Алматыда сезілген жер сілкінісінен кейін қайталама дүмпулер болуы мүмкін: сейсмологтар ескерту жасады

0
89

Еуропа–Жерорта теңізі сейсмология орталығы (EMSC) таратқан мәліметке сәйкес, бүгін жергілікті уақытпен 13:44:07-де Қытайдың Ақсу өңірінде магнитудасы 5,8 жер сілкінісі болды.


Алматыда сезілген жер сілкінісінен кейін қайталама дүмпулер болуы мүмкін: сейсмологтар ескерту жасады

Фото: wikimedia/Petr Brož (Czech Academy of Science)

ERNUR.KZ. 4 желтоқсан 2025 жылы Қытай аумағында күшті жер сілкінісі тіркеліп, оның дүмпуі Алматы мен еліміздің бірқатар өңірінде сезілді. Еуропа–Жерорта теңізі сейсмология орталығы (EMSC) жерасты қозғалысынан кейін қайталама дүмпулер – афтершоктар болуы ықтимал екенін хабарлады, деп жазады zakon.kz.

Еуропа–Жерорта теңізі сейсмология орталығы (EMSC) таратқан мәліметке сәйкес, бүгін жергілікті уақытпен 13:44:07-де Қытайдың Ақсу өңірінде магнитудасы 5,8 жер сілкінісі болды. Дүмпу қуаты 300 шақырымнан астам қашықтықта сезіліп, оны Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы шамамен 7 миллионға жуық адам байқаған.

"Алдағы сағаттарда немесе алдағы күндері қайталама дүмпулер болуы мүмкін. Абай болыңыздар және ұлттық құтқару қызметтерінің нұсқауларын орындаңыздар", – делінген EMSC таратқан хабарламада.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қайталама дүмпулердің ықтималдығына қатысты сұраққа жауап берді.

"Қайталама дүмпулер мәселесіне байланысты ғылыми сейсмология орталығының комиссиясы отырыс өткізіп жатыр. Нәтижесі бойынша сейсмологтар болжам жөніндегі қорытындыны жариялайды", – деп хабарлады ведомство.

Бүгін, 4 желтоқсанда, сағат 12:45-те Алматыда жер сілкінісі болды. Оңтүстік астанада сезілген жерасты дүмпулерінен кейін қала тұрғындары мен қонақтары кеңселерден, ғимараттардан, сауда орталықтарынан жаппай сыртқа шығып, эвакуацияланды. Метрополитен де уақытша жұмысын тоқтатты.

Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 277 шақырым қашықтықта орналасқан. Дүмпулер тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның ондаған елді мекенінде сезілді.