Одан кейін теңізге шомылу, күнге қыздырыну, қонақүйде жайланып жату мүлде қызықтырмай қалуы мүмкін
Сурет: cdnn1.img.md.sputniknews.com
Бұл мақала әлемнің көптеген елін аралап, «Мені енді саяхатпен таң қалдыра алмайсың» дейтіндер үшін. Өйткені мұнда демалыс туралы түсінікті түбегейлі өзгертетін, мида төңкеріс жасайтын ең ерекше бағыттар жиналған. Көптеген орындарға жету оңай емес. Қейде бірнеше рет көлік ауыстыруға, жайыңыз жасалмайтын тұрмысқа, ыңғайсыз жағдайлар мен күтпеген оқиғаларға көнуге тура келеді. Бірақ көретін нәрсе мен алатын әсер соған әбден тұрарлық.
Мексикадағы киттермен махаббат құру
- Желтоқсан мен сәуір айлары аралығында барған дұрыс
Мексиканың батыс жағалауында жылы әрі таяз Калифорния шығанағы бар. Мұнда жыл сайын желтоқсан мен сәуір аралығында сұр киттер ұрпақ жалғастыру үшін жиналады. Бұл жерде олар өздерін өте жайлы сезінеді. Тіпті өздерін тамашалауға келген адамдарды жатсынбай, оларға жақындап, сипауға, құшақтауға рұқсат береді. Туристер қайықпен шығанаққа шығып, шуламай, тыныш қана киттердің өзі келуін күтсе болғаны.
Әдетте киттермен кездесу турының құрамында ацтектер пирамидаларын зерттеу (мысалы, әуе шарымен), миллиондаған монарх көбелектері мекендейтін қорыққа бару, түрлі-түсті снорклинг тебу, Мехико мен оның отарлық дәуірдегі атмосферасы бар қалаларында серуендеу қамтылады. Сондықтан бул турда ішіңіз пыспайтыны анық. Әсер деңгейі таңғаларлық.
Маврикийде кашалоттармен жүзу
- Қай уақытта барған дұрыс? Наурыздан желтоқсанға дейін
Мұхит алыптарымен тікелей «танысуға» болатын тағы бір орын – Маврикий аралы. Маврикий суларында жыл бойы кашалоттардың үлкен популяциясы мекендейді. Туристер бұл алып жаратылыстарды табиғи ортада қайықтан бақылап тамашалай алады. Кашалоттар су бетіне жиі-жиі ырғып шығып, бір-бірімен балаша ойнап жатады. Бұл көрініс екінің біріне ерекше әсер қалдырады.
Киттерге тым жақындамай, тыныштық сақтап, мазасын алмасаңыз, олар да қорықпастан бар өнерін паш етеді. Алып сүтқоректілерді кездестіре алмағанның өзінде, жолай дельфиндер мен теңіз тасбақаларын көруге мүмкіндік бар. Сондықтан бұл сапардың есте қаларлықтау болуы сөзсіз.
Антарктида мұздықтары
- Қарашадан наурызға дейін барған дұрыс
Суық әрі сырға толы Антарктида көпшіліктің ойындағыдай қолжетпес жер емес. Мұнда туристік экспедициялар көп жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ең ыңғайлысы — Аргентинаның Ушуайя қаласынан, Отты Жер аралынан кеме арқылы аттану.
Антарктидада ең ірі түрлердің бірі – корольдік пингвиндерді көруге болады. Ол былай тұрсын, планетадағы ең алып айсбергтерді, мыңжылдық мұздықтарды өз көзіңмен көруден артық не бар? Сәті түссе жаңа айсбергтің мұздықтан бөлініп, бүкіл күшімен суға құлаған сәтіне куә боласыз.
Путорана үстіртіне экспедиция
- Қай уақытта барған дұрыс: маусымнан тамызға дейін
Путорана үстірті – Жердегі ең қолжетпес аймақтардың бірі. Ауа райы қатал, бедерін болжау қиын өлке. Мұнда жол да, адамға таныс инфрақұрылым да жоқ, тек жабайы әрі қатал табиғатпен бетпе-бет келесіз. Бар қиындығына төзіп жетіп жатсаңыз, екінің бірінің аяғы баспайтын Лама көлінде балық аулап, мыңдаған сарқырама, қарлы қойлар мен терең каньондарды көре аласыз. Ең әйгілісі — Оран каньоны, оның қабырғаларының биіктігі 300 метрге жетеді. Каньон түбіне Оран өзенінің салаларының сарқырамалары құлап, айналаны жаңғырта дыбыс шығарып ағады.
Азор аралдарындағы яхтинг
- Қай уақытта барған дұрыс: мамырдан қыркүйекке дейін
Азор аралдары – Атлант мұхитының қақ ортасында, материктерден алыс жатқан ерекше архипелаг. Мұнда жету қиын, бірақ соған сай әсері ерекше. Әр арал өз алдына бөлек әлем, тропикалық жасыл өсімдіктер мен қара вулкандық жағалаулар кезектесіп отырады. Әсіресе, архипелагта яхтингке шығу айрықша тәжірибе. Фаял аралында 300 жылдық (!) керемет марина бар, ол Атлантика бойынша көптеген экспедициялардың бастау нүктесі болып саналады. Маршруттар тексерілген әрі қауіпсіз.
Исландиядағы джип-турлар
- Қай уақытта барған дұрыс: маусымнан қыркүйекке дейін
Исландия ғажайып табиғатының арқасында әлеуметтік желілер мен кинода «жаңа ғаламшарға» айналды. Екінің бірі жете алмайтын жерлерді көру үшін ең жақсы тәсіл – джиппинг. Себебі көз тоймас фьордтар, таулы сарқырамалар, мұздықтар, литосфералық жарықтар, әйгілі Эйяфьядлайёкюдль вулканы, қара лавалы шөл және сан түрлі гейзерлер дәл жол жоқ аймақтарда орын тепкен. Суреттеуге бояу, сипаттауға тіл жетпейтін сұлулыққа ие табиғат көріністерін көзбен көру мида эмоциялық жарылыс тудырады.
Руандада гориллаларды зерттеу
- Құрғақ маусымда барған дұрыс, маусымнан қыркүйекке дейін және желтоқсаннан ақпанға дейін
Африкада тау гориллаларының саны мыңнан аз, ал жартысынан көбі Руандадағы Вулкан ұлттық паркінде өмір сүреді. Бұл ерекше әлеуметтік жануарларды табиғи мекенінде бақылау таңғаларлық тәжірибе. Ересек гориллалардың бір-біріне сезімін білдіргенін, бір-бірінің жүнін тазалап отырғанын, ал кішкентайлардың ойнап жүргенін, бүкіл топтың орман ішінде бірге қозғалғанын, басқа да күнделікті тіршілігіндегі қызықты көріністерін тамашалауға болады.
Туристердің басым көпшілігі сапарын Кигали қаласынан бастайды. Осы жерден ұйымдастырылған топтар ұлттық паркке жол тартады, кей аймақтарға тек тікұшақпен жетуге болады.
Мұндай экспедицияға қатысу үшін алдын ала еблгіленген ақшасын төлеп, арнайы рұқсат (пермит) алу керек. Бірақ бұл қаражат кәсіпкерлердің пайда табуы үшін емес, гориллаларды қорғауға және олардың көбеюін зерттеуге жұмсалады. Демек, туристер табиғатты сақтауға үлес қосып, өздері де өмір бойы ұмытпайтын әсер алады. Сонымен қатар, парк сирек өсімдіктермен, алтын түстес маймылдармен және жарқанаттар мекендейтін үңгірімен әйгілі.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Қай ЕЛДЕРДЕ коктейль ішу қауіпті?


