Актер жұбайы Жанаргүлмен бірге берген сұхбатында перзентінен айырылғаннан кейінгі өмірі туралы әңгімеледі.
Фото: Видеодан скриншот / Janar Baisemiz
ERNUR.KZ. Танымал актер Рүстем Жаныаманов журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында ұлынан айырылған сәтін еске алып, отбасындағы ауыр қайғы туралы алғаш рет ашық айтты. Өнер иесі баласының жансыз денесін көрген кездегі күйін баяндап, бұл қазаның әлі күнге дейін жүрегіне ауыр тиетінін жасырмады, деп жазады stan.kz.
Актер жұбайы Жанаргүлмен бірге берген сұхбатында перзентінен айырылғаннан кейінгі өмірі туралы әңгімеледі.
“Мұндай басымыздан өткен жағдайды ешкімнің басына бермей-ақ қойса екен деймін. Бұл әлі күнге дейін біздің жанды жерімізге тиеді. Мұны көтеріп жүрудің өзі үлкен күшті қажет етеді екен. Жанар екеуміз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Ешкім мені түсінбейтіндей көрінеді. Тек Жанар түсінеді”, – деді актер.
Өнер иесінің айтуынша, баласынан айырылу оның өміріндегі орны толмас қайғыға айналған. Дегенмен ол жұбайымен бірге бір-біріне сүйеу болып, өмірді жалғастыруға күш тауып жүргенін жеткізді.
“Баламызды қайтадан алып келе алмаймыз. Осылай болу керек болды. Қабылдау керек, мықты болу керек. Жалғыз біз ғана мұндай қайғыны бастан кешіріп жатқан жоқпыз. Баламыздың жаны жәннатта болса екен деймін. Бізге шапағатшы болса екен. Алла бізге күш берсе екен. Себебі оңай емес. Орны толмайтын қаза болды”, – деді Рүстем Жаныаманов.
Актер ұлының зиратын қала сыртындағы зиратқа қойғанын және жұбайымен бірге жиі барып тұратынын айтты.
Оның сөзінше, баласына деген сағынышын көпшілікке жария етпей, жүрегінде сақтағысы келеді.
“Басына жиі барып тұрамыз. Қала сыртына жерледік. Себебі ауыл тым алыс болып кетеді. Мұның бәрін ішімде сақтағым келеді, жариялай бергім келмейді. Сәл сынып бара жатсам, Жанарға келемін. Мықты болмасқа амал жоқ. Өмір жалғасады”, – деп бөлісті актер.
Сұхбат барысында Рүстем Жаныаманов ұлының жансыз денесін алғаш көрген сәтін де еске алды. Ол сол кезде баласына соңғы рет тіл қатып, құлағына иман сөздерін сыбырлағанын жеткізді.
“Мен барсам, баламның жансыз денесі жатыр екен. Ондай кезде ештеңе ойламайсың, тек бір Алладан қорқасың. Сол кезде баламның басын ұстадым да, құлағына сыбырладым: “Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммадун расулуллаһ” дедім. “Біз кездесеміз, балам” дедім”, – деп еске алды өнер иесі.
Актердің айтуынша, уақыт өтсе де перзентінен айырылғандағы қайғысы басылмаған. Ол ауыр сәттерде жұбайы Жанаргүлдің қолдауы ерекше маңызды екенін айтып, бір-біріне демеу болуға тырысатынын жеткізді.
Еске салайық, 1 маусымда көпшілікке “Келінжан” телесериалындағы “Қылышбек” рөлі арқылы танылған актер Рүстем мен Жанаргүл Жаныамановалар тұңғыш ұлынан айырылып қалғаныхабарланған еді. Өнер иелері тұңғыштарының денсаулығына байланысты бастан өткерген ауыр кезең туралы ашық айтқан еді. 2024 жылы "Қызықты weekend" бағдарламасына берген сұхбатында актер алты жыл бойы ұлының дертімен күрескенін жеткізген.
Оның айтуынша, бұл сынақ отбасының бірлігін бекемдеп, ерлі-зайыптыны бұрынғыдан да жақындата түскен. Қиын сәтте олар бір-біріне тірек болып, баласының саулығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған.
Ал Жанаргүл Жаныаманова бұл жағдай олардың өмірге, отбасыға және жақындарының қадіріне деген көзқарасын түбегейлі өзгерткенін айтқан.


