"Дені сау бала тумадың": жалғызбасты ана өзінің жас күнінде қалай далада қалғанын айтты

0
185

"Өз баласының, яғни күйеуімнің ішімдік пен есірткіге тәуелді адам екенін, есепте тұратынын жасырғандарын ұмытып, немересінің денсаулығында кінәрат болуына мені кінәлады."


Сурет: i.pinimg.com

"Көптеген аналардың өмірге, отбасына, балаларына деген шағымдарын оқып жаным түршігеді" дейді жалғыз баланы өсіріп-жетілдірген ана.

ERNUR.KZ порталы арқылы өзінің өміртарихын, көрген сынақтарын алға тартып, көп адамның болмашыға қиналатынын түсіндіргісі келеді.


"Тағдырыма шүкір етіп, өмірімнен мән табуға, бақытты болуға тырысып келе жатқан аналардың бірімін. Кейде ойлаймын, мен секілді қиналған адам бар ма екен деп. Бірақ, сол қиындықтарға мойымай, көзімнің ағы мен қарасы болған жалғыз балам үшін өмір сүріп келе жатқан анамын. Егер сол баланың дені сау, жұмысқа қабілетті болғанда, мен баламды бұдан да мықты етіп тәрбиелеуші едім деп ойлаймын. Өйткені, өзімнің көрген қиындығым мен бейнетімді ешқашан балама көрсетпеуге тырысатын едім.

Көптеген аналардың өмірге, отбасына, балаларына деген шағымдарын оқып жаным түршігеді. Оның барлығын да адам өзі қаласа, реттеуге болатын дүние ғой деп қынжылатынымды жасыра алмаймын. Өйткені, оларда бар мүмкіндік менде болған жоқ. Бәлкім, адам басына түспей ештеңенің байыбына бармайтын шығар. Солай ғана ақтап ала аламын оларды.

Он сегізге толар-толмас тұрмысқа шықтым. Өз қалауыммен, жаным сүйіп бас қостым дей алмаймын. Әке-шешем ажырасып, көп ұзамай анам қайтыс болып, нағашыларымның қолында өскен қызбын. Мен үшін жауапкершілік арқалаудан ертерек құтылғысы келген шығар, мектепті бітірген соң нағашым алғаш сұраған адамға ұзатып жіберді.

Келіндік өмірде ата-енеме барынша қызмет жасап, олардың ақ батасын алуға тырыстым. Ал күйеуімді өте сирек көретінмін. Көбінесе үйде болмайтын. Жұмыс істеп кетсе мейлі ғой, жай қаңғиды. ата-енемнің зейнетақысына күн көрдік. Сонда да ата-енем зәбір көрсетпеген соң, басқа барар жерім де жоқ қой деп жүре беруіме тура келді.

Арада жыл өткенде жүкті екенімді сездім. Қатты қуанып, күйеуім маған көңіл бұрмаса да, ата-енеме немере сыйлап, балама алданып, ары қарай бақытты өмір сүремін деген жақсы ниетім болды.

Бірақ өкінішке орай бала науқас болып туылды. Осыған дейін дәрігерлер ескертті, жолдасымды да дәрігерлік тексеруден өтуге шақырды. Бірақ ол келген жоқ. Дәрігерге бармақ түгілі, үйіне әрең келіп жүрген адам ғой.

Бала өмірге келді. Диагнозбен. Дәрігерлер ұрсып, жерден алып, жерге салып жатыр. «Саған ескертілді, неге немқұрайлы қарайсың? Енді мына баланы қалай бағасың? Оған да, өзіңе де осындай өмірді тіледің бе?» Осылай деп дәрігерлер шыж-быж болғанда енем ләм-мим деп ауыз ашпады.

Баладан бас тартпадым, бірақ енем үйден қуып шықты. Өз баласының, яғни күйеуімнің ішімдік пен есірткіге тәуелді адам екенін, есепте тұратынын жасырғандарын ұмытып, немересінің денсаулығында кінәрат болуына мені кінәлады.

Баламды құшақтап тағы да далада қалдым. Нағашыма бара алмаймын, жұмыс істеуге балам кішкентай. Қайырымды жандар көп екен, солардың бірі мені аналар үйіне орналастырды. Балам кішкене өсіп алғанша сол жерді паналадым. Одан кейін өз күнімді өзім көріп келемін осы уақытқа дейін.

Мектепте еден жудым, көшеде бәліш саттым. Қара жұмыстың қай-қайсысынан да қашпадым. Әр күніме шүкір етемін, балам да күн санап өсіп, жігіттік жасқа жетті. Мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, өте еңбекқор ұлды тәрбиеледім деп мақтанып айта аламын. Қоларбада отырса да, он екі мүшесі түгел балалармен бірдей жетістікке жетіп отыр. Мұнымен өз баламды асыра мақтап, өзгенің баласын мұқату емес айтпағым.

Ал мені кезінде "Диагнозы бар ауру бала тудың" деп далаға қаңғытып жіберген ата-енем қазір немере сүймек түгілі, өз балаларын көруге зар болып отыр екен. Нағашы жеңгем бұрынғы күйеуімнің бұрын апталап жоғалса, қазір айлап жоқ боп кететінін, әке-шешесінің зар жылап жүргенін айтты. Ешкімге жамандық тілемеймін, біреуді қайғысына қуанбаймын да. Ұл-қыз, немере-шөберенің қызығына бөленер қартайған шағында осындай күйге түскендеріне жаным ашиды қайта. Бірақ амал қанша, әркім өз жасағанының жемісін көреді."