Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ERNUR.KZ. Астанада «Астана Тазалық» ЖШС-нің бастамасымен, қалалық кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығымен бірлесіп ағаш отырғызу экологиялық акциясы өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қалалық ортаны абаттандыру бағытындағы кезекті маңызды қадамға айналды.
Акция түрлі сала өкілдерін біріктірді – коммуналдық қызметкерлер, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ дәрігерлер мен шұғыл медицина жүйесінің мамандары. Қатысушылар елорданы көгалдандыру ісіне өз үлестерін қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттырудың үлгісін көрсетті.
Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат экологиялық мәдениетті дамытуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған.
Мұндай бастамаларда коммуналдық қызмет саласы қызметкерлерінің рөлі ерекше. Олар күн сайын қала тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады. Саладағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Астана Тазалық» ЖШС, мұнда 2000-нан астам қызметкер еңбек етеді және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
«Мұндай акциялар – тек қаланы көгалдандыруға қосылған үлес қана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігі. Әртүрлі сала өкілдерінің бір мақсатта бірігуі қоғамда жаңа жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады», – деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев.
Өз кезегінде медицина саласының өкілдері де экологиялық акциялардың маңыздылығын атап өтті.
«Қоршаған ортаның тазалығы – халық денсаулығының маңызды факторы. Дәрігерлер қауымы үшін мұндай акцияларға қатысу – кәсіби әрі азаматтық міндет», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.
Ал білім беру саласының өкілдері мұндай іс-шаралардың жастардың экологиялық санасын қалыптастырудағы рөліне назар аударды.
«Мұндай бастамалар студенттер үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Жастар табиғатты қорғаудың маңызын іс жүзінде түсініп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйренеді», – деді кәсіптік-техникалық колледж директорының міндетін атқарушы Жанна Баймұратова.
Іс-шара барысында қатысушылар 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызып, елорданың жасыл қорын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосты.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы кең ауқымда жалғасуда. Ел бойынша көгалдандыру, аумақтарды тазарту және экологиялық ағарту бағытындағы бастамалар жүзеге асырылып, миллиондаған азаматтарды табиғатты қорғау мен тазалық идеясы төңірегінде біріктіруде.


