Астаналыққа үйді өртеуге Instagram арқылы тапсырыс берілген

0
123

Әлеуметтік желілерден қосымша жұмыс іздеп жүрген ер адам 2 мың доллар үшін құқыққа қайшы әрекет жасау туралы ұсынысты қабылдаған.


Астаналыққа үйді өртеуге Instagram арқылы тапсырыс берілген

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Астанада тапсырыспен үй өртеген ер адам сотталды, деп жазады tengrinews.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, әлеуметтік желілерден қосымша жұмыс іздеп жүрген ер адам 2 мың доллар үшін құқыққа қайшы әрекет жасау туралы ұсынысты қабылдаған. Тапсырманы Instagram арқылы алған.

"Үйде адамдар болғанына қарамастан, қаскөй өз іс-әрекетінің зардабын түсіне тұра, алдын ала дайындалған өртегіш құрылғыларды тұрғын үйге қарай лақтырып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірді", - деп хабарлады прокуратура.

Алайда ол өзіне қатысты емес жағдайларға байланысты қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған.

Сот шешімі

Сот сотталушыны бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бойынша кінәлі деп таныды. Оның бұрынғы өтелмеген соттылығын ескере отырып, оған түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Прокуратура ескертуі

Астана прокуратурасы әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын заңсыз схемаларға қатысу міндетті түрде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын баса айтты. Онда күмәнді "жұмыстарға" келісу бас бостандығынан айыру және айналадағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіру сияқты ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін екені атап өтілді.