Негізгі мәселе – оның орнына қандай жүйе ұсынылатынында
фото: ЖИ
Бірнеше күннен бері көп талқыланып жатқан жаңалықтардың бірі – бастауыш сыныптарда БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) мен ТЖБ-ны (тоқсандық жиынтық бағалау) алып тастау. Мәселе дәл қазір министрлік қабырғасында қарастырылып, жан-жақты талданып жатыр. Оқу-ағарту министрі түпкілікті шешім Тамыз кеңесінде жариялануы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар мұндай өзгеріске ата-аналардың шағымдары, БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының сатылуы және халықаралық тәжірибе негіз болып отырғанын мәлімдеді.
БЖБ мен ТЖБ-ның негізгі мақсаты – оқушыны өзге балалармен емес, нақты оқу мақсаттарымен салыстыра отырып бағалау. Яғни мұғалім баға қойып қана қоймай, оқушының қай дағдыны меңгергенін, қай тұста қиналып жүргенін көрсетуге тиіс еді. Алайда оны іске асыруда бірқатар мәселелер туындады.
Бұл шешім қабылданса, білім беру жүйесіне әсері қандай болуы мүмкін? Оңы мен терісін мұғалім көзімен таразылайық.
МҰҒАЛІМ КӨЗІМЕН: Қандай артықшылықтар болуы мүмкін?
- Мұғалім, ең алдымен уақыт ұтады. Қағазбастылығы азаяды. Бір сыныпта 30 бала бар делік. Олардың БЖБ, ТЖБ тапсырмасын құрастыру (дескриптор жазу), оны басып шығару, 30 жұмысты тексеру, әр балаға жеке рубрика (кері байланыс) толтыру, оны «Күнделік.кз» енгізу – бір пәннен кемінде 4-5 сағат уақытты алады. Бір мұғалім бірнеше пәннен (бастауыш сыныптарда) немесе бірнеше сыныпқа сабақ беруі мүмкін екенін ескеру керек. Егер бұл рәсім жеңілдетілсе, мұғалім айына ондаған сағат бос жұмыстан құтылады. Сол уақытты баламен жеке жұмыс істеуге, шығармашылыққа жұмсай алады
- Оқушылардың психологиялық жүктемесі төмендейді. 6–10 жас аралығындағы балалар үшін тоқсан сайынғы жиынтық бағалау үлкен күйзеліске айналатынын психологтар да айтып келеді. Бұл жаста оқу үрдісіне қызығушылықты сақтау баға қоюдан әлдеқайда маңызды.
- Ата-ананың шамадан тыс араласуы азаюы мүмкін. Министрліктің мәліметінше, БЖБ мен ТЖБ кезінде көптеген тапсырманы ата-аналар орындап беретін жағдайлар кездеседі. Мұндай кезде бағалау оқушының емес, отбасының мүмкіндігін көрсетеді.
- Дайын жауаптарды сату мәселесі азаюы ықтимал. Бүгінде БЖБ мен ТЖБ оқушы білімінің өлшемі болудан қалды. Соңғы жылдары интернетте БЖБ мен ТЖБ жауаптарын сататын парақшалар көбейді. Telegram мен Instagram-да да дайын жауаптар толып тұр. Бұл бағалаудың әділдігіне күмән туғызатыны заңдылық.
МҰҒАЛІМ КӨЗІМЕН: Кемшілігі де жоқ емес...
- Мұғалімге ортақ өлшем жетіспеуі мүмкін. БЖБ мен ТЖБ белгілі бір деңгейде барлық мектепке ортақ талап қалыптастырып тұрды. Егер олар алынса, әр мұғалімнің бағалау тәсілі әртүрлі болуы ықтимал. Бұл мектептер арасындағы айырмашылықты күшейтуі мүмкін.
- Білім сапасын ұлттық деңгейде салыстыру қиындауы мүмкін. Ортақ бағалау құралдары белгілі бір деңгейде өңірлер арасындағы айырмашылықты бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан олардан толық бас тарту үшін басқа сенімді мониторинг жүйесі қажет.
- Егер министрлік «Күнделік.кз» күн сайын 10 баллдық жүйемен баға қоюды міндеттеп қалдырса, мұғалімдер күнделікті «балл соғысына» тап болады. Бұрын ата-аналар тоқсанына бір рет ТЖБ үшін мектепке келсе, енді күн сайын «Менің балама неге мұндай балл қойдыңыз?» деп мұғалімнің мазасын алуы мүмкін. Яғни, бағалаудың нақты критерийі (БЖБ/ТЖБ парағы) болмаса, мұғалім ата-ана алдында өз бағасының әділдігін дәлелдей алмай, «субъективизм» айыбына қалуы ықтимал
- Оқушы біліміндегі олқылықты анықтау қиындайды. Жиынтық бағалау белгілі бір бөлім немесе тоқсан аяқталғаннан кейін оқушының нақты қай тұста қиналғанын көруге мүмкіндік береді. Егер оның орнына тиімді балама ұсынылмаса, мұндай диагностикалық мүмкіндік әлсіреуі мүмкін.
- Мұғалімнің жауапкершілігі артады. Жиынтық бағалау болмаған жағдайда мұғалім күнделікті қалыптастырушы бағалауға көбірек сүйенеді. Бұл бағалаудың әділдігі мен ашықтығына қойылатын талапты күшейтеді.
Халықаралық тәжірибе не дейді?
Министрлік критериалды бағалау жүйесі қолданылатын көптеген елдерде бастауыш сыныптарда дәл Қазақстандағыдай жиынтық бағалау өткізілмейтінін айтты. Расында, бірқатар мемлекетте бастауыш мектепте оқушының жетістігі көбіне мұғалімнің күнделікті бақылауы, портфолиосы, жобалық жұмыстары және ата-анамен кері байланыс арқылы бағаланады.
Алайда бұл елдердің ешқайсысы бағалаудан толық бас тартқан жоқ. Олар тек бағалау тәсілін баланың жас ерекшелігіне бейімдеген.
Орнына не келеді?
Мәселенің түйіні БЖБ мен ТЖБ-ның алынуында емес. Негізгі мәселе – оның орнына қандай жүйе ұсынылатынында.
Егер жаңа модель:
- мұғалімнің жұмысын жеңілдетсе;
- оқушының білімін объективті бағаласа;
- ата-аналарға түсінікті болса;
- цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланса -
онда өзгеріс өзін ақтауы мүмкін.
Егер тек БЖБ мен ТЖБ алынып, орнына нақты бағалау тетігі ұсынылмаса, білім сапасын бақылауда жаңа қиындықтар туындауы ықтимал.
Кез келген реформа бұрынғы жүйені алып тастаумен емес, одан да тиімді әрі әділ баламаны ұсынумен бағаланады. Егер жаңа бағалау моделі баланың оқу мотивациясын сақтап, мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын нақты көрсете алса, бұл өзгеріс қазақстандық мектеп үшін маңызды қадамға айналуы мүмкін.
Мұғалімге керегі – баға қоюдың барынша қарапайым, ашық және цифрландырылған форматы. Сонда ғана қағаз толтырудан қолы ажырап, негізгі миссиясына – бала оқытуға қайта оралады.
А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


