Қар мен мұз құшағындағы ертегі өмірді қайдан тамашалауға болады?

0
250


Қар мен мұз құшағындағы ертегі өмірді қайдан тамашалауға болады?

Сурет: i.pinimg.com

Әлемді тануға, жердегі жаратылыс кереметтерін көруге бәрі асық. Сондай-ақ әр адамның талғамы мен таңдауы әрқилы. Бірі күннің шуағына қыздырынып, теңіз жағасында тынығуды армандаса, енді бірі қар жамылып, мұз құрсанған мекендерге сапар шеккенді қалайды. Оларды табиғаттың қаталдығы қорқытпайды, суық өлкелердің ертегіге бергісіз тылсым сұлулығы, жұмбақ тіршілігі тартады.

Саяхат – тек демалыс емес, адамның мінезі мен рухын табиғатпен үндестіретін ерекше құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда, жылы аймақтардан гөрі суық өлкелерге жол тартатын жиһанкездердің таңдауы да құрметке ие.

Мұзды өлкелер тұрғындарының тұрмыс-тішілігі үлкен қиындықтарға толы. Олар жайыңды түсінбейтін, жағдайыңа қарамайтын қатал да жайсыз ауа райына бейімделуге мәжбүр. Ауа температурасының рекордтық төмен көрсеткіштері, бет қаритын аяз, ызғарлы жел мен жылтыр мұз мұндай аймақтар үшін үйреншікті көрініс. Кей жандар мұндай жерлерден ерекше сұлулықты немесе экстремалды туризмге лайық сын-қатерді табады. Осындай саяхатшылар үшін жер бетіндегі ең суық орын қайда екенін іздеп көрдік. Әлемдегі ең суық 10 қаланың қатарына АҚШ, Ресей, Солтүстік Америка және Азия аумағындағы елдімекендер кіреді екен.


Йеллоунайф, Канада

Сурет: png.pngtree.com

Йеллоунайф – Канаданың Солтүстік-Батыс аумақтарының астанасы. Қатты аяздарымен танымал әрі мұнда қар жамылғысы ең ұзақ сақталады.

Йеллоунайфта қыстың ортасында орташа температура −26 °C шамасында. Ең төменгі температура 1947 жылдың 31 қаңтарында тіркеліп, −51,2 °C-қа дейін төмендеген. Бұл Йеллоунайфты әлемдегі ең суық қалалардың қатарына қосады. Сонымен қатар, қала солтүстік шұғыласын (аврора) тамашалауға болатын орын ретінде де белгілі. Айта кетерлігі, Йеллоунайфта жаз мезгілі Канададағы ең күн шуақты кезең болып саналады.


Уткиагвик (Барроу), АҚШ (Аляска)

Уткиагвик – Алясканың ең солтүстігінде орналасқан қала. Әлемдегі әрі АҚШ-тағы ең солтүстік қала және Аляскадағы ең суық қала саналады. Қатты аяз бен күшті желдің үйлесуі бұл қаланың қысын жер шарындағы ең қатал қыстардың біріне айналдырады.

Бұл қалада минус температура қазан айынан мамырға дейін сақталады. Жылдың кез келген айында үсік орын алуы мүмкін. Ең төменгі рекордтық температура −49 °C, 1924 жылы тіркелген. Ең жылы ай – шілде. Ол кезде ауа температурасы шамамен +5 °C-қа дейін көтеріледі.

Сурет: media-cdn.tripadvisor.com


Интернешнл-Фоллс, АҚШ

Шамамен 5 мың адам мкендейтін бұл қаланың «ұлттық тоңазытқыш» деген берсми атауы бар. Себебі онда жылына 109 күн бойы орташа тәуліктік температура 0°C-тан жоғары көтерілмейді. Ұлттық метеорологиялық қызметтің деректеріне сүйенсек, Интернешнл-Фоллстың жылдық орташа температурасы небәрі +3 °C. Қаңтардағы орташа температура −15 °C, ал 1909 жылы ауа температурасы −48 °C-қа дейін төмендеген. Осы климаттық ерекшеліктері бұл қаланы әлемдегі ең суық қалалардың қатарына енгізеді.


Хелена, АҚШ (Монтана)

Хелена – Монтана штатының астанасы. Мұндағы ең төменгі температура −41 °C-қа дейін жетсе, ең жоғары температура +41 °C-қа дейін жеткен. Қысы қаөарлы, ал жазда жазда аптап ыстық пен құрғақшылық болады. Қарлы кезең шамамен жеті айға: қазаннан сәуірге дейін созылады.


Улан-Батор, Моңғолия

Моңғолияның астанасы Улан-Батор да әлемдегі ең суық қалалардың қатарына жатады. Мұнда қыста ауа температурасы −40 °C-қа дейін төмендейді. Ең қатты аяз қаңтар айында байқалады. Қыс мезгілі қарашадан наурызға дейін созылады. Қаланы көмірмен жылыту экологиялық мәселелерге алып келеді: қоңыр көмір жағылған кезде қою түтін пайда болып, бүкіл қаланы қаптап, кейде айлар бойы сейілмей тұрады. 2020 жылы IQAir AirVisual деректері бойынша Улан-Баторда әлемдегі ең нашар ауа сапасы тіркелген.


Харбин, Қытай

Сурет: i.pinimg.com

Харбин – Қытай мен Азиядағы ең суық қалалардың бірі. Қала елдің солтүстік-шығысында, климаты өте суық аймақта орналасқан. Қыс мезгілінде ауа температурасы −38 °C-тан да төмен түсуі мүмкін, бұл Харбинді Қытайдағы ең суық қалалардың қатарына қосады.

Харбин жыл сайын өтетін мұз фестивалімен әйгілі. Мұз бен қардан жасалған халықаралық фестиваль 1963 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде Харбин мұз мүсіндері өнерінің әлемдік орталықтарының біріне айналды. Фестиваль ресми түрде 5 қаңтарда басталып, бір айға созылады. Алайда іс жүзінде мүсіндер ертерек қойылып, фестиваль ұзаққа жалғасуы мүмкін. Экспонаттарға арналған мұз Сунгари өзенінен алынады. Мүсіншілер қашаулар мен басқа да құралдар арқылы өңдеп, таңғажайып өнер туындыларына айналдырады.

Харбин мүсіндер көрмесінен бөлек, тау шаңғысымен сырғанау фестивалі, мұз ойығына шомылу сияқты шараларымен де танымал.


Хельсинки, Финляндия

Финляндияның астанасы Хельсинки қарлы қыстарымен белгілі. Қала ылғалды континенттік климат аймағында, қоңыржай және субарктикалық белдеулердің шекарасында орналасқан. Қыстағы ең төменгі температура рекорды −35°C, ал ең суық айлар – қаңтар мен ақпан.

Финляндияға суық қыс пен жылы жаз тән. Ел аумағындағы климаттық ерекшеліктер айқын байқалады. Мысалы, солтүстігіндегі Лапландияда қар жылына жеті айға дейін жатады, ал алғашқы қар тамыз айында-ақ түсуі мүмкін.


Нуук, Гренландия

Сурет: i.pinimg.com

Гренландияның астанасы Нуук субарктикалық климат аймағында орналасқан. Бұл суық қала Солтүстік поляр шеңберінен 240 км қашықтықта орналасқан. Жылдық орташа температура нөлден төмен, тек жаз айларында ғана ауа +10–11 °C-қа дейін жылынады. 2002 жылы Нуукта Арктикалық қысқы ойындар өткен. Соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен экстремалды саяхатшылар осында ат басын тіреуі қалада туризм дамып келе жатқанын айқындайды. Сондай-ақ Нуукта солтүстік шұғыласын көруге болады.


Оймякон, Ресей

Якутиядағы Оймякон ауылы аса қатты суығымен танымал. Метеорологтар тіркеген ең төменгі температура −67,7 °C болған. Кейбір деректерге сүйенсек, 1938 жылы температура бұдан да төмендеп, −77,8 °C-қа жеткен. Жазда орташа температура +12–14 °C шамасында, ал ең жоғары рекорд +34,6 °C болған. Жылдық температура айырмасының (шамамен 100 °C) мұншалықты үлкен болуы — күрт континенттік климат пен елді мекеннің теңіз деңгейінен 741 метр биіктікте орналасуымен байланысты.

Оймякон – Ресейдегі ең суық елді мекен (нақтырақ айтқанда, ауыл). Халқы небәрі шамамен 500 адам. Оймякон Жердің «суық полюстерінің» бірі болып есептеледі.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

МЫСЫРДА міндетті түрде есте сақтайтын ҚАУІПСІЗДІК ережелері