​Бақыт пен байлықтың кілті - ОСЫ!

0
266

Өзіңді жақсы көру - өміріңнің ең үлкен инвестициясы!


​Бақыт пен байлықтың кілті - ОСЫ!

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Өзіңді жақсы көру – бұл өмірдің барлық саласында табысқа жетудің, бақытты өмір сүрудің және басқалармен сау қарым-қатынас орнатудың негізі. Сондықтан коучтар да, психологтар да нендей мәселемен барсаңыз да "ең алдымен өзіңді жақсы көруді үйрен" деп кеңес береді.

Бұл жай ғана «мен өзімді жақсы көрем» деп айтудан әлдеқайда терең ұғым. Ол – өзіңді түсіну, қабылдау, құрметтеу, күтім жасау, қамқор болу және физикалық, эмоционалдық тұрғыдан қолдау.

Өзіңді сүю – бұл процесс, ол бірден бола салмайды, бірақ күнделікті кішкентай қадамдармен оған жетуге болады. Мынау бес қадам өзіңді жақсы көру дағдысын жүйелі түрде қалыптастыруға көмектеседі.


1. Өз-өзіңмен қайтадан таныс

Өзіңнің қандай екеніңді, нені ұнататыныңды және нені қаламайтыныңды түсінуге уақыт бөл. Ол үшін «Мені не бақытты етеді?», «Мен нені өзгерткім келеді?», "Мен қандай адам болғым келеді?" деген сұрақтарға жауап жаз.

Күшті жақтарыңды және мақтанатын сәттеріңді жаз. Кішігірім мақтаныш болса да жаз.

Тапсырма:

- Күніне 10 минут өзіңе ұнайтын іспен айналыс – кофе іш, серуенде, музыка тыңда.

- Әлеуметтік желілердегі «мінсіз» өмірлерге қарап, өзіңді төмендетпе. Сен бірегейсің, және сенің жолың басқалардыкінен өзгеше.

- Күніне 5-10 минут тыныш отырып, тыныс алу жаттығуларын жаса. Бұл ішкі тыныштықты табуға көмектеседі. Мысалы, «Мен осы сәтте өзімді қабылдаймын» деген аффирмацияны қайтала.


2. Өзіңді қабылда

Өзіңді қабылдау – бұл өзіңді барлық кемшілігіңмен, артықшылықтарыңмен, сырт келбетіңмен, мінезіңмен, өткеніңмен және қазіргі күйіңмен толық мойындап, сүю. Сәттіліктер мен сәтсіздіктеріңді, сезімдерің мен ойларыңды сынсыз қабылдау. Бұл кемшіліктеріңді жасыру емес, түсіну.

Дұрыс түсін, бұл өзіңді өзгертуден бас тарту емес, керісінше, үлкен өзгерістің негізі, алғашқы қадамы.

Мына ережені есте ұста: Өзіңді қабылдамай тұрып, өзгеру, даму мүмкін емес. Сол сияқты өткен қателіктеріңді мойындамай сен одан сабақ алмайсың және өзіңді кешірмейсің. Сондықтан да қазір қандайсың, дәл осы қалпыңда өзіңді қабылдау өте маңызды.

Тапсырма: Бүгіннен бастап 30 күн "Өзімді толық тану" дәптерін арна.

- Әр күн кешке 10 минут бөліп, өзіңді өзің бүгін неліктен мақтағаныңды және сынағаныңды жаз.

- "Бүгін мен неге ашуландым?", "Бүгін мені не қуандырды?", "Мен неден қорқам?", "Мен неден бақыт табам?" деген сұрақтарға жауап жаз.

- Аптасына бір рет жазғандарыңды талда.

Аффирмация: көңіл күйің түскенде, өзіңді басқамен салыстыра бастағанда "Мен өзімді барлық жақтарыммен қабылдаймын", "Мен өзімді сүюге лайықтымын" деп қайтала. «Неге мен осындаймын?» деген сөзді «Мен өзімді осы күйімде жақсы көремін» деген сөзбен алмастыр.

Техника: Таңертең тіс жуардан бұрын және түнде ұйқыға жатарда орында.

1. Айна алдында 5 минут тұр.

2. Өзіңе қарап, сынсыз байқа.

3. Терең тыныс ал. Сыртқы түріңнен бастап, ішкі сезімдеріңе дейін барлығын қабылда.


2. Жетістіктеріңді бағала

Жетістіктерді бағалау – өзіңе деген сенімді арттырады. Яғни өз жетістіктеріңді мойындау арқылы "Менің қолымнан келеді" деген сенім қалыптасады. Бұл келесі қадамға батыл баруға көмектеседі.

Сондай-ақ өз еңбегіңді бағалай білу – өзіңді жақсы көру мен өз-өзіңді құрметтеудің бір қадамы.

Жетістіктерді бағалау дегеніміз – тек үлкен табыстарды ғана емес, күнделікті кішігірім жетістіктерді - таңертең ерте тұру, 5 минут жаттығу жасау, ата-анаға қоңырау шалып жағдай сұрау, жаңа нәрсе үйрену, қиын жағдайда төзімділік көрсету сияқты қарапайым іс-әрекеттерді де қамтиды.

Мойындашы, сені мақтап, үнемі жетістіктеріңді айтып отыратын адамды жақсы көре бастайсың ғой. Өзіңнің жетістігіңді жиі айту, еске түсіру арқылы өзіңді жақсы көру реакциясы басталады.

Тапсырма: "Жетістіктер альбомын" арна.

- Арнайы дәптер арнап, әр күні кешке 3 жетістікті жаз. Иә, сол күні жеткен жетістіктерді жазасың. Мысалы, «Мен бүгін уақытымды тиімді пайдаландым», «Мен қиын әңгімеге батылдық таныттым», "Мен бүгін әкемнен кешірім сұрадым".

- Айына бір рет барлық жетістіктеріңді қайта оқып, өзіңді мақта.

Терапия: Өзіңді кейіпкер ретінде қарастырып, осы уақытқа дейін қандай қиындықтарды жеңгеніңді баянда. Оқып шығып, өзіңді мақта. Марапат сыйлығы деп өзіңе сүйікті шоколадыңды немесе балмұздақ әпер.


3. Өзіңе мейірімді бол

Өзіңді сынай беруді, жазғыруды, "қолымнан түк келмейді" деп кем санауды доғар. Егер бұны тоқтатпасаң, өз-өзіңе деген сенімсіздік пайда болады, бұл өз кезегінде стресс, мазасыздық, тіпті депрессияға апаруы ықтимал. Сондықтан өзіңе мейірімді бол, жақын досыңмен сөйлескендей жұмсақ және кешірімпаз бол.

Мысалы, жарыңды қатты жақсы көрсең, ол табыс таппаса да, опасыздық жасаса да кешіресің. Балаң қателессе, түсіністікпен қарап, мейір-махаббатпен жылы сөз айтып жұбатасың. Дәл сол сияқты егер өзіңді де жақсы көрсең, жазғырмайтын, іштей мүжімейтін боласың. Олай болса, өз қателіктеріңді адами тәжірибенің бір бөлігі ретінде қарастыр. Қателескен кезде өзіңді кінәлаудың орнына, одан сабақ алып, алға жүр.

Тапсырма:

- Ішкі сыншың сөйлеген кезде, оны "жанашыр досым маған не дер еді?" деп ауыстыруды дағдыға айналдыр.

- Қателік жасаған кезде, өзіңе қатал сөйлегенде, тоқтап, мейірімді балама сөздерді ізде. Мысалы: Менің қателіктерім – үйрену мүмкіндігі.

- Өзіңе күнде жақсы тілектер айт.

Медитация:

1. Ыңғайлы орынға отырып, көздеріңді жұм.

2. Қолыңды жүрегіңе қой.

3. Өзіңе мейірімді, жылы сөздер айт.

4. Жылы, мейірім сезімін дене арқылы сезін.

5. Бұл сезімді күнде сезінуге әдеттен.


4. Дамуға назар аудар

Дамуға ұмтылу да өзіне көңіл мен уақыт бөлуден тұратын махаббаттың бір көрінісі. Өйткені дамуға назар аудару арқылы сіз кемшіліктеріңізді мәселе ретінде емес, дамыту аумағы ретінде қарастыра аласыз.

Сондай-ақ дамуға қадамы үздіксіз жасалғанда міндетті түрде нәтиже, өзгеріс болады. Ал бұл өзіңе деген махаббатты арттырады.

Тапсырма:

- Қазір дамыту қажет 3 салаңды анықта.

- Әр салаға арналған нақты қадамдарды жаз.

- Күнделікті кішкентай дамыту іс-әрекеттерін жүргіз.

- Дамуыңды қадағалап, кішкентай ілгерілеуді мақта.

Техника:

1. Кемшілікті байқаған кезде: "Мен мұны істей алмаймын" деудің орнына "Мен мұны үйренуім керек" деп айт.

2. Қиындық туындаған кезде: "Бұл мүмкін емес" деудің орнына "Бұл қиын, бірақ мен тәсілін табамын" деуге дағдылан.

3. Күнделікті дамуға бағытталған сұрақтарды қой: "Мен бүгін нені үйрендім?", "Ертең не дамыта аламын?"


5. Денсаулықты күт

Дұрыс тамақтану, ұйқы режимі, спорт немесе серуен – бұл өзіңе деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Мысалы, күніне 10 минут созылу жаттығуларын жаса немесе сүйікті тағамыңды дайында.

Басқалардың сенің уақытыңды немесе энергияңды шамадан тыс пайдалануына жол берме. Егер бір нәрсе немесе біреу сенің уақытыңды, энергияңды, жаұсы эмоцияңды ұрлайтын болса, оны шектей біл. Мысалы, шамадан тыс жұмысқа «жоқ» деп, өзіңе демалуға уақыт қалдыр.

Тапсырма:

- Әр күнді 300 мл жылы су ішумен баста.

- Зиянды тағамдардан және кешкі астан бас тарт.

- Күнде жақын маңдағы саябақта немесе аллеяда 30 минут жаяу жүр.

- Ерте жатып ерте тұр.

- Күніне 2-2.5 литр су іш.

Техника: Күнде ұйықтарда орында.

1. Басыңнан бастап аяқтарыңның ұшына дейін барлық дене бөліктеріне назар аударып сканерле.

3. Қысылған жерлерді тауып, оларды босат. Терең-терең тыныс ал.

4. Денеңе ризашылық білдір, алғыс айт.


Өзіңді неғұрлым жақсы көрсең, соғұрлым байлық пен бақытқа көп кенелетініңді байқайсың. Әйткенмен есте ұста: өзіңді жақсы көру – бұл процесс, нәтиже емес. Сондықтан өзіңді күнде жақсы көр, нендей жағдай болса да өз-өзіңді сүюді тоқтатпа.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Мынандай 6 адамнан қашық жүрген дұрыс

Жазда орындалуы тиіс 6 ЭКОТЕРАПИЯ түрі