Клиникаға жазылу Telegram арқылы үш күн бұрын жүргізіледі.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. ТikTok-та қазақстандық әйел Вьетнамда демалыс кезінде күйеуі екеуі тісін арзан бағаға қалай емдеткенін айтып берді, деп жазады stan.kz.
Оның айтуынша, жергілікті стоматологиядағы қызмет көрсету сапасы Қазақстандағы үздік жеке клиникалар деңгейінде болғанымен, бағасы бірнеше есе төмен болып шыққан.
Автордың айтуынша, олар Нячанг қаласындағы ең танымал стоматологиялардың бірі — Nha Khoa Dr. NGUYÊN (17 Thai Nguyên, Tân Tiên, Nha Trang) клиникасына барған.
"Күйеуімнің барлық тістерін демалыс кезінде емдетіп, аз қаржы жұмсадық", - деп жазды ол.
Күйеуіне 3 мың теңгеге рентген жасалғаннан кейін 10-нан астам кариес анықталған. Емдеуге небәрі 60 мың теңге кеткен.
Автордың айтуынша, клиникада ем құны 200 мың теңгеден асса, 5% жеңілдік беріледі. Ал күту залында келушілерге тегін банан, снэк, су және апельсин шырыны ұсынылады.
Клиниканың кіреберісінде күзетші келушілерді күлімсіреп қарсы алып, бахила киюге көмектеседі. Ішінде мінсіз тазалық, заманауи жабдықтар және қабырғаларда көптеген сертификаттар ілінген.
"Күйеуім тісін емдетіп жатқанда мен тегін массаж орындығында демалдым. Барлығы стерильді, қызметкерлер сыпайы, ал дәрігерлер ағылшын тілінде сөйлейді, кейбірі орыс тілін де біледі", - дейді қазақстандық әйел.
Клиникаға жазылу Telegram арқылы үш күн бұрын жүргізіледі. Мұнда пломбалау, винир, тәж орнату, ортодонтия және хирургиялық ем сияқты барлық стоматологиялық қызмет түрлері көрсетіледі.
Тіс емдеу бағасы тураоы жазба желіде қызу талқыланды. Пікір қалдырғандар оны Қазақстандағы бағамен салыстырған.
"Оралда 17 тісті емдеу үшін 427 мың теңге жұмсадым", "Алматыда бір пломба – 60 мыңнан басталады", "Астанада 120 мың теңгеге пломба қойғыздым", "Бір қаралуға 70-80 мыңнан аз қалдырған емеспін, бір қаралымда екі тістен артық емдемейді" деп жазды желі қолданушылары.
Автордың айтуынша, Қазақстанда бір пломба кемі 20 мың теңге тұрады.
Бейнеролик соңында ол Вьетнамға баруды жоспарлағандарға осы клиниканы ұсынды.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
