"Үй жинап, ыдыс жуғаннан еркектік қасиетім кеміп қалған жоқ"

0
135


Сурет: i.pinimg.com

"Сенің әйелің – біреудің мәпелеп өсірген қызы, балаларыңның анасы. Әйелің – сенің таңдаған жұбың әрі жолдасың. Отбасыңның ұйытқысын сақтап отырған адам. Сол себепті ерлі-зайыпты бір-бірін қолдағаны жөн" деген жігіт ағасы ер-азаматтарға айтар ақылын ERNUR.KZ порталы арқылы жеткізгісі келеді.


"Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Ата-анамыздан төрт ағайындымыз. Төртеуі де ұл бала. Алдымда үш ағам бар, мен отбасындағы кенжесі едім. Сол себепті үйдің барлық шаруасы менің мойнымда болды.

Ағаларым есейіп, әрқайсы өз жолымен, бірі басқа қалада жұмыс істеп, бірі оқуда, бірі әскерде болған кезде үйде мен ғана болдым әке-шешемнің қасында. Сондықтан, үй шаруасын атқардым. Қыз бала болмағандықтан, анама қолғабыс етіп, ол жұмыстан келгенде ыстық тамаққа дейін пісіріп, дайындап қоятынмын. Анам қыз баланы қатты армандағанын, күткенін айтатын. Бірақ ол менің жасаған ісімді көріп, көңілі тоқ болды. Қыз бала анаға көмекші, сырлас болады дейді ғой, бірақ мен анама қолғабыс болып, оның ауырын жеңілдеткеннен кеміп қалған жоқпын.

Қазақта әлі де осындай бір пікір бар ғой, «қыз бала үйдің шаруасын атқарады, ер бала ондайға араласпау керек» дейтін. Әлбетте отбасымызда қыз бала болса жөні бөлек. Бірақ мен әпке-қарындасым болса да осы істерді жасаудан арланбас едім, оларға көмектесіп жүрер едім деп ойлаймын.

Тек қана анама болысып емес, әкемнің де жанында көп жүрдім. Сондықтан, анама көмектесу үшін үй жинап, ыдыс жуғаннан менің еркектік қасиетім кеміп қалды деп айта алмаймын. Керісінше, өмірдің барлық сабақтарына дайын болдым.

Ағаларым әлдеқашан үйленіп, еншілерін алып, жап-жақсы отбасы болып отыр. Ал мен қара шаңырақта, ата-анамның жанындамын. Келіншегім мен секілді жігітке тұрмысқа шыққанына дән риза.

Қазір мен де, келіншегім де жұмыс істейміз. Ал үй шаруасымен, бала тәрбиесімен екеуміз де айналысамыз. Бұл әйелдің жұмысы деп барлық жауапкершілікті оның мойнына артып қоюды жөн санамадым. Сондықтан бір-бірімізге «мен ыдыс жуамын, сен тамақ пісіресің» немесе «мынау ердің, ал мынау әйелдің жұмысы» деп бөліп отырмадық. Алдымызға «барлық шаруаны тең атқарамыз» деген міндет те қоймадық. Кімнің қолы бос немесе мүмкіндігі болса, істей береді. Себебі екеуіміз де бұл отбасыны өз қалауымызбен саналы түрде құрғанымызды түсіндік.

Келіншегім өте шаруақор адам. Анам оның үй шаруасына ұқыпты әрі таза екеніне, менің қарным тоқ, көйлегім бүтін болатынына сенімді болды.

Үш баламыз бар, қазір келіншегімнің төртінші перзентімізге аяғы ауыр. Қазір оған жүріп-тұрудың өзі қиын екенін түсінемін. Сол себепті зайыбыма ауырлық түсірмеуге тырысамын.

Әйелім екеуміз кез келген отбасы мәселесін бірге ақылдасып, шешіп отырамыз. Отбасымыздың негізгі құндылығы — бір-бірімізді түсініп, тыңдағанымызда. Меніңше, бірін-бірі еститін, тыңдайтын, түсінетін отбасында береке болады. Әрине, әйелім мені «ер-азаматым» деп сыйлап тұрады. Отбасылық мәселеде соңғы шешімді мен қабылдаймын. Десе де оған дейін әйеліммен ақылдасып, оның пікірімен санасамын. Бала тәрбиесі де тек әйелдің емес, ерлі-зайыптының ортақ ісі емес пе?!

Ер адам да бала қарап, оны киіндіріп, жуындырып, балабақшаға, мектепке апарып-әкеліп, тәрбиесімен айналысуға тиіс. Себебі ол сенің де балаң. Оның үстіне бала айтқаныңды емес, көргенін істейді. Мәселен, ұлдарым ыдыс жуғанымды көріп, мен болмасам да өздері анасына көмектесіп тұрады.

Сенің әйелің – біреудің мәпелеп өсірген қызы. Екіншіден, ол – балаларыңның анасы. Үшіншіден, әйелің – сенің таңдаған жұбың әрі жолдасың. Отбасыңның ұйытқысын сақтап отырған адам. Сол себепті ерлі-зайыпты бір-бірін қолдағаны жөн."