Жоспарсыз шыққан туристік жорық сәтсіз болмауы үшін нені ескеру керек?
Сурет: i.pinimg.com
Қазіргі заманда турсыз, турагент көмегінсіз, өз бетінше әрі жоспарсыз саяхаттау өте актуалды болып отыр. Әсіресе тәжірибелі жиһанкездер саяхаттың осы түрін таңдайды. Мұндай форматтың артықшылықтары көп, сондықтан ол жыл сайын танымал бола түсуде.
Айталық, тур бағдарламасына тәуелді болмай, өз қалауыңды таңдай аласың. Қатаң жұмыс кестесінен шаршаған адамдар демалыста өзін барынша еркін сезінгісі келеді. Ешкімнің жоспарына байланбай, қызықпаған экскурсияға бармай, көңіл қай жаққа ауып тұрса, солай бағыт алу кімге ұнамасын?
Одан бөлек, өз бетіңізше саяхаттау өзгеше әсер қалдырады. Турфирмалар көбіне стандарт маршруттарды ұсынады. Ал ешкім көрмеген шағын көшелерді, бұрыштарды ашуға, жергілікті мәдениетпен жақын танысуға жеке сапарлау мүмкіндік береді.
Қаржылық жағынан да тиімдірек. Кейде өзіңіз ұйымдастырған сапар турагенттік турдан 30–50% арзан түседі. Өз бетінше саяхаттауда арзан билеттерді қадағалауға, арзанырақ баспананы таңдауға, турпакеттегі басы артық қызметтерге ақша төлемеуге болады.
Кейде ең жақсы әсер жоспарланбаған, күтпеген сәттерде орын алады. Жаңа адамдармен танысу, олардың қонаққа шақыруы, жергілікті тұрғын ұсынған көрікті орын, ауа райының өзгерісіне қарай икемдеу – бәріне жылдам бейімделе аласыз.
Жоспарсыз саяхаттағанда «гидтен адасып қалмайын, топтан қалыпт кетпейін, бәріне үлгеру керек» деген қысым болмайды. Сапардың ритмін өзіңіз сезіну моральдық тұрғыдан әлдеқайда жеңіл.
Алайда, өз бетіңше саяхаттау оп-оңай емес. Ойға келген сәтте билет ала салып, бірер сағат ішінде ұшып кете салу кинода ғана болады. Шынайы өмірде оған аз да болса алдын-ала дайындық керек. Ең алдымен, кем дегенде бару билетіңіз дайын болуға тиіс. Қайту билеті де қолда болса, құба-құп. Сондай-ақ тым болмағанда демалыстың алғашқы екі күніне баспана брондап қойған абзал. Жолдан шаршап жеткенде жүгіңізді тастай салып, бір тынығып алған жөн. Содан кейін барып экспериментке, жаңа әсерлерге жол ашық.
1. Асықпаңыз, сезімдеріңізді сезініңіз
Жоспарсыз саяхатта асығыстық пен бәрін бірден көруге ұмтылу тек кедергі келтіреді. Ондайда эмоциялар мен сезімдеріңізді толығымен сезіне алмайсыз. Баяу жүріп, айналаға қарай жүріп, өз ішіңізге де зер салыңыз. Жаң-жағыңызда қандай қызықтар бар, дәмханада қандай тағамдар ұсынады, ит жетектеген жаяу кісі қайда бара жатыр және осының бәрі сізге қандай әсер беріп жатыр? Осы сұрақтардың жауабын іздей жүріңіз. Ең жақсы әсерлерді ең елеусіз қалған жағдайлар, ең ұсақ детальдар кһбірек береді.
2. Жергілікті тұрғындармен сөйлесіңіз
Туристік аймақты мекендейтін тұрғындар өз жерлерінің ерекшелігін біледі, сондықтан қонақжай келеді, туристерге тіксініп қарамайды. Сіз де олардан шошымаңыз. Сақтықпен қатар, достықты да ұмытпаңыз. Жергілікті тұрғындармен көбірек сөйлесуге тырысыңыз. Өзіңізді таныстырыңыз, еліңіз жайлы айтыңыз. Бұл ел жайлы да білгіңіз келген сұрақтарды қысылмай қоя беріңіз. Ең пайдалы болар кеңесті, ең тиімді лайфхакты тек жергілікті адамдар ғана айта алады. Осындай таныстық кейде өте пайдалы байланысқа, ұзақ жылдарға созылатын достыққа айналуы да ғажап емес. Әлемнің басқа бұрышында жақын адамыңыздың болуы – тамаша.
3. Көбірек жаяу жүріңіз
Жат жерге барғанда аяқкиімді де, аяқты да аямау керек. Ойға қонымды деңгейде, әрине. Ұзақ жолда шаршамау үшін не уақыт ұту үшін көлікпен жүруге болады. Алайда, барар жеріңіз бір елдімекеннің ішінде болса, жаяу жүрген абзал. Көлікпен зу ете қалғанда аңғарып үлгермейтін көп нәтсені жаяу жүріп көресіз.
Сонымен қатар, жаяу жүру арзан. Жоспарсыз сапарда күтпеген әсерлерге қаржы жеткізу үшін үнемдеген, кей нәрселерден бас тартқан дұрыс.
4. Баспананы орталықтан таңдаңыз
Жай ғана дайын тамақты ішіп-жеп, суға шомылып, күнге қыздырынатын пассивті демалысқа келсеңіз, жайлы қонақүй іздеген дұрыс. Ал күні бойы жер-жерді аралап, кешкісін түнемеге ғана келетін белсенді саяхатты таңдағанда жатын орынның қала орталығында немесе көрікті нысандарға жақын орналасуы ғана маңызды. Бұл жағдайда хостелдер мен арзанырақ қонақүйлерден орын брондаңыз. Ал егер жайлылықтан үнемдегіңіз келмесе, тәуліктік жалға берілетін пәтер қарастырыңыз.
5. Пікірлерді оқымаңыз
Баратын нысанды таңдағанда ғаламтордағы туристер пікірлерін оқымаған жөн. Олардың әрқайсы жайлы әйтеуір бір кері пікір жазылып жатады. Тіпті әлемдік өнер мен архитектура шедеврлері де. Бірнеше кісінің ойына қарап шешім шығармаңыз. Ең абзалы – барып, өз көзіңмен көріп, сосын барып өз шешіміңді шығару. Бәлкім, басқаға жақпаған нәрсе сіздің көңіліңізден орын алар? Бүкіл әлем сүйсінетін орын сізге ұнамай қалуы да мүмкін. Ең бастысы басқалардың пікірімен үндес болу емес, сіздің жеке әсеріңіз.
6. Қауіпсіздікті ұмытпаңыз
Жоспарсыз саяхат, кез келген идеяға келісе кету, эксперимент жасау – нәтижесі қандай боалры белгісіз лотерея. Сондықтан қауіпсіздікті ұмытпаңыз. Алып-ұшқан көңілді, көрсеқызар көзді ғана емес, интуицияңызды да мұқият тыңдаңыз. Қайсыбір жерге бару үшін таксимен емес, қоғамдық көлікпен барған сенімдірек. Біреу бейтаныс жерге шақырса, оның ұсынған жоспарымен емес, өз жолыңызбен, өзіңіз таңдаған уақытта барып көрген жөн. Құрамы, асқазаныңызға жағар-жақпасын білмейтін тағамды жеп көргіңіз келсе, бірден асамай, аз-аздан ғана дәмін татыңыз. жақпас ештеңе байқалмаған болса, келесі күні жеп көруге болады. Онда да асықпай, сезімдеріңізді оқи отырып.
Керек кеңес:
Цифрлық құралдар қарқынды дамып жатқан қазіргідей уақытта өз бетіңше саяхаттауды жеңілдететін сервис көп. Арзан билеттер үшін Skyscanner, Aviasales, баспана табуда Booking, Airbnb, Hostelworld, бағытты айқындауда Google Maps, Maps.me көмекке келеді. Аудармашы рөлін Google Translate жақсы атқарады. Қауіпсіздік пен байланыс үшін мессенджерлер, eSIM қолданыңыз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


