Күз-қыс 2025–2026 маусымындағы сәнді әрі күнделікті өмірде оңай қайталауға болатын бес түрлі сәнді бейнеге назар аударайық.
фото:Pinterest
Күз келгенде ауа райы бұлтты, жаңбырлы болып, көңіл-күй төмендеп, киім таңдауда да шабыт азаяды.
Бірақ сәнге жаны жақын қыздар үнемі жаңа трендтерді бақылап, батыл образдарымен шабыттандырады. Осындай кезде сән көрсетілімдерінен де идея алуға болады.
Бір қарағанда, подиумдағы образдарды қайталау қиын көрінуі мүмкін: кей киімдер тым ерекше, түстері ашық, үйлесімдері батыл. Алайда оларда күнделікті өмірге бейімдеуге болатын қарапайым, әсерлі шешімдер көп. Міне, осы күзде киім стиліңді жаңартуға көмектесетін бес жеңіл комбинация.
1. Кең балақты джинс шалбар және бохо стиліндегі жейде
Кең балақты джинс шалбар соңғы маусымдарда сән әлемінде өз орнын берік иеленіп, осы күзде де өзектілігін жоғалтпайды. Әйелге тән нәзік әрі ретро әсер беретін бұл үлгі кең жемпірмен де, бохо стиліндегі жейдемен де тамаша үйлеседі. Chloé сән үйі дәл осы екінші нұсқаны таңдаған. Мұндай образды жасау үшін қою көк түсті кең балақты джинс пен шілтермен көмкерілген жібектей бохо жейдені кию жеткілікті. Образды ұзын иықты пәлте немесе күдері бомбер, балеринкалар, жұмсақ пішінді сөмке және алтын түсті белдік не алқа толықтырады.
2. Белінде белдігі бар костюм
Костюм - әр әйелдің гардеробындағы мәңгілік классика. Ол кеңсе стиліне де, кешкі киімге де жарайды. Ralph Lauren бұл жолы қарапайым, бірақ әсерлі шешім ұсынады: қоңыр түсті костюм мен қара топ. Қалың былғары белдікпен белді айқындап, сүйір тұмсық етіктер мен үйлесімді сөмкемен толықтырады. Ал күміс сырғалар образға жарықтық қосады.
3. Орта ұзындықтағы белдемше және oversize жемпір
Көпшілігіміздің гардеробымызда кең, жайлы жемпір бар, бірақ оны қалай сәнді ету керектігін біле бермейміз. Шешімі қарапайым - оны ерекше белдемшемен үйлестіру. Былғарыдан, кестелі немесе жылтырақ элементтері бар белдемше бірден әсемдік қосады. Fendi көрсетілімінде терең V-пішінді свитер жұқа белдікпен толықтырылып, жылтыраған миди-белдемшемен және туфлимен үйлестірілді. Нәтижесінде - күндізгі және кешкі кедесулерге жарайтын жарқыраған образ.

фото: tr.pinterest.com
4. Леггинс пен ұзын етік
Бір кездері сәннен шыққан леггинс қайта оралды және осы күзде әйелдер гардеробының негізгі бөлігіне айналды. Burberry оны ат үсті стилінде ұсынады: сұр леггинс, қара ұзын етік және қою жасыл жылтыр қысқа жакет. Образды түрлі түсті орамал мен шағын сәнді сөмке толықтыруға болады.
5. Трикотаж көйлек пен қысқа етік
Жұмсақ, жылы әрі талғамды трикотаж көйлек - күздің мінсіз шешімі. Chanel ұсынған нұсқада ол қысқа, ұзын жеңді және үлкен ақ бантикпен безендірілген. Мұндай образға үлкен клатч немесе иықтан асатын шағын сөмке мен төмен өкшелі етік мінсіз жарасады.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:


