СУРЕТТЕГІ АС БӨЛМЕДЕН НЕНІ ӨЗГЕРТЕР ЕДІҢІЗ?

0
187

Өз жауабыңызды дизайнердің ұсынысымен салыстырып көріңіз


СУРЕТТЕГІ АС БӨЛМЕДЕН НЕНІ ӨЗГЕРТЕР ЕДІҢІЗ?

Суреттер: t-j.ru


Оқырман сауалы:

«Ашық түстермен контрасттарды жақсы көремін! Асүйге керемет қызыл техника сатып алдым, күн сайын көзімді қуантады. Қалай ойлайсыздар? Одан сайын әдемі бола түсуі үшін тағы нені өзгертуге болады?»


Интерьер дизайнерінің жауабын оқымас бұрын асүй суреттеріне мұқият қарап, өз көзқарасыңызды айқындап алыңыз. Егер бұл кеңістік сіздікі болса, нені өзгертер едіңіз?

Енді төмендегі дизайнердің кеңестерімен салыстырып көріңіз. Ойларыңыз қаншалықты сәйкес келеді? Сізде интерьер дизайнері болуға қажетті түйсік пен талғам бар ма екен? Маман жауабынан өзіңіз үшін ұтымды шешім таба аласыз ба?


М. Исанова, интерьер дизайнері:

«Интерьер дәл өзіңіз қалағандай өте контрастты шыққан. Ақ пен қара түстердің молдығы және қызыл түс бөлмеге ерекше серпін мен белсенділік беріп тұр. Егер басты мақсатыңыз осы болса, оған толық қол жеткіздіңіз!

Мұндай контрастты түстер үйлесіміне екінің бірі тәуекел ете бермейді, өйткені олармен жұмыс істеу және әдемі әрі үйлесімді етіп шығару оңай емес. Ал сіздің қолыңыздан келді.

Ашық түсті екпіндерді көлемі әртүрлі заттарда бірнеше рет қайталап қолданғансыз. Түстерді ең әмбебап сызба бойынша үйлестіргенсіз: 60% бейтарап фон (қара мен ақ), 30% қосымша түс (қызыл) және 10% екпінді түс (көгілдір-жасыл / бирюза). Назарды өзіне тартатын «фокус нүктелері» сақталған. Егер мұндай нүктелер аз болса, интерьер бос көрінер еді. Сізде олар жеткілікті, тек түстерді бір-бірімен одан әрі жарастырып, үйлестіре түсуге болады.


Асүйіңізді бұдан да стильді көрінуі әрі ыңғайлылығы үшін қалай түрлендіруге болатыны жөнінде өз нұсқамды ұсынайын.

Басқа перде таңдау. Қызыл түстің қою бирюзамен үйлесімі – керемет шешім. Мен римдік пердені үстіңгі шкафтардың түсіне сай бейтарап, біркелкі реңкке ауыстырар едім. Сонда ол шкафтардың заңды жалғасы сияқты көрінеді. Бұл тәсіл колор-блокинг деп аталады.


Гүлдерді іліп қою. Қазір олар үстел үстіне түсетін жарықты көлегейлеп тұр. Егер гүлдерді жоғары іліп қойсаңыз, үстел үстінде орын да көбейеді, жарық та молаяды.

Ала перде көзге шашыраңқы көрінеді, ал гүлдер терезені жауып тұр. Бір түсті перде мен ілулі тұрған гүлдердің арқасында бөлме әлдеқайда жарық бола түседі.


Сөрелер қосу. Сол жақтағы қуыста жіңішке сөренің үстінде зат тым көп. Бұл көзге артық қоқыс сияқты көрінеді. Заттарды тігінен (жоғары-төмен) реттеп орналастырайық. Ол үшін тағы бір-екі сөре қосу керек. Ең жоғарыдағы жақтаулар тұрған жіңішке сөре өз орнында, өте жарасымды тұр. Терезе алдындағы аса қатты жарықты қажет етпейтін кішігірім өсімдіктердің бір бөлігін сол жаңа сөрелерге көшіруге болады.


Мысықтың тамақ ішетін ыдысын ауыстыру. Қазір ол жалпы интерьерден бөлектеніп, оғаш көрініп тұр. Оның орнына тұғыры бар әдемі ыдыс қоюға болады. Ал астына төсеніш қажет болса, көзге қатты түспеуі үшін еденнің түсімен бірдей етіп таңдаңыз.


Кілемше төсеу. Еден мен астыңғы шкафтар бірігіп, үлкен қара дақ сияқты көрінеді. Оны тіпті ашық қызыл бөлшектер де баса алмай тұр. Мен еденге өрнекті кілемше төсер едім. Ол бөлмедегі барлық түстерді бір арнаға тоғыстырып, біріктіреді. Мұндай ашық палитра үшін бұл өте жақсы тәсіл. Сондай-ақ әртүрлі түстерді картина немесе терезедегі тоқыма бұйымдар арқылы да біріктіруге болады.


Кофе қайнатқыштың үстінен тік сақтау орнын жасау. Немесе үстіңгі қақпағын үнемі ашып-жабу керек болса, дәл жанынан орналастыруға болады. Ол үшін арнайы сөрелер бар. Сонда үстел үстінде біраз орын босайды.


Артық заттарды алып тастау. Үстел үстіндегі ұсақ-түйектің көбін рейлингке (қабырғадағы ілгіш құбырға) іліп қойған дұрыс. Мүмкін, тек ілгектер емес, арнайы контейнерлер де сатып алу керек шығар. Ал егер үстел бетінде құтылар мен банкілер көбейіп кетсе, оларды бір поднос үстіне жинап қойыңыз. Күңгірт ағаштан жасалған немесе дөңгелек айналмалы түрін таңдауға болады.


Тоңазытқыштың бетін ретке келтіру. Егер аса қажет болмаса, тоңазытқыштағы артық қағаздарды да алып тастауға болады. Ал маңызды жазбалар болса, қалдырған жөн. Қалай дегенмен, сұлулықтан гөрі ыңғайлылық маңыздырақ. Жазбалар үшін магнитті-маркерлі тақта қалдыруға болады.»


Үй интерьерінде ең бастысы – иесінің көңіл қалауы мен күнделікті әдеттері. Дизайнердің ұсыныстары дайын нұсқаулық емес, тек шабыт беретін бағыт қана. Кеңістігіңізді өзіңізге жайлы әрі жақын ету әрқашан сіздің еркіңізде.

Аударған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖУЫНАТЫН БӨЛМЕні таза ұстауға БІР ҚАСЫҚ ТҰЗ жетеді