"Күйеуім тиын санап жүр": жас келін қайынатасының үйінен қуып жатқанын айтты

0
300

"Өз баласына адам осылай айта ма?"


Сурет: i.pinimg.com

"Біреумен бөліспесем ішіме сыймады... Осындай қиындықта көмектесіп, қолдаудың орнына «Кет» деген сөзді есту қандай ер-азамат үшін болса да ауыр деп ойлаймын. Атамның отбасы, бала, келін, немере – ештеңені керек етпегені ме?" деп реніш білдірген келіншектен ERNUR.KZ тілшісі мән-жайын басынан баяндауды сұраған еді.


"Үйленбей тұрып Алматыда жүргенбіз. Үйленгесін «Бір-екі жыл ауылда, қолда тұрасыңдар» деп шақырды. Ауылда енді екеумізде де жұмыс жоқ. Менің аяғым ауырлап, босанып алдым. Балам әлі жасына толған жоқ. Күйеуіме де тұрақты жұмыс табылмай жатыр. Әйтеуір жазда құрылыс жұмыстарын жасап, тапқанын әкеп беретін атамызға. Қыста қолы бос. Қалаға кетейік десе өздері «Тағы бірер жыл жүре тұрыңдар. Келін біздің отбасыға сіңсін, немереміз ата-апасын танымай қалады» деп жібермей жүрген.

Екеуміз де жұмыс істемегесін тиын санап қалдық. Ата-енемнен сұрай беруге ұяламыз. Содан ойлана келе кішкене ақшаның басын құрап, атамыздан бір миллиондай қарызға ақша алып көлік алған көктемде. Қазір сонымен такси болып жүр.

Енді атам аяқасты сол ақшасын сұрап жатыр. Өз баласының үйленгелі үйінде жүргенін, тұрақты жұмысы жоғын – бәрін біліп отыр ғой. Осыған дейін жібермеген өздері. Енді келіп «Қайдан тапсаң оннан тап. Күндіз-түні көлігің тоқтап жатқан жоқ қой, бірақ маған аз ақша бересің. Тапқаныңды тығып жинап жатсың. Қатын-балаңды жина да, қалаға кет. Жұмыс істе, айдың соңына дейін ақшамды қайтар» деп отыр. Өз баласына адам осылай айта ма?

Енді күйеуім басы қатып отыр. Шүкір, көлік алғалы бұйырған табысын тауып жатыр. Бірақ бір айда миллион емес қой енді.

Түсінбеймін, қалаға кетсек, пәтер табуымыз керек, оның ақысы бар. Дайын тұрған жұмыс қайдан болсын? Біз кетпейміз, өмір бойы асыраңдар деп отырған жоқпыз, әрине. Бірақ онда барып жайғасу, жұмыс тауып, аяққа тұру үшін де біраз уақыт керек емес пе? Осыны қалай ойламайды?"