Саяхаттың ерекше 8 түрі

0
191


Саяхаттың ерекше 8 түрі

Сурет: sun9-51.userapi.com

Қарапайым экскурсиялардан жалықсаңыз, теңізге шомылу қызықтырмаса, ерекше туризм түрлерін таңдап көріңіз.


1. Кинематографиялық туризм

Бұл саяхат түрі фильмдер, телесериалдар және культтік шоу жанкүйерлеріне ұнайды. Туристер түсірілім орындарына барып, экраннан көрген сәулет нысандарының жанында суретке түседі. Немесе жай ғана кино немесе сериал арқылы таныс локацияларда уақыт өткізеді.

Мысалы, Түркиядағы әйгілі сериалдар түсірілген жерлерге баратын туристер саны жылдан-жылға артып келеді. "Сұлтан Сүлеймен" (Muhteşem Yüzyıl) сериалы түсірілген Топкапы сарайы (Topkapı Sarayı) мен Сұлтанахмет мешіті (Sultanahmet Camii) – Ыстамбұлдың басты туристік орындарының бірі.

Сондай-ақ, "Өшпес махаббат" ("Kara Sevda") сериалындағы көріністер түсірілген Босфор жағалауы мен Ыстамбұл көшелері, немесе "Ғажайып ғасыр", "Іңкәр жүрек" (Çukur), "Қызғалдақ мезгілі" (Lale Devri) сияқты жобалардан белгілі орындар да саяхатшыларды қызықтырады. Бұл локациялар – тек экраннан ғана емес, шынайы өмірде де әсерлі көрінетін тарихи және мәдени нысандар.


2. Дарк‑туризм

Мұндай туризм түрінің жанкүйерлерін өткеннің қаралы кезеңдерін және ауыр оқиғаларын еске салатын орындар қызықтырады. Бұл техногендік немесе экологиялық апаттар болған жерлер болуы мүмкін. Немесе құпияға толы, қайғылы оқиғалар орын алған мекендер. Мысалы, Екатеринбург пен басқа да Орал қалаларында жыл сайын туристер үшін Дятлов асуына жорықтар ұйымдастырылады.

Кейбір адамдарды өндірістік қираған нысандар мен катакомбалар қызықтырады. Мұндай орындарды көптеген заманауи қалалардан табуға болады. Алайда, ондай жерлерге барғанда қауіпсіздік техникасын сақтау өте маңызды.

Көптеген саяхатшылар Қазақстанның солтүстігі мен шығысында орналасқан ежелгі және тарихи орындарға баруға қызығады. Мысалы, Сарыарқа даласындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қоныстары, Шілікті және Берел қорғандары сияқты ежелгі ескерткіштер - бір кездері байырғы өркениеттер мекендеген орындар. Сондай-ақ, Түркістан маңындағы Отырар қалашығының қирандылары мен ортағасырлық Сауран қаласы да тарих пен археологияға қызығатын саяхатшылар үшін ерекше тартымды бағыттар.


3. Гастро- және алкотуризм

Бұл туризм түрін жай демалыспен бірге үйлестіруге болады. Алайда кейбіреулер арнайы сапарға шығып, бұрын байқап көрмеген, ерекше тағам түрлерін дәмін татып көру үшін жолға шығады. Гастротурист болу үшін қызықты кафе мен мейрамханалардың тізімдерін мұқият қарап, келушілердің тағамдар мен сусындар туралы пікірлерін оқып, сапарды соларға сүйене отырып жоспарлау жеткілікті. Бұл сапарда басты әсерлер таңғы ас, түскі және кешкі тамақ болуы мүмкін. Ал тамақтану арасындағы үзілісте өзіңізге таныс немесе бейтаныс қаланы аралап шығуға болады.

Гастротуризм іс жүзінде кез келген аймақта мүмкін. Интернетте дәмді тамақты жақсы көретіндер үшін дәмхана мен мейрамханалардың тізімі, түрлі пайдалы ақпараттар бар. Айта кету керек, ерекше дәмді тамақтануға болатын орындар тек ірі қалаларда ғана емес, шағын елді мекендерде де кездеседі. Ал егер кафе немесе мейрамханада тамақтанғыңыз келмесе, түрлі гастрономиялық мастер-класстарға қатысып, өз қолыңызбен әртүрлі тағамдарды дайындап көруіңізге болады.

Ал алкотурист өз бағдарын қызықты шарап зауыттары мен сыра қайнататын орындарды, сондай-ақ ерекше және тосын сусындар ұсынатын барларды қамтитындай етіп жасайды. Мысалы, шарап сүйер жандар үшін Абрау-Дюрсодағы сапар - тамаша таңдау. Бұл жерде тыныш және газдалған шараптар мен күшті ішімдіктер өндіріледі. Туристерге арналған бірнеше экскурсия нұсқасы бар - Винный дом бойынша саяхат жасап, соңында жергілікті өндірістен шыққан алкогольді дәмін татып көруге болады.


4. Астротуризм

Үлкен қалалардың шамы жұлдыздар мен ғаламшарларды көруге кедергі келтіреді. Олардың сұлулығына көз тойғызу үшін халық тығыз қоныстанған аумақтардан алысқа шығу қажет. Одан да жақсысы – таулы аймақтарға бару. Сондықтан түнгі аспанды тамашалағысы келетін жандар тауға сапар шегуді жөн көреді. Туристік компаниялар арнайы астротурлар ұйымдастырады, олар туралы ақпаратты интернеттен табуға болады.


5. Экологиялық туризм

Бұл саяхат түрі кез келген аймақта жүзеге аса алады. Экотуристер үшін ең бастысы бірнеше күнге болсын қала шуынан, шаң-тозаңынан алысқа кетіп, табиғат аясында болу. Соңғы жылдардың тренді - демалыс кезінде тек ұялы байланысты емес, сонымен қатар өркениет игіліктерінің басқа түрлерінен де бас тарту. Мысалы, электр қуаты, көлік құралдары және жартылай дайын тағамдардан.

Демалыстың ең үздік түрі - орманда немесе тұщы су қоймасының жағасында шатыр тігіп жайғасу. Сондай-ақ ауылға немесе арнайы экокемпингке баруға болады. Демалыс кезінде жанармаймен жұмыс істейтін электр генераторларын, газ плиталарын және синтетикалық жуғыш заттарды қолданбаған жөн. Тамақты от жағу арқылы немесе ағаш пеште дайындап, отты жағуға арналған химиялық құралдарды пайдаланбау ұсынылады. Әрине, демалыс аяқталған соң барлық қалдықтарды мұқият жинап, табиғатты таза күйінде қалдыру қажет.

Мұндай демалыс адамға күш пен қуатты қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар, жабайы табиғатпен етене танысып, оның тіршілік иелерін қауіпсіз қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді.


6. Трекинг

Трекинг - бұл бірнеше күнге созылатын ұзақ қашықтықтағы жаяу жорықтар. Ол спортпен айналысатын және шыдамдылығы жоғары адамдарға арналған. Әдетте туристер алдын ала жасалған және бірнеше рет тексерілген маршруттармен жүреді.

Жаңадан бастаушыларға жазық жерлер арқылы өтетін 3-4 күндік жеңіл жорық жоспарлаған дұрыс. Ал тәжірибелі саяхатшылар таулы аймақтарға аттануына болады.


7. Ат туризмі

Бұл - экологиялық туризмнің тағы бір түрі, қазіргі кезде кең танымал бола бастаған бағыт. Мұндай саяхатқа шығу үшін жақсы физикалық дайындықпен қатар, атқа отыра білу қажет. Алайда бұл шарт міндетті емес , көптеген ат турын ұйымдастырушылар жаңадан бастаушыларға арналған үйрету сабақтарын да ұсынады. Барлығы атты таныстырудан басталады, содан кейін қатысушыларды атты ерттеуді және алғашқы қысқа серуендерге атпен шығуды үйретеді. Тәжірибелі шабандоздар демалыс күндеріне арналған қысқа экскурсияларды немесе бірнеше аптаға созылатын ұзақ сапарларды таңдай алады. Маршруттардың күрделілік деңгейі әртүрлі, сондықтан әркім өз мүмкіндігіне сай бағытты таба алады.


8. Жайлау‑туризм

Бұл - азиялық колоритке толы экологиялық туризм түрі. Бүгінде танымал болып келе жатқан бұл бағыт алғаш рет Қырғызстанда пайда болған.

Жайлау, яғни жазғы жайылымдар. Олар өткен ғасырдың соңында туристік орынға айнала бастады. Памир мен Тянь-Шань тауларының баурайындағы жайлауларға Ресейден және Еуропа елдерінен келген саяхатшылар ат басын бұрды. Олар шопандармен бірге дәстүрлі киіз үйлерде өмір сүріп көргісі келді. Қонақтар нан, қымыз және қой етімен тамақтанып, қалың киіз төсектерде ұйықтады - есесіне оларды таңғажайып табиғат, мейлінше таза ауа мен тыныштық қоршады.

Қазіргі таңда жайлау-турлар дәстүрлі туризм түріне айналды. Қырғызстанның туроператорлары туристерді елдің әртүрлі өңірлеріндегі жайлауларға шақырады. Бұл саяхат түрі Қазақстанда да қарқынды дамып келеді.

Аударған: Бауыржан ЕРМАН

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Авторлық ТУР таңдағанда неге НАЗАР аудару керек?