​ТОЙдағы жаңа ТРЕНДтер

0
149

Жалғасын тауып, салтымызға сіңе ала ма?


​ТОЙдағы жаңа ТРЕНДтер

Сурет: ЖИ

Той – екі жастың қуанышына ортақтасып, ағайын-туыстың басын қосатын ерекше мереке. Әсіресе қыз ұзату мен үйлену тойы, құдалықтың орны бөлек. Бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз сақталғанымен, уақыт өте келе той өткізу мәдениетіне де жаңашылдық еніп жатыр. Бірі ұлттық дәстүрді заманауи үлгіде жаңғыртса, енді бірі қонақтарға ерекше әсер сыйлайтын тың идеяларды жүзеге асыруда.

Қазір той иелері тек әдемі безендірілген зал мен сәнді дастарханға ғана емес, қонақтардың есінде ұзақ сақталатын ерекше сәттерге де мән береді. Әлеуметтік желіде тараған қызықты идеялар көп ұзамай басқа тойларда да қайталанып, жаңа трендке айналып жатады. Соның ішінде ұзату тойындағы тәж тапсыру, қонақтардың тілегінен құрақ құрау, құдалық пен ұзатуды біріктіру сияқты жаңашылдықтар назарға ілікті.


1. Құрбыларға тәж тапсыру

Қыз ұзату тойында қалыңдықтың өзінен кейінгі сіңлілері мен құрбыларына естелік зат тапсыруы бұрыннан бар дәстүр. Бұған дейін ұзатылатын қыздың жақындарына үкі, қызыл орамал, әшекей бұйымдар немесе басқа да символдық сыйлықтар ұсынғанын көріп жүрміз. Мұндай сәт қыздың бойжетіп, өз алдына шаңырақ көтеруге қадам басқанын ғана емес, артында қалған сіңлілері мен құрбыларына деген ақ тілегін де білдіреді.

Ал соңғы уақытта осы дәстүрдің жаңа нұсқасы көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Ол –тәж тапсыру. Ұзатылатын қыз той үстінде өзінің жақын құрбылары мен сіңлілерін ортаға шақырып, әрқайсысына әдемі тәж кигізеді. Кейде тәжге шағын лента немесе естелік жазуы бар әшекей де қосылады.

Бұл көріністің өзіндік символдық мәні бар. Қалыңдық тәжді құрбысына кигізу арқылы оған да бір күні бақытты отбасын құрып, ақ көйлек киіп, ұзатылуды нәсіп етсін деген тілегін білдіреді. Яғни, «менің кезегім келді, енді сендерге де осындай қуаныш бұйырсын» деген ақ ниет жатыр.

Тәж тапсыру рәсімі тойдың ерекше әрі әсерлі сәттерінің біріне айналып, қыздардың естелік суреттерінде де әдемі көрініс табады. Бұрынғы дәстүрдің мазмұнын сақтай отырып, оны заманауи үлгіде жаңғыртудың бір жолы десек болады.


2. Құрақты тілектен құрау

Қазақтың құрақ құрау өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер дәстүрі. Әрбір мата қиындысын біріктіріп, тұтас бұйым жасау үлкен шеберлікті қажет етеді. Құрақ көрпені тек тұрмыстық бұйым ретінде ғана емес, ынтымақ пен бірліктің, береке мен молшылықтың белгісі ретінде де бағалаған. Елімізге белгілі той жүргізушісі Гаухар Қаламбаева өзінің инстаграм парақшасында (@gaukhar_kalambayeva) осы өнерді тойдың ерекше естелігіне айналдыруға болатынын дәріптеді.

Бұл тренд бойынша той өтетін залдың бір бұрышына арнайы үстел қойылады. Оның үстіне алдын ала дайындалған түрлі түсті мата қиындылары, қаламдар мен шағын нұсқаулық орналастырылады. Тойға келген әрбір қонақ өзіне ұнаған мата қиындысын таңдап, оған жас жұбайларға арналған тілегін, есімін жаза алады. Үлкендер жағы ақ батасын жазса, жастар жағы әзіл аралас жылы тілектерін қалдыруы мүмкін.

Той аяқталғаннан кейін жиналған мата бөлшектері біріктіріліп, арнайы құрақ көрпе тігіледі. Осылайша, жас жұбайларға жүздеген адамның ақ тілегі жазылған ерекше бұйым сыйға тартылады.

Бұл идеяның ең әдемі тұсы – әрбір қиындының артында бір адамның ықыласы мен ниеті жатыр. Құрақ көрпе жас отбасының үйінде сақталып, жылдар өткен сайын сол қуанышты күнді еске түсіретін бағалы естелікке айналады. Қарапайым ғана мата бөліктерінен құрастырылған көрпеге қаншама адамның батасы мен ақ тілегі тоғысады.


3. Құдалық пен ұзату тойын бірге өткізу

Қазақтың той дәстүрінде құдалық, сырға салу, ұзату сияқты әр рәсімнің өзіндік орны бар. Бұл шаралардың әрқайсысы бөлек ұйымдастырылып, екі жақ та қонақ шақырып, дастархан жайып, үлкен дайындық жасайды. Әрине, мұның бәрі уақытты да, қаражатты да, күш-жігерді де талап етеді.

Соңғы уақытта осы шараларды бір күнде өткізу үрдісі байқалып жүр. Кейбір асабалар мен той ұйымдастырушылары құдалық, сырға салу және ұзату рәсімдерін біріктіруді ұсынып келеді. Мұндай тәсілді таңдаған отбасылар да аз емес.

Бұл шешімнің басты артықшылығы – бірнеше тойға кететін шығынды азайту. Екі жақ бір күнде бас қосып, құдалықтың жөн-жоралғысын жасап, сырға салып, артынша қызды ұзату рәсімін өткізеді. Осылайша, бірнеше күнге созылатын дайындық пен қонақ күтудің әуресі бір күнге жинақталады.

Әсіресе жұмысы қауырт, уақыты тығыз немесе той шығынын барынша оңтайландырғысы келетін отбасылар үшін қолайлы нұсқа. Дегенмен мұндай шешім екі жақтың өзара келісімімен қабылданғаны дұрыс. Себебі әр отбасының салт-дәстүрге деген көзқарасы, қонақ саны мен той өткізуге қатысты қалауы әртүрлі.

Қалай болғанда да, бұл үрдіс қазақ тойының жаңа форматын қалыптастырып келеді. Бұрын бөлек өткізілетін бірнеше рәсімнің бір күнге бірігуі – уақыт талабына сай туған шешімдердің бірі.


4. Құдалықты екі жақтың бірігіп өткізуі

Құдалықты қыз бен жігіттің жақтары кезекпен ұйымдастырып, әрқайсы өз алдына дастархан жайып, қонақ күтеді. Алайда қазір бұл дәстүрге де жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Кейбір жас жұбайлар құдалықты екі жақтың бірігіп өткізуін жөн көреді.

Мұндай үрдіске елімізге «Қалаулым» жобасы арқылы танылған музыкант Сұлтан Нұрбеков пен жүргізуші Диана Скатованың құдалық тойы тамаша мысал бола алады. Олар екі жақтың құдалық рәсімін бір күнде, бір орында өткізген. Жұптың айтуынша, дастархан мен басқа да ұйымдастыру шығындарын екі отбасы бірігіп көтерген.

Бұл жаңашылдық көпшіліктің назарын аударды. Бірі екі жақтың бірдей жауапкершілік алып, шығынды тең бөліскенін құптаса, енді бірі мұны қазіргі заманға сай тиімді шешім деп бағалады. Әлеуметтік желіде пікір білдіргендердің арасында осы үлгіні өз отбасындағы қуанышта да қолданғысы келетіндер бар.

Құдалық – тек дастархан басында бас қосу емес, екі әулеттің жақындасып, туыстық байланыстың басталуына себеп болатын маңызды рәсім. Сондықтан оны бірігіп өткізді ме, шығынын кім көтерді – маңыздысы ол емес. Маңыздысы – екі жақтың үлкен-кішісі бас қосып, танысып-білісуі, тең дәрежеде араласуы, ортақ қуанышты бірге бөлісуі.

Әрине, бұл дәстүрді барлық отбасы бірдей қабылдамауы мүмкін. Бірі құдалықты бұрынғы қалыптасқан жолмен өткізгенді жөн көрсе, енді бірі ортақ ұйымдастырудың тиімділігін жоғары бағалайды. Ең бастысы – екі жақтың да көңілі тоқ болып, жас жұбайлардың қуанышы ортақ болуы.

Қазақ тойындағы жаңа трендтер дәстүр мен жаңашылдықтың қатар өріліп келе жатқанын көрсетеді. Тойдың сәні қымбат безендіруде, ерекше рәсімдерде немесе әлеуметтік желіге жарияланатын әдемі кадрларда ғана емес. Оның басты мәні – екі жастың бақыты, екі әулеттің татулығы мен үлкендердің ақ батасында. Сондықтан қандай трендті таңдасақ та, ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәнін жоғалтпай, оны әр отбасының жағдайы мен қалауына қарай жүзеге асырған жөн.

Бүгінгі сәнге айналған жаңашылдықтардың ертең дәстүрге айналуы да мүмкін. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін тәж тапсыру мен тілек жазылған құрақ көрпе қазақ ұзату тойының ажырамас бөлігіне айналар. Ең бастысы, тойдағы әрбір жаңалық қуаныштың қадірін арттырып, адамдарды жақындастыра түссе болғаны.

Дайындаған: Х. Орал,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ШАНШУ қадалса, ШАНЫШҚЫЛЫның қызы емдей ме?

Осы 10 СҰРАҚҚА бірден ӨТІРІК жауап беріңіз