Шекарадан кез келген құжатпен, ВИЗАСЫЗ кіргізетін әлемдегі ЖАЛҒЫЗ ЕЛ

0
357

Жай ғана ұшып келіп, 1 айға қалуға, қаласаң, мерзімді тағы 60 күнге ұзартуға болады


Шекарадан кез келген құжатпен, ВИЗАСЫЗ кіргізетін әлемдегі ЖАЛҒЫЗ ЕЛ

Сурет: content.skyscnr.com

  • Ойлашы, бұл елдің шекарасын кез келген құжатпен, әлемнің кез келген нүктесінен кесіп өтуге болады.
  • Ойлашы, виза алу үшін сауалнама толтырып, жұмыс орнынан анықтама өткізіп, төлқұжаттағы мөр үшін уайымдаудың қажеті жоқ.
  • Ойлашы, бұл елдің табиғаты да тамаша, теңіз суы мен жайлы жағажайы Мальдивтікінен кем түспейді.


Керемет қой, иә? Ендеше, неге елдің бәрі сонда саяхаттап бармайды? Оның өз себептері бар.

Бұл ел – Микронезия Федеративтік Штаттары. Тынық мұхитының батыс бөлігінде, Гавай аралдары мен Филиппиннің арасында орналасқан. Жүздеген кішкентай аралдар мен атолдардан құралатын федерация. Құрлықтың жалпы аумағы небәрі 700 шаршы шақырымнан сәл ғана асады. Аралдардың арасында жүздеген шақырым ашық су жатыр. Елдің бір шетінен екінші шетіне жету үлкен мемлекеттерді басып өткеннен де қиын. Ең қызығы да осы жерден басталады.

Мұхит ортасындағы жұмбақ елге туристер өте аз табан тірейді. Оның себебі – ұшып жету қиын, кей жағдайларда тіпті мүмкін емес. Сәті түскен жағдайда билет үшін бір Айфонның құнын төлеп, ұшақта бір тәуліктен астам уақыт өткізіп жете аласың.

Микронезия – ұмытылған өлке. Оны туристік бағыттар арасынан көрмейсіз, тамаша табиғаты мен көрікті жерлері жайлы ешкім айтпайды. Ол жаққа демалушыларды таситын чартерлік рейстер де ұшпайды. Осы себептерден Жер бетіндегі барлық тұрғын үшін ашық ел болса да, ол туралы ешкім біле бермейді.

Ресми түрде Микронезия Федеративтік Штаттары ешкімнен виза талап етпейді. Қайдан келгенің, төлқұжатың, жұмысың немесе шотыңда қанша ақша бары маңызды емес. Жай ғана ұшып келіп, бір айға қалуға болады. Қаласаң, бұл мерзімді тағы 60 күнге ұзарта аласың. Құжат пен анықтама түгендеуден шаршағандар үшін таптырмас бағыт сияқты көрінеді.

Бірақ басты мәселе – ұшаққа билет табу сирек кездесетін көне жәдігерді табудан да қиын. Микронезияға тек бір ғана авиакомпания ұшады. Тікелей рейстер атымен жоқ. Кем дегенде екі немесе үш ауысым жасау керек: алдымен Гуамға, кейін Чуук немесе Понпеиге, ал ары қарай қажетті атоллға жету үшін тағы бір кішкентай ұшаққа отырасың.

Жол уақыты 20 сағаттан басталады. Ал билет құны Мальдив аралдарына екі рет барып келуге, Таиландта бір ай демалуға немесе бүкіл Еуропаны аралап шығуға жететін қаражатпен бірдей.


Дүниенің түкпіріндегі тұрмыс

Микронезияны көру үшін осындай қиындықтары мен қаржылық шығындарына төтеп берсең, алдыңнан не күтеді? Тыныштық! Тура мағынасында – тыныштық.

Ел астанасы Паликир қаласы тұрғындарының саны7 мыңға да жетпейді. Бұл үлкен қалалардың бір ғана шағын ауданы сияқты. Мұнда сауда орталықтары, кептелістер, метро немесе кинотеатрлар жоқ. Тіпті интернет те үзіліспен жұмыс істейді, өйткені кабельдер әлемнің жартысын айналып өтеді, ал оны ұстап тұру өте қымбат әрі қиын.

Микронезия аралдарында уақыт осыдан 50 жыл бұрын тоқтап қалғандай. Жергілікті халық қарапайым өмір сүреді: балық аулайды, таро мен кокос өсіреді, ағаш пен жапырақтан үй тұрғызады. Ешкім мансап қуып, орталықтан пәтер алуды армандамайды немесе әлеуметтік желідегі лайктарды санамайды. Бір-бірімен жарысып, бәсекелесіп тыраштанбайды. Мұнда әлі күнге дейін барлығы бір-бірін танитын және шешімдер бірлесіп қабылданатын дәстүрлі қауымдастықтар сақталған.

Ақша бар, бірақ оның рөлі аса үлкен емес. Көптеген тұрғындар табиғи шаруашылықпен күнелтеді. Мұхит толы балық тұрғанда, оны сатып алудың не керегі бар? Отқа пісіріп алуға болса, мейрамхана іздеудің не қажеті бар? Бұл кедейлік емес, өмір салты. Мұндағы адамдар өздерін ештеңеден кем санамайды, өйткені оларда ең бастысы керектің бәрі бар: таза су, таза ауа, баспана және өздерін асырайтын мұхит.

Алайда, сырттан келген адам үшін мұндай өмір үлкен сынақ болуы мүмкін. Үйреншікті дәмханалар мен жоғары сервис жоқ. Тамақтанғың келе ме? Балық аула да, өзің пісір. Көмек керек пе? Көршілеріңнен сұра және оларға да қол ұшын созуға дайын бол. Телефоның бұзылса, өзің жөндейсің немесе Гуамнан бөлшектердің келуін апталап күтесің.


Су астындағы елес қалалар мен өзге де қызықтар

Есесіне Микронезия әлемнің ешбір жерінен табылмайтын бірегей нәрселерді ұсына алады. Мысалы, Понпеи аралындағы көне Нан-Мадол қаласы – Тынық мұхитының жұмбағы. Лагунаның ішінде алып базальт блоктардан тұрғызылған жүзге жуық жасанды аралшықтар кешені бар. Әр блоктың салмағы бірнеше тонна тартады. Бұл қаланы кім және не үшін салған? Блоктарды ол жерге қалай жеткізген? Ғалымдар әлі күнге дейін бас қатыруда.

Жергілікті халық Нан-Мадолды «рухтардың тасталған қаласы» деп атайды. Түнде ол жерден оғаш дыбыстар естіліп, үйінділер арасында түнегісі келгендер түсініксіз көлеңкелер көргенін айтады. Туристерге баруға рұқсат, бірақ күн батқаннан кейін қалуға ешкімнің батылы бара бермейді. Көне тас қабырғалар, мангр ну тоғайлары мен құлазыған тыныштық шынымен де қорқынышты әсер қалдырады.

Тағы бір ғажайып – Чуук аралы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде суға батқан кемелердің әлемдегі ең үлкен қорымы. Жапондық ондаған әскери кемелер су астында жасанды рифтерге айналып, мәңгілікке тыншыған. Дүниежүзінің дайверлері осы жерге жетуді армандайды. Суға батқан эсминецтің ішіне көз жүгірту, маржан басқан кеме қаруларын көру, су түбіндегі ұшақтардың қасынан жүзіп өту уақыт машинасына мініп, өткен замандарға саяхаттағанмен тең.

Жылына бұл жаққа 20 мыңнан аз адам келеді. Ел билігі де туристерді тартуға аса құлықты емес сияқты. Ешқандай жарнамалық науқандар жүргізілмейді, логистика жеңілдетілмейді. Сонымен қатар, тамақтан бастап тұрмыстық ұсақ-түйекке дейін сырттан тасымалданатындықтан, бір қорап печеньенің өзі басқа елдермен салыстырғанда үш есе қымбат тұруы мүмкін. Байланыс та арзан емес, әрі сапасы да төмен.

Микронезия – қиындықтардан қорықпайтын және жайлылықты бірегейлікке айырбастауға дайын жандардың мекені. Баспа парақтарындағыдай мінсіз жағажай суреттері, блогерлер мен селфи-туристердің тобыры мұнда жоқ. Есесіне, сіз өзіңізді ешкім аяқ баспаған жерге тап болған алғашқы зерттеушідей сезіне аласыз.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Жергілікті тұрғындардың АШУЫНА ТИЕТІН саяхатшылар

АЛАҚАНДАҒЫДАЙ: Әлемдегі ең таңғажайып ШОЛУ алаңдары