Қазақстанның Әнұраны музыкалық шығармалар рейтингінде көш бастады

0
295

Үш ай ішінде 6 472 рет шырқалған.


Қазақстанның Әнұраны музыкалық шығармалар рейтингінде көш бастады

Фото: Kazinform

ERNUR.KZ. Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны соңғы үш айда отандық телеарналарда ең жиі орындалған музыкалық шығарма болды. Осы кезеңде Әнұран 6 472 рет шырқалған. Енді QazCopyright цифрлық платформасы арқылы белгілі бір орындаушының әндері телеарналарда қанша рет қойылғанын білуге болады, деп жазады inform.kz.

Таныстырылым барысында Kazpatent директоры Сәбит Ахметов музыкалық шығармалардың рейтингін көрсетті. Платформада апталық, айлық, тоқсандық немесе жылдық кезеңді таңдап, телеарналар мен радиода қай шығармалардың жиі орындалғанын көруге болады.

Үш айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны көш бастап тұр. Осы уақыт ішінде ол 6 472 рет шырқалған.

Жүйе шығарманың қанша рет қойылғанын ғана емес, оның қай күні, қай уақытта және қанша уақыт ойналғанын да көрсетеді.

– Шығарманың орындалу ұзақтығына қарасақ, бір жерде 1 минут 40 секунд, ал басқа жерде 12 немесе 15 секунд қана ойналғанын көреміз. Яғни толық нұсқасы 1 минут 40 секундқа созылғанымен, кейде оның қысқа үзінділері ғана пайдаланылады, – деп түсіндірді Сәбит Ахметов.

Платформада белгілі бір орындаушының шығармаларын да жеке іздеуге болады. Мәселен, таныстырылым кезінде Роза Рымбаеваның әндер тізімі көрсетілді. Ондағы мәліметке сәйкес, «Атамекен» әні бір айда 136 рет орындалған.

Әр әннің қай телеарнада қанша рет қойылғанын да білуге болады. Мысалы, «Атамекен» әні «Қазақстан – Жамбыл» телеарнасында 101 рет шырқалған. Сондай-ақ ол басқа телеарналар мен радиода да орындалған.

Бұдан бөлек, платформа арқылы музыкалық шығарманың пайдаланылуы туралы толық мәлімет алуға болады. Ол үшін жүйеден арнайы үзінді көшірме жасалады. Құжатта шығарманың орындалған күні, басталу және аяқталу уақыты, қанша уақыт ойналғаны мен арнайы коды көрсетіледі. Сондай-ақ құжатта QR-код бар.

Сәбит Ахметовтің айтуынша, авторлық құқық иесі бұл құжатты өз шығармасының пайдаланылғанын растайтын дәлел ретінде қолдана алады. Қажет болған жағдайда оны авторлық құқықты ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға немесе сотқа ұсынуға болады.

– Әр автор өз шығармасының қайда және қалай таралғанын көріп, сол мәліметті қағазға шығарып, дәлел ретінде пайдалана алады. Мысалы, тиісті төлемін алмаған жағдайда осы құжатты авторлық құқықты басқаратын ұйымға немесе телеарнаға ұсынып, музыкасының қанша рет пайдаланылғанын растай алады, – деді Kazpatent директоры.

Қазір платформаға 259 505 музыкалық шығарма енгізілген. Жүйеде авторлық құқық иелерінің жеке тізілімі де бар. Авторлар оған тіркеліп, өз шығармалары туралы мәліметтерді толықтыра алады.

Платформаны смартфон арқылы пайдалану үшін мобильді қосымша да әзірленген. Онда музыкалық шығармалар мен олардың пайдаланылуы туралы ақпаратты көруге болады.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кафе, мейрамхана, бар және басқа да коммерциялық нысандарды QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосу басталады.