​«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ»: 15 кітапты оңай оқудың жолдары

0
251

Әдебиет пәнінің мұғалімі бірнеше құпиясымен бөлісті


​«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ»: 15 кітапты оңай оқудың жолдары

Сурет: ЖИ

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – бүкіл қоғамды қамтитын ауқымды қозғалыс. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және әртүрлі кәсіби саланың өкілдері тегін қатыса алады.


Марафонның бастауы – 2026 жылдың қыркүйегі, соңғы межесі – 2027 жылдың сәуірі. Бағдарлама бойынша, сәуір айы қорытындылау мен бағалауға арналады. Бастапқы жеті ай (қыркүйек-наурыз) – байқау шартындағы 15 әдеби еңбекті оқып, ұпай жинауға берілетін мерзім. Марафон регламентіне сәйкес, осы уақыт ішінде қатысушылар 15 әдеби еңбекті оқып, оларға өз пікірін жазып үлгеруі тиіс. Бұл үшін ең алдымен байқаудың ресми сайтында (www.reading-nation.kz) жеке кабинет ашып, қатысушының анкетасын толтырып тіркелу қажет.

Күнделікті сабақпен немесе қызмет барысымен қабат 15 туындыны оқу, тиісті ұпай жинау күрделі көрінуі мүмкін. Бірақ ретті жүйемен оқыса, бұл меже шамадан тыс жүктеме емес.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, тәжірибелі педагог – Раушан Ерманқызы нақты математикалық есеп арқылы жүкті бөлшектеп, жеңілдетуге болатынын айтады.


Әдебиетке – математикалық есеп

Регламентке сәйкес, жеті ай – 27–28 апта немесе 200 күннен астам уақыт. Егер 15 кітапты осы аралыққа біркелкі бөлсек:

  • шамамен 14–15 күнде (екі аптада) бір кітап
  • орташа 250–300 беттік кітапты екі аптада аяқтау үшін күніне 18–22 бет оқу жеткілікті
  • қалыпты оқу жылдамдығымен (сағатына шамамен 30–40 бет) бұл күніне 30–40 минут қана уақыт алады


«Мәселе уақыттың мүлде жоқтығында емес, оның шашырап кетуінде. Күнделікті кестеде тұрақты «оқу терезесі» болмаса, кітап айлап сөреде жатып қалады да, наурызға таман барлығын қуып жету қиындайды» дейді Р. Ерманқызы.


Тайм-менеджмент зерттеушісі Кэл Ньюпорт уақытты «бос болғанда» емес, күнтізбедегі нақты уақыт блоктарына («тайм-блокинг») бекітіп пайдалануды ұсынады. Жобаға қатысушылар үшін бұл — «Кешке уақыт болса оқимын» емес, «сағат 21:30-22:00 – марафон кітабының уақыты» деп алдын ала нақты белгілеу.


Раушан Ерманқызы:

-Егер бос уақыт болғанда оқимын деп күтсеңіз, ондай сәт сирек туады. Мен өзіме күн сайын кешкі сағат тоғыз жарым мен онның аралығында жарты сағаттық «оқу терезесін» бекітіп алдым. Сол уақытта телефонның даусын өшіріп, басқа да шаруаларды бір шетке ысырамын. Кейде демалыс күндері бірер сағат артық оқимын.



ЛАЙФХАК!

Көлемді кітаптар мен шағын туындыларды кезектестіріп оқу арқылы шаршаудың алдын алуға болады. Бұл тәсіл қызығушылықты жоғалтпау және қарқынды түсірмеу үшін өте тиімді. Егер қатарынан екі қалың романды қатар алсаңыз, бітіру уақыты созылып, шаршау, жалығу пайда болуы мүмкін. Ал бір қалың кітаптан соң шағын көлемді шығарманы кезектестіріп оқысаңыз, оны тез аяқтап, «тағы бір межеден өттім» деген серпін береді. Бұл мотивацияны суытпай ұстап тұруға көмектеседі. Алға қарай қозғалуды жеңілдетеді.


«5 факт» әдісі – тестке дайындық

Регламент талабы бойынша, әр кітаптан кейін қатысушы жеке кабинетіне дербес пікір жариялайды. Интернеттен көшіруге, үшінші тұлғалар жазған мәтіндерді пайдалануға жол берілмейді. Ал онлайн-тестілеуге жіберілу үшін кемінде 3750 ұпай жинау қажет. Тестілеу мен кейінгі аудандық, өңірлік квиз кезінде шығарманың мазмұны, сюжеті, кейіпкерлері, авторы және талдау деңгейі бағаланады.


Раушан Ерманқызы:

-Әр кітаптан кейін жазған пікірдің мазмұнды да, дербес те болуы – басты талап. Сондықтан көшіру немесе өзгеге жаздыру деген ой мүлде болмауы тиіс.

Мен өзіме «3+1» деген қарапайым формула жасап алдым. Бір туындыны тауысқан күні 10-15 минут бөліп, төрт бағытта ой түйемін. Алдымен кітаптың негізгі сюжет желісін қысқаша баяндаймын, сосын бір есте қалған кейіпкер немесе эпизодты атап өтемін. Үшінші, автордың айтқысы келген басты ойын анықтаймын. Ал соңында сол оқиғаның маған мұғалім әрі оқырман ретінде қалай әсер еткенін жазамын.

Бұған қоса, әр кітапты бітірген соң бір бетке бес негізгі деректі түртіп қоямын: автор, басты кейіпкерлер мен олардың байланысы, шешуші бетбұрыс нүктесі, негізгі идея және өзіме ерекше көрінген бір деталь. Наурыз–сәуірдегі тест пен квиз алдында осы «5 факт» карточкаларын қайталау барлығын тез еске түсіруге көмектеседі.


Командалық кезең, мотивация және қарқынды сақтау

I кезеңде әр қатысушы жеке сынға түссе, аудандық, қалалық және өңірлік кезеңдерде 3 адамнан тұратын команда интеллектуалдық квизде бақ сынайды. Команда жоғары ұпай жинаған қатысушылардан жасақталады.

«6.2. Тестілеу кезінде төмендегілер бағаланады:

  • шығармалар мазмұнын білу;
  • сюжет пен кейіпкерлерді түсіну;
  • авторларды білу;
  • оқығанды талдай білу.

6.3. Интеллектуалдық квиз барысында төмендегілер бағаланады:

  • оқылған шығармалардың мазмұнын білу деңгейі;
  • -команда жауаптарының дәлдігі мен жылдамдығы;
  • командалық өзара үйлесімді әрекет ету деңгейі» деп көрсетілген марафонға қатысу регламентінде.

Сұраққа дәл әрі шапшаң жауап беру үшін команда мүшелері кітаптарды өзара талдап, кімнің қай туындыны тереңірек меңгергенін біліп отырғаны жөн.

Марафонның бір мақсаты – кітап оқуды күн тәртібінің бір бөлшегіне айналдыру. Бұл меже мектеп оқушысы мен студент үшін білім көкжиегін кеңейтіп, болашақ мамандығының іргетасын қалауға көмектесетін рухани қадам. Ал отбасы үшін бірлесіп кітап оқу өзара түсіністікті арттырып, бала тәрбиесіндегі құндылықтарды қалыптастыратын, отбасылық дәстүрді жаңғыртатын сәт. Мемлекеттік қызметшілер мен түрлі кәсіби саланың өкілдері үшін марафонға қатысу – қызметтік өсу мен адами капиталды дамытудың қуатты құралы. Қарбалас жұмыс кестесінде, есептер мен кездесулердің арасында табылған жарты сағаттық оқу сәті стратегиялық ойлау қабілетін, шешендік шеберлікті және эмоционалдық интеллектіні байытады. Өзін-өзі жетілдіру — қоғамды алға жетелейтін қозғаушы күш. Кітап оқу тек байқау үшін емес, өмір бойы жалғасатын қажеттілікке, ұлттың мәдениетіне айналуы тиіс.

Қазақстан Республикасы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобасындағы кітап оқу марафоны туралы толық ақпаратты, регламентті және көшбасшылар рейтингін жобаның ресми сайтынан (https://reading-nation.kz/) көре аласыздар.

Дайындаған: А. МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ПЕДАГОГта болуы тиіс 10 кәсіби дағды: СІЗДЕ қайсысы жоқ – тексеріп көріңіз


КАРЬЕРА мен мол ТАБЫС үшін қай ТІЛді үйренген тиімді?


БАЛАға КӨКӨНІС жеуді үйретудің 12 құпиясы