаттығу жасау марафоны”. Осы секілді рубрикалар бойынша өзің таңдаған әлеуметтік желіде блог бастау оңай.
Мысал:
- Күнделікті 15-30 секундтық видео түсір: "Бүгін не істедім?", "Жаңа сөз үйрендім", "Осы тағамды дайындап көрдім".
- "StoryTime" форматында өміріңнен, жазғы демалысыңнан қызықты оқиғалар айт.
- CapCut-пен видеоларды монтажда.
- Ай соңында қанша жазылушы жинағаныңды және қандай дағдылар үйренгеніңді талда. Және бұл жетістігіңді де пост қылып жазып салуға болады.
4. Онлайн курс аяқта
Идея: Жазда 1-2 онлайн курс оқып, жаңа мамандық немесе хоббиге қатысты дағдыларды меңгер. Мысалы, фото-видео түсіру, графикалық дизайн, сөйлеу өнері, SMM, фриланс, бағдарламалау, Python бағдарламалау тақырыптарында бір айға, үш айға арналған курстар бар. Хоббиге байланысты шеберлік сабақтарына қатысуға болады.
Неге маңызды? Онлайн курстар – болашақ мансапқа дайындық, резюмеңді байыту және қызығушылықтарыңды ашуға көмектеседі.
Қайдан табуға болады?
- Enbek.kz, Coursera, Stepik платформаларда тегін видеокурс көп. Сондай-ақ кейбір тегін платформалардағы курстар сертификат береді.
5. Спортпен айналыс
Идея: Күнделікті белсенді өмір салты – денені нығайтудың, стрестен құтылудың және артық салмақпен күресудің тиімді жолы. Бұл тек дене дайындығы ғана емес – бұл энергия, ой қуаты, сергектік, өзін-өзі басқару дағдысы.
Мысал:
- Таңертеңгі 20 минуттық жаттығу жаса.
- Кешке велосипед теп немесе жақын маңдағы саябақта 10 мың қадам жасап жаяу жүр.
- Достармен футбол, волейбол сияқты топтық ойындар ойна. Бұл рухты көтереді және әлеуметтік байланысты нығайтады, жаңа достар табу.
6. Цифрлық детокс жаса
Идея: Электрондық құрылғылардан уақытша арылу – нақты өмірді сезіну, ішкі даму және шығармашылық үшін қажет. Бұл - зейіннің артуы, стрестің азаюы, шығармашылық ойлау қабілетінің дамуы.
Мысал:
- Телефоннан артық қосымшаларды өшір, экран уақытын шекте.
- Естеліктерді (фото, видео) флешкаға сақта. Құрылғы бұзылса да, құнды сәттер сақталады.
- Әр күні 1 сағатты болашағың туралы ойлауға, ертеңіңді жоспарлауға немесе серуенге бөл. Қалаңдағы саябақтарға, мұражайларға бар.
- Уақытты шығармашылыққа (аспаздық, музыка, сурет, кітап оқу) жұмса.
7. Күнделік жаз
Идея: Жазбаша рефлексия – өз өміріңді бақылаудың, рететудің, өзіңе есеп берудің бірінші қадамы. Бұл күнделікті тәжірибелерден сабақ алу және өсу үшін қуатты құрал.
Мысал: Күнде кешке 15 минут уақыт бір күндегі эмоцияларыңды жазудан баста. Немесе "Бүгін не үйрендім?", "Қандай қиындықтарды жеңдім?", “Ата-анама көмектестім бе?”, "Кімге алғыс айтқым келеді?" деген сұрақтарға қысқаша жауап жаз. Ал апта соңында жетістіктер мен қателерді талда, келесі аптаға мақсат қой.
8. Жұмыс істе
Идея: Жазғы демалыс кезінде жұмыс істеу – тек қана ақша табу үшін емес, сонымен қатар дағдыларды жетілдіру және ересек өмірге дайындалу үшін қажет.
Мысал: Жаңа салаларда - кафеде даяшы, курьерлік, SMM, фотоға түсіру, балмұздақ сату, лагерьде, саябақтардағы ойын алаңдарында менеджерлікте өзіңді сынап көр. Бұл коммуникация дағдыларын арттырады, өзіңді сенімді сезінуге үйретеді. Я болмаса ата-анаңа үй жөндеу жұмыстарына (түсқағаз жапсыру, декор жасау, сырлау, жемістерден қақ дайындау т.б.) көмектес. Бұның бәрі жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерінің дамуына жәрдемдеседі.
Егер күнде 30-60 минутты өзіңе ұнаған осы сегіз идеяның біріне арнасаң, өзгерісті көресің. Ал егер сегіз идеяның төртеуіне (мысалы: спорт, цифрлық детокс, күнделік жазу, блог жүргізу) арнасаң, 3 айдан кейін қатарластарыңнан әлдеқайда алға озғаныңды, өскеніңді, қабілеттеріңнің дамығанын өзің ғана емес, өзгелерде аңғарады.
Дайындаған: Ж. Смағұлова.
Тағы да оқыңыз: