Сот Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы қаулының күшін жойды

0
220

Прокурор мен медициналық комиссия мүшелерінің әрекеті тексеріледі.


Сот Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы қаулының күшін жойды

фото: Sputnik / Айсулу Жумагулова

ERNUR.KZ. Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеден босатылмайды. Алматы облыстық соты оны денсаулық жағдайына байланысты жазасын өтеуден босату туралы қаулының күшін жойды, деп жазады sputnik.kz.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіппен Алатау қаласы сотының Көкірекбаевты ауыр науқастануына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысының заңдылығын тексерді.
"Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады", – деп хабарлады облыстық сот.
Соттың мәліметінше, Көкірекбаевтың ауруының ауырлық дәрежесі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді.
"Істі қарау қорытындысы бойынша Алатау қаласы сотының қаулысының күші жойылып, ҚР ІІМ ҚАЖК-нің "№57 мекеме" РММ-нің сотталған адамды жазадан босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартылды", – делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар апелляциялық сот алқасы сотталған адамды жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды берген бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Бұл мәселе бойынша Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне тиісті шара қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы жолданды.
Апелляциялық соттың қаулысы мен жеке қаулылары заңды күшіне енді.
Айта кетері, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевтың түрмеден босатылуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын.