Көзқарас: ЕНЕні "МАМА" деп атаған ДҰРЫС па?

0
261

​Сіз қалай атап жүрсіз?


Көзқарас: ЕНЕні

Фото: i.pinimg.com

Қазіргі заманда келіндердің, тіпті күйеу баланың енесін "мама" деп атауы жиі кездеседі. Бұл дұрыс па, бұрыс па? "Мама" деу құрмет пе, әлде артық па?

Осы тақырыпты тереңірек талқылау үшін бірнеше адамның пікірін сұрап көрдік.


Айгүл, 65 жаста:

– Қазір қайдам, ал бұрын үлкендер “ене – екінші анаң” деп жиі айтатын. Бұл сөздің түбінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Бұл енені сыйлап, құрметтеуді насихаттайды.

Алғашқы жылдары үйренісе алмай жүргенімде енемнің талаптарына ренжіп анама айтқанымда ол "Енеңді анаңдай көруге тырыс, сонда болмашыға ренжімейсің" деп еді. Анаңдай көр дегені – шешеңдей сыйла дегені ғой. Енең ескерту жасаса, анаңның да сондай сәтте ұрсатынын еске алып, түсіністікпен қара дегені. Ал бұл сөзді қазіргі кейбір жастар тура мағынада қабылдап "мама" деп атап жүр. Бұл мен үшін ененің "келінімді қызымдай көрем" дегені секілді жасанды.

Өзім де енемін, келініме аналық мейіріммен қараймын. Бірақ оған ешқашан "мен сені қызымдай көрем" деп айтпаймын. Өйткені қыз – қонақ, ал келіннің өз міндеттері бар, рөлдері екі бөлек.

Отбасындағы рөлін шатастырып алмауы үшін оны "қызым" деу дұрыс емес. Сол сияқты енені "мама" деуі де артық шығар. Әрине бұл сөз отбасындағы екі әйелдің қарым-қатынасын жылытпаса, зияны жоқ деп ойлаймын. Дегенмен мен келіндеріме "мені апа деп атаңдар" деп отырам. Әркім өз орнын білгенін және барлық нәрсе өз атауымен аталғанын жөн көрем.


Әлішер, 28 жаста:

– Менің үш жеңгем бар. Олар "мама" дейді. Алғашқыда анамды басқа біреулердің "мама" дегені оғаш естілген. Үйдің кенжетайы болған соң қызғаныш болған шығар, бәлкім?!

Жақында өзім де үйлендім. Келіншегімнің шешесі жоқ, қайтыс болған. Ол енесін "апа" деп атап жүр. Шынымды айтсам, бұл маған біртүрлі естілді. Басқа келіндерінің "мама" деп, кенже келінінің ғана "апа" дегені бөлектенгендей түйілді. "Неге мама демейсің? "Мама" десейші" деп едім, "Адамда мама біреу-ақ, мен басқа ешкімді олай атай алмаймын. Маған моральдық қысым жасамашы. Құрмет пен махаббат – екі бөлек нәрсе" деп тарс еткізді келіншегім.

Келіншегіме бастапқыда ренжідім. Бірақ ойланып көрсем, мен де өз анамнан басқа біреуді "мама" деп атай алмайтын сияқтымын. Ұққаным, енені "мама" деп атау парыз емес, әркімнің таңдауы. Қалай атағысы келеді, бұл әркімнің өз қалауы және ол мәселе емес.


Динара, 35 жаста:

– 19 жасымда босаға аттадым. Анамды сағынып жылайтынмын. Сол кезде енемнің “қызым” деген жылы сөзі жүрегімді ашты. Мен сол жылылықтың арқасында сол босағаға сіңдім. Әйтпесе күйеуіммен арада сезім болмаған, алып-қашқан.

Қиын сәттерде "қызым" деген сөзі кәдімгідей демеу болатын. Ене де – адам ғой, ол да кей жағдайда келінінен "мама" деген сөзді естігісі келетін шығар деп ойлаймын. Сондықтан "мама" деп атаудың плюс жағы көп секілді. Және "мама" деу де ененің жүрегін жылытар жақсы амал деп ойлаймын.


Самат, 26 жаста:

– Бір шығыс тәмсілі бар: “Жақсы көру міндет емес, бірақ құрмет көрсету – парыз" деген. Мен үшін ене мен ананың рөлін шатастыру дұрыс емес. Әрқайсысы өз орнымен, өз мәртебесімен қымбат.

Құрмет бірден махаббатқа айналмайды, ол ұзақ уақытты қажет етеді. Ене мен келін арасындағы жылулық та – уақыт пен әрекеттен туады. Сондықтан алғашқы күннен “анаңдай көр” деу дұрыс емес. "Мені "мама" деп ата" деп талап қою да – артық.

Отбасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін бәрі өз атымен аталуы керек.


Зейнеп әже, 80 жаста:

– Бұл өмірде неше түрлі тағдыр көрдім. Енеміздің қабағына қарап өскен күндер артта қалса да, оның тәрбиесі жүрегімде сақталып қалды. Енем қайтыс болғанда, өз анамнан айырылғандай күй кештім. Біздің кезде енең түгілі өз анамызды "мама" деп атамағанбыз. Бірақ екеуін де сыйладық.

“Енеңді анаңдай көр” деген сөз – бұл жай мақал емес, бұл – рухани борыш. Ұлдың бақыты үшін бір үйде екі әйелдің де жүрегі тыныш соғуы керек. Бірақ екеуінің арасы өзара құрмет пен сабырмен ғана беріктенеді. Жүректен шыққан жылылық қана жүрекке жетеді. Меніңше, мәселе қалай атауда емес, шынайы қарым-қатынаста, ашық сөйлесуде.


Әлима апа, 70 жаста:

– Бұны біреу парыз деп қабылдайды, бірі еркін таңдау көреді. Кейбіреулер үшін бұл шынайы қарым-қатынастың шыңы болса, өзгелер үшін – әлеуметтік қысым мен шектеудің көрінісі.

Ал менің түсінігімде ене мен келін арасындағы махаббат – міндет емес, мүмкіндік. Ол мүмкіндік тек түсіністік пен сабырдан туады. Сондықтан бұл мәселенің жауабы – бір ғана ереже емес, әр отбасының өз тарихында, өз қарым-қатынасында жатыр.

Мысалы, менің енем анам болуға тырыспады, бірақ мейіріммен қарады. Мен де оны анамдай көруге тырыспадым, бірақ күйеуімнің анасы, үлкен кісі, балаларымның әжесі ретінде құрметтедім. Алайда уақыт өте келе мен оны шын жүректен жақсы көріп кеттім.

Қазір өзім де енемін. Бес келінім бар. Ене мен маманың орнын, атауын шатастырмай, бірақ ұштастыра білуге тырысам.


Пікірлерден байқағанымыз – ененің "мама" аталуы міндет емес, бұл – әр адамның ішкі шешімі. Маңыздысы – ене мен келін арасындағы құрмет пен өзара түсіністік.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Бақытты некенің 5 алтын ережесі

Жұбайлар өміріндегі ҚАУІПТІ 6 дағдарыс