Сарапшы Олег Разумов өзінің куәлігі кезінде анестезиологтың жіберген қателіктерін егжей-тегжейлі айтып берді.
Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Астанада тіс емдету кезінде көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты сот отырысында бірнеше сарапшы куәлік берді. Олардың бірі баланың жүрегі тоқтап қалған кездегі анестезиологтың қателіктерін анықтады, деп жазады stan.kz.
Сарапшы Олег Разумов өзінің куәлігі кезінде анестезиологтың жіберген қателіктерін егжей-тегжейлі айтып берді.
"Видеоны көрген сайын жүрегім ауырады және жылағым келеді. Тіс дәрігерінің кабинетінде сап-сау қыз қаза болды, мен сол видеоны екі қайтара көруім керек болды. Наркоздан кейін монитор да, аппарат та дыбыс шығарды. Бұл дабылдар басынан бастап болды. Сіз екі сигналды өшірдіңіз. Сіз науқасқа жақындап, санацияны бастадыңыз. Және жұмыстың жалғасуына мүмкіндік бердіңіз. Содан кейін музыка қостыңыз, ал музыка бәрін басып тастады.
Стандарттарға сәйкес, дабылдарды өшіруге болмайды. Аппарат мәселені көрсетеді – сіз оны шешуіңіз керек, ал оны өшіру шара қолданбаумен тең. Медицинаның қағидасы – зиян келтірмеу. Ал сіз дабыл қосылған сайын оны өшіресіз”, –деді сарапшы Олег Разумов.
Сарапшы тіс дәрігері емді аяқтағаннан кейін "Севоран" анестезиясын енгізу тағы 15 минутқа созылғанын атап өтті. Бала емнен кейін оянды, бірақ анестезиолог тағы дәрі берді.
"Тіс дәрігері кеткең соң науқасты ояту керек. Дәл осы кезде дәрігер қолға ала алмаған жайттар болды. Бала жөтеліп, қозғала бастады. Осы кезде дәрігер назар аударды.
Сағат 13:57-де қан қысымы өлшенбеді, менің ойымша, бұл қателік болды. Тіс дәрігері кеткен кезде процедурадан кейін бірден тонометрді алып тастады. Жүрек мониторингі болған жоқ, қан қысымы да тексерілмеді, ол түсіп кетуі мүмкін еді. Кейінірек анестезия ағыны артты. Содан кейін асистолия болып, содан кейін адреналин енгізілді. Ал севоран 15-минутқа дейін қолданылып тұрды", – деді сарапшы.
Баланың қанынан қосымша дәрі-дәрмектер табылды.
Ол анестезиолог құжаттамада көрсетілмеген бірнеше дәрі бергенін қосты. Ал видеода 12-15 жасқа дейінгі балаларға берілмеуі керек "Кетопрофенді", сондай-ақ "Супрастин" мен кальций хлоридін қосқаны байқалған.
"Бейнежазбада бәрі көрсетілген. Анестезиолог ояну басында "Супрастин беріңіз, кальций беріңіз" дейді. Балада севоран анестезиясына байланысты гипотензия болды. Оның үстіне антигистаминдік дәрі, кальций және севоран қосылса, брадикардияны тудырады. Салдарынан бала шок алады, қан қысымы төмендейді”, – деді Разумов.
Сөзінше, кальций хлоридінің балаларда брадикардияны тудыратыны, ал кішкентай балаларда жүрек тоқтауына әкелетіні нұсқаулықта көрсетілген.
“Супрастинді тез енгізу жүргізіліп жатқан седацияның үстіне кенеттен седация, яғни брадикардияға, содан кейін тыныс алудың тоқтауына әкеледі. Қанда кетопрофен анықталды. Оны 12-15 жасқа дейінгі балаларға қолданбайды", – деді маман.
Айта кетейік, дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада 3 жасар қыз тіс емдетіп жатып көз жұмғаны туралы жазған едік.


