"Осы қыздың бірдеңесі дұрыс емес": бойжеткен өзі туралы айтылатын сөзге қынжылады

0
240

«Бір-бірін сүйген жандар, ойлары бір арнаға тоғысқан жандар бір-біріне емес, бір бағытқа қарайды» дегенді түсінетін уақыт жеткен сияқты."


Сурет: i.pinimg.com

"Жасым отызға келсе де, менімен көзқарасы сәйкес келетін жігітті таппай жүріп қалдым. Осы жасыма дейін бірде бір жігіт мойын бұрмайтындай ұсқынсыз емеспін. Керісінше, бір қараған жігіт екінші рет бұрылып қарайтындай келбетім бар. Бірақ, мәселе келбетте емес, жүректе."

Осылай деген бойжеткен айналасында өзін түсінбейтіндердің көп екенін айтты. ERNUR.KZ порталының оқырмандарына ақтарылса, бәлкім жанын ұғып, қолдайтын жан табылар деген үміті бар.


"Қаншама жігіттер ғашық болып, қолымды сұрағанда ойланып қалатынмын. Олардың ішінде бойы сұңғақ, дене бітімі мен келбеті келіскен жігіттер де болды. Егер келте ойлы болсам, сыртқы келбетіне қызығып, солардың біріне әлдеқашан күйеуге шығып кетер едім.

Бірақ, менің ойлағаным түр-келбеті сұлу жігітке тұрмысқа шығу емес. Екеуміздің көзқарастарымыз сай келіп, бір-бірімізді жеке тұлға ретінде бағалап, жеке қызығушылықтарымызға қол сұқпай, түсініп, бағалап, қолдай алуы маңызды дер едім. Өкінішке орай, осы жасыма дейін тап сондай жігітті өмірімде жолықтыра алмадым.

Мектепте үздік оқушы болдым. Ата-анам білімге деген құштарлығыма тұсау салмады. Анам кейде үй шаруасына икемсіз болып қаласың деп ұрсып, мектептен үйге берілген тапсырмаларды тиянақты орындауыма мұрша бермейтін. Сонда әкем араша түсіп, «Оқимын деген қыздың ойын бұзба. Үй шаруасы осыған қарап қалып па? Одан да білім алсын, дамысын. Ертең осы қызым менің атымды шығаратын болады. Ал үй шаруасына келсек, басына түскенде өзі-ақ үйреніп алады. Қазір қиналып жатқан түгіміз жоқ. Жалғыз қызымыз емес. Тамақты өзің пісірсең, үйді сіңлілері жинап жатыр ғой. Осы қыздың мүмкіндігін тарылтып, жолын кес-кестей бермейік» деп әкем қорғап қалушы еді.

Мен осылай тәрбиелендім. Әкем де білімге өте құмар адам. Анам «Оқымысты болғаннан мүйіз шыққан жоқ. Керісінше, тұрмыс-тіршілікке бейімделген адам озып жатыр мына заманда» деп уәжін айтатын. Ол кезде шынымен солай болған шығар, алайда, қазір заман өзгеріп жатыр. Білектінің емес, білімдінің заманы десек те болады.

Мектепті аяқтаған соң, өзімнің жан қалауым бойынша архитектура мамандығы бойынша білім алдым. Әке-шешеме еш ауыртпалығымды салмай, барлығына өз күшіммен жеткенмін. Қандай да бір жетістіктерім болса, ең алдымен ата-анам қуанатын.

Университетті де аяқтап, бірден жұмысқа орналастым. Жас мамандар тапшы ғой бұл салада. Бір компанияға қарапайым қызметкер болып орналастым. Жұмысты ақша табу үшін емес, жан рахаты үшін істедім. Бұлай айтатын адамдар аз шығар, бірақ шыны керек, мені жалақым емес, жұмыстан алатын рахаттану сезімі қанаттандыратын.

Осылай біраз уақытым өтіпті. Жасым жиырма үштен аса бастағанда жігіт туралы, тұрмысқа шығу туралы жан-жағымдағы адамдар айта бастады. Сонда да бар ойым кәсібімде еді. Маған одан басқа ештеңе керек емес секілді өзімді бақытты сезініп жүре беруші едім. Бірақ анам қыз баланың жасы жетіп, тұрмысқа шығатын уақытында кешікпей отау құрғаны, бала сүйгені дұрыс екенін айтып отыратын. Ойлап қарасақ, біздің мына өмірге келгендегі ең бірінші миссиямыз да сол емес пе?

Олай болса, өзіме тең, менің армандарыма балта шаппайтын, керісінше қолдайтын, отбасы мен жұмысымды қатар алып жүруіме мүмкіндіктер жасайтын мәрт жігітті армандадым. Өкінішке орай, ондай жігіттер бар шығар, бірақ көп емес. Әлде маған тек сондай ойдағы жігіттер ұшырасты ма екен?

Кездесуге барғанда айтатын әңгімелері «маған үйде отыратын әйел керек», «ата-анама жақсы келін болсаң болды», «тұрмысқа шыққан соң бала тауып, менің бар жағдайымды жасап отырсаң жетеді, отбасын өзім асыраймын» дейтін. Кейбір қыздарға осылай айтатын жігіттер ұнайтын шығар. Бірақ маған емес. Осы кезге дейін оқу оқып, жұмыс істеп, карьерамды жолға қоюды армандап, сол жолмен жүріп келемін. Отбасын құрғаннан кейін де бұл жолдан шығып кетуді қаламас едім. Өйткені, үйде қамалып отыра алмаймын.

Белгілі бір уақыттарда, мәжбүрліктен, яғни өмірге бала әкеліп, сол баланың күтімімен отыруым мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт бойы, өмір бақи «үй шаруасындағы әйел» деген статусқа өзімді жатқыза алмаймын.

Ал адамдар менің отыз жасқа дейін тұрмыс құрмай жүргенімді естісе «бірдеңесі дұрыс емес» деп ойлайды. Бұл жалпы біздің қоғамда қалыптасып қалған таптаурын ой ғой. Оны жалғыз өзім өзгерте алмайтыным да белгілі.

Жалпы қыз бен жігіт неліктен отау құрады? «Бір-бірін сүйген жандар, ойлары бір арнаға тоғысқан жандар бір-біріне емес, бір бағытқа қарайды» дегенді түсінетін уақыт жеткен сияқты."