Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны және теміржолдағы тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында Астанадан келген екі мектеп оқушысы жүк пойызына мініп, вагоннан вагонға секіріп ойнаған. Бұл «ойын» олардың өміріне қауіп төндірді, деп жазады baq.kz.
Оқиға 11 сәуір күні Целиноград ауданындағы Жайнақ станциясында, Астана – Атбасар бағытында болған. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, машинист вагонда бөгде адамдарды байқап, жүк пойызын шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.
Олардың өміріне тікелей қауіп барын түсінген ол дереу Жайнақ станциясының кезекшісіне және көліктегі полиция бөлімшесіне хабар берген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 14 және 16 жастағы екі жасөспірімді анықтаған. Олар вагонға жармасып, заңсыз жүруге әрекет жасаған.
Полицейлер жасөспірімдерді пойыздан түсіруге тырысқан. Қашу кезінде олардың бірі төменге құлап кеткен. Нәтижесінде ол бұғана сүйегін сындырған. Екіншісі аяғын қайтарып алған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді, ал екіншісі заңды өкілдеріне тапсырылды.
Қазір барлық мән-жай анықталып жатыр: жасөспірімдердің пойыз төбесіне қалай шыққаны және сол сәтте пойыз қозғалыста болған-болмағаны тексерілуде.
Полиция мұндай әрекеттер өмірге тікелей қауіп төндіретінін және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Теміржол көлігінде "зацепинг" жасау әрекеттері ерекше бақылауда және қатаң түрде тоқтатылады.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны және теміржолдағы тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


