​Мобильді аударымы назарға іліккендерге салық органдарынан қандай хабарлама келеді

0
113

2025 жылдың 12 қарашасында Қаржы министрінің бұйрығымен мобильді аударымдарды бақылаудың өлшемшарттары бекітілді.


​Мобильді аударымы назарға іліккендерге салық органдарынан қандай хабарлама келеді

Коллаж: Kazinform

ERNUR.KZ. Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильді аударым саны мен мөлшері салық органдарының назарын аудартқан адамдарға қандай хабарлама келетінін айтты, деп жазады inform.kz.

— 2025 жылдың 12 қарашасында Қаржы министрінің бұйрығымен мобильді аударымдарды бақылаудың өлшемшарттары бекітілді. Ондай өлшемшарт бұрыннан бар. Бұл жолы соған кішкене ғана өзгеріс енгіздік. Атап айтсақ, 3 ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғадан өзінің жеке шотына ақша аударымдарын алса және оның жиынтық сомасы 1 млн теңгеден асса, мәліметтері салық органдарына жолданады. Бұл жерде шатасудың қажеті жоқ. Аударымның сомасы 1 млн теңгеден асса болды, мобильді аударым тексеріледі екен деген — жаңсақ пікір. Ол мүмкін емес. Өлшемшарттың екеуі де орындалуы керек. Үш ай қатарынан 100 немесе одан да көп тұлғадан ақша аударымдары түсу керек және солардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асу керек, — деді ол онлайн брифингіде.

Сондай-ақ, ол 1 млн теңге деген шек неге алынғанын түсіндірді.
— Бұл жерде біз 1 млн теңге деп түсінікті тілмен айтып отырмыз. Ал өлшемшартта ең төменгі 12 жалақы көлемінде деп бекітілген. Қазір оның мөлшері 1 млн теңгеге тең. 100 тұлға деген аударым саны емес, аударым жасаған адам саны. Мұндай өлшемшартқа кәсіпкер емес адамның түсуі екіталай, — дейді маман.
Сондай-ақ, ол аударым саны мен мөлшері артқан адамдарға алғашқы хабарламалар наурыздың соңына қарай келе бастауы мүмкін екенін айтады.
— 31 желтоқсанға дейін күшінде болатын № 323 бұйрықта банктер аударым туралы деректі бір жылдың қорытындысы бойынша беретін. Ал 2026 жылы күшіне енетін Салық кодексінде осы мерзім «анықталған сәттен бастап» деген ұғыммен алмастырылды. Демек 3 ай қатарынан аударым жүріп жатқанын банктер анықтаса, сол бойда салық органдарына жолдайды. Банктен алған мәлімет бойынша камералдық бақылау жүргіземіз. Соның қорытындысы бойынша хабарлама жібереміз. Ол хабарлама 1414 нөмірі арқылы да, салық төлеушінің кабинетіне де жіберіледі. Ол хабарламадағы талаптарды орындауға 30 жұмыс күні беріледі, — деді Ерсайын Көптілеуұлы.