Астанада қалдықтарды энергияға айналдыратын экопарк жобасы іске қосылды

0
85

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.


Астанада қалдықтарды энергияға айналдыратын экопарк жобасы іске қосылды

Фото: Үкімет

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Аймақтық экологиялық саммит – 2026 іс-шарасына қатысу үшін Астанаға келген қытайлық Shenzhen Energy Environment Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ганмен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz.

Онда еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі нормаларға және Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасына сәйкес экология саласындағы ынтымақтастық жайы талқыланды.

Бүгін елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарата отырып, электр энергиясын өндіруге арналған "Астана энергиясы" экопаркі" инвестициялық жобасының бірінші кезегінің құрылысы басталды. Жобаға $180 млн инвестиция салынады. Бірінші кезеңді жүзеге асыру шеңберінде кәсіпорынның қуаты тәулігіне 1,5 мың тоннадан астам қалдықты құрайды, ал өндірілетін электр энергиясының көлемі 50 МВт болмақ. Мұнда технологиялық және экологиялық параметрлерге ерекше назар аударылып отыр, оның ішінде қалдықтарды тазартудың заманауи көп сатылы жүйесін қолдану бастамасы да бар. Осы мақсатта Астанада "East hope" ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды. Нысанды пайдалануға беру 2029 жылдың маусым айына жоспарланып отыр.

"Біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасында сенімге құрылған қарқынды диалог орныққан, бұл – бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін негіз. Біз Қытай тарапы мен бизнеске экономиканың дамуына қосқан үлесі үшін ризамыз және барлық қажетті жағдайларды жасауға дайынбыз. "Астана энергиясы" экопаркі" жобасы елорда үшін ғана емес, ел үшін де стратегиялық маңызға ие. Үкімет осы жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау шараларын көрсетеді", – деп атап өткен Олжас Бектенов, Энергетика министрлігі мен әкімдікке осы тәжірибені басқа өңірлерге кеңінен тарату перспективаларын қарастыруды тапсырды.

Shenzhen Energy Environment Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ган компанияның жобаның екінші кезегін жүзеге асыру ниеті бар екені туралы мәлімдеді, бұл болашақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында жинақталған қалдықтарды толық жоюға мүмкіндік бермек. Бүгінде компанияның портфелінде Қытай Халық Республикасының аумағында орналасқан жалпы қуаттылығы тәулігіне 79 мың тонна болатын 57 қоқыс жағатын кәсіпорын бар. Shenzhen Energy Environment Co., Ltd 20 миллионға жуық халқы бар Шэньчжэнь қаласындағы қалдықтардың 90%-ын сұрыптап, кәдеге жаратып отыр.

"Біз Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз және жобаны сапалы жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз. Кәсіпорын Қытай мен Қазақстан арасындағы іс жүзіндегі ынтымақтастықтың маңызды үлгісі болатынына сенімдімін. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жобаны одан әрі ілгерілетуді жоспарлап отырмыз", – деді Shenzhen Energy Environment Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ган.

Тараптар "Астана энергиясы" экопаркі" екі ел арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың тағы бір нәтижелі үлгісі болатынын атап өтті.

Сонымен қатар көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО мен газ электр стансаларын экологиялық реконструкциялау, сондай-ақ өндірісті локализациялаудағы өзара іс-қимылдың келешегі талқыланды.

Кездесу соңында тараптар жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға және келешегі зор бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерін салуға ниетті екенін жеткізді.